Жадыраған жаз өтіп, қылышын сүйреткен қыс маусымы жақындаған сайын қарапайым жұртшылық қыстан қысылмай шығу жайын ойлай бастайды. Қаламызда газдандыру жұмыстарының 100%-ға аяқталғаны туралы талай жерде айтылып жүр.
Осы ретте жалпы, қала бойынша жылу беру маусымына дайындықтың қай деңгейде екенін білмекке «Жылу» КММ директоры Ерғазы Рысбековке хабарласып, жылу маусымына дайындық барысымен танысқан едік. Ерғазы мырзаның айтуынша, кәсіпорын 2022 жылдың сәуір – мамыр айларында сенімгерлік құқығымен басқарудағы барлық қазандықтар мен жылу жүйелерін қысымдау және шаю сияқты тиісті жұмыстарын жүргізді. Анықталған ақаулар биыл маусым айында толығымен қалпына келтірілді.
Ал, жылудың қашан қосылатынын сұрағанымызда, «негізі Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысына сай Қазақстан Республикасы Құрылыс Нормасымен бекітілген қараша айының 1-інен немесе сыртқы ауа температурасы қатарынан 3 күн +8 С -тан төмен болған жағдайда жылуды қосуға болады» дей келе, «Биылғы жылу беру маусымында 10 қазандыққа жалғанған нысандар жылу энергиясымен қамтамасыз етілетінін, атап өтсек, олар Орталық қазандық І және ІІ мөлтекауданындағы барлық көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік және кәсіптік нысандар, №2 қазандық бөлімшесі Отырар мөлтек ауданындағы 12 көпқабатты тұрғын үй, №3 қазандық бөлімшесі Отырар мөлтек ауданындағы 26 көпқабатты тұрғын үй, №4 қазандық бөлімшесі Мәдени рухани орталығындағы 11 нысан көпқабатты тұрғын үй, №6 қазандық бөлімшесі Әкімшілік іскерлік орталығындағы 13 көпқабатты тұрғын үй, №7 қазандық бөлімшесі Әкімшілік іскерлік орталығындағы 6 көпқабатты тұрғын үй, №8 қазандық бөлімшесі Әкімшілік іскерлік орталығындағы 4 көпқабатты тұрғын үй, №9 қазандық бөлімшесі Әкімшілік іскерлік орталығындағы 9 көпқабатты тұрғын үй, №10 қазандық бөлімшесі Әкімшілік іскерлік орталығындағы 7 көпқабатты тұрғын үй аталмыш жылу энергиясымен жылытылатынын айтады. Сонымен бірге кәсіпорында жылу беру маусымында 146 штат бірлігімен жұмыс атқаратынын, 2022-2023 жылғы жылу беру маусымында олар бекітілген ереже мен нормативтерге сәйкес үздіксіз жұмыс істеп, қысқы маусымға толық дайын екенін атап өтті.
Ал, Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Ерсейіт Бұхарбаев мырзаның мәлімдеуінше, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымын бастауға қараша-желтоқсан айларына табиғи газ отынын төлеуге қаржы қажет екенін атап өтті. Бюджет есебінен 324,0 млн тг қаржыландырылса, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына уақытылы қосылар еді дейді. Сондай-ақ, тұрғын үй инспекциясы және тұрғын үй қатынастары бөлімі мен ПИК-пен (КСК) бірлесіп, 2022-2023 жж. жылу маусымы басталғанға дейін шаю, қысымдау жұмыстары аяқталып, тұрғындарға пәтер ішіндегі апаттық жағдайлардың алдын алу мен болдырмау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айта келе, Түркістан қаласындағы табиғи газға қосылмаған жекеменшік тұрғын үйлерді көмірмен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. «Жыл сайын ауа райы суытқан кезде көршілес аудандарда (Сауран, Кентау, Отырар) көмірге деген сұраныс артып, халық арасында көмір бағасының өсуі мен жетіспеушілігіне байланысты қарбалас туындайды. Тұрғындардың шағымы көбейеді. Себебі, қалаға жақын орналасқан ауылдар өздеріне қажетті көмірді қаладан тасымалдайды. Мұны болдырмау мақсатында кәсіпкерлік бөлімі және көмір жеткізуші операторлармен көмірдің бағасын өсірмеу және тұрақтандыру бойынша меморандум түзілетінін, көмірге сұраныс артқан жағдайда апта сайын бағаға мониторинг жүргізіп және тұрғындардың көмірге деген сұранысын қанағаттандырып, бағаны тұрақтандырса халықтың наразылығы тумас еді, дейді басшы.
Басшылар жылуға толық дайынбыз деп арқаны кеңге салып отырғанымен, қалада әлі де газ кіргізбей, отын-көмір түсіру қамымен жүрген отбасылар да жетерлік. «Мұның басты себебі әрине қаржыға тіреледі. Пеш жағып, күл шығарудың машақатынан құтылғың-ақ келеді, бірақ газды үйге кіргізу, оның құбырлары, батареялары, үлкен пеші, ақысы бар дегендей, мұны қалта көтермейді», — дейді Ө.Сәуірбаев көшесінің Жұлдыз есімді тұрғыны. Сондай-ақ, Тәуке хан даңғылының Қали есімді тұрғынын сөзге тартқанымызда, ол тиісті құжаттарды (техникалық шарт, ИТД, дербес шот ашу т.б) рәсімдей алмауына байланысты әліге дейін газ жүргізе алмай отырғанын айтып қынжылады. Құжаттарын рәсімдеу де оңай емес. Дәл осындай құжат мәселесіне байланысты, көршісі сұрастыра жүріп жолдарын тауып кіргізгенімен, негізгі оператор «ҚазТрансГазАймақ» АҚ үйіне келіп тексергенде, мұның заңсыз жолмен кіргізілгенін бір-ақ біліп, сан соғып қалғанын, оған қоса айыппұлы да аз емес екенін, сондықтан әзірге газ кіргізуге тартынып отырғанын жеткізді. Иә, биыл ерте күн суытуына байланысты, пәтердің жылымай жатқаны рас. Бұл жайында «Самалдағы» университет қызметкерлері тұратын тұрғын үйдің Гүлмира есімді тұрғыны «Биыл ертерек салқын түсті ме, қыс жақын ба, білмейміз, әйтеуір үйіміз қазірден суып кетті. Кешкісін жұмыстан келгенімізде жаурап-жасынап отырған жайымыз бар. Жылуды 1 қарашадан бастап қосатын болса, оған дейін әсіресе, жас баласы бар отбасыларға қиын соға ма дейміз. Жалпы, ірі орталық қалаларда 15 қазаннан бастап қосады емес пе, жылуды?» деген назын білдірді.
Сала бойынша жұмыс жасалып жатқанымен, олқылықтар бар секілді. Міне, осындай қай салада болмасын ұсақ-түйек көрінгенімен, тұрғындардың көңілін көншітпейтін жайттар да кездеседі. Дегенмен, атқарушы билік бар, халық қалаулылары , осы салада жүрген мамандар бар – халықтың түсінбей жатқан түйткілді мәселелерінің түйіні шешілуіне жанашырлықпен кіріссе дейміз. Қанша дегенмен, халық бекер шырылдамайды ғой.
PS: Бет қатталып жатқанда жылу мекемесі қалада жылу жүйесі қосылғанын хабарлады.
Н.ҒАЙБУЛЛАҚЫЗЫ.