«ТҮРКІСТАНЫМ – ТҰРАНЫМ» АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

«Ұлы дала елі» орталығында ақын Сырбай Мәуленовтың 100 жылдығына орай «Түркістаным – Тұраным» қалалық ақындар айтысы өтті. Түркістан қалалық әкімдігінің қолдауымен, Түркістан қалалық «Мәдениет үйінің» ұйымдастыруымен өткен жыр додасына 10 айтыскер ақын 5 жұпты құрап қатысты.
Жас ақындардың өнерін бағалап, әділ төрелігін танытар қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Профессор Құлбек Ергөбек зияткерлік бастауыш мектебінің» құрылтайшыларының бірі – Баян Адырбек, айтыскер ақын, «Өнер» мектебінің директоры Тұрар Тлеулиев болды.
Дүбірлі айтыста ақындар Сырбай Мәуленовтың 100 жылдығын тақырыпқа арқау етіп, жырдан шашу шашты. Бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарды.
Айтыс нәтижесі бойынша Бас жүлдені «Өнер» мектебінің қатысушысы Мейіржан Жарылқап еншілесе, І орынды Шахмардан Бекарасұлы жеңіп алды. Ал ІІ орынды Исламхан Мұхаметхан иеленсе, ІІІ орынды Ерсайын Диханбай қанжығасына байлады. Жас айтыскерлерге қаржылай сыйақы мен сертификаттар, қала әкімінің Дипломы табыс етілді.
Айтыстың марапаттау рәсімінде Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры Лиза Төлегенқызы сөз алып, жас ақындардың шығармашылығын шыңдап, рухани шаһар Түркістанды жырға қосатын жас ақындарды әрдайым қолдау керектігін айтты.

Тарихтың тамырына қан жүгіртіп қарар болсақ, Түркістан атауы ерте кезеңдерге бастап барады. Мұрағат іздері сонау Қытай қорғанынан Каспийге, Орал тауынан Ауғанстанға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты Түркістан деп атағанына куәлік етеді. Түркістан жалпы, Орталық Азияда дәуірлеу дәуірімен бірге көтеріліп келе жатқан атау. Бұрын Тұран деп те аталған түркілер елі Түркістан – негізінен мұсылман-түркі өркениетінің де бесігі саналады.

Кейін осы қасиетті атауды көшпелілер сана­сы­нан өшіру кезең-кезеңімен іске асыры­ла бастады. Түркістан ұғымын саяси шек­т­еу мақсатында Түркістан генерал губер­наторлығы құрылды. Сол тұста тарихи Яссы қаласы да бірте-бірте Түркістанға айналып кетті. Қаласының атауы әуелден «Әзірет Сұлтан, пир-і Түркістан» деп, Қожа Ахмет Ясауиды меңзеп айтылатын. Кейін ол «әзірет» деген діни сөзден жалаңа­ш­танып, Түркістан атауы қала берді. Шындап келгенде, бір жағы қате де емес. Себебі Түркістан идеясының рухани діңгегі Әзірет Сұлтан – Қожа Ахмет Ясауи екені де анық.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл ұғым қайта жаңғыра бастады. Елбасы­мыз Түркістанды түлету үшін көптеген ауқымды шаралар атқарды. Түркістанда күллі түркі жұртына ортақ Қ.А.Ясауи атындағы университет ашылуы да тарихи санамызға сілкініс әрі серпіліс берген болатын. Түркістан ұғымын дамыту үшін Президент Н.Назарбаевтың  Орталық Азия идеясын ұсынғаны да белгілі. Қазірет қонған қасиетті Түркістан еліміздің рухани астанасы ғана емес, ол – түгел түркі ту тіккен Тұран жұртының да қастерлі атауы екенін айттық. Сондықтан байырғы атауын жаңғыртып, Орталық Азияны да рухани-мәдени тұрғыдан Түркістан деп айтуымыз керек шығар.

Осы орайда биыл наурыз айында бауырлас мемлекеттердің басшылары Астана төрінде қайта бас қосуының да негізінде Мағжан жырлаған ұлы ұғымның жатқаны анық. Міне, бүгін сол игі істердің жалғасы есебінде, облыс атауымен бірге Түркістан қайта түлеп, атаудың аясы кеңіп, қастерлі ұғым Ұлы Далада ту көтерді. Ол кешегі Алаш арыс­тарының ұлы мұраттарының қайта жаңғыруы, рухани серпілісі болатын.

Ежелден ел билеген игі жақсылар мен ғұлама-ғалымдардың құтты ордасы болған қастерлі қарашаңырақ, бүгінде елбасылар бас қосып, кеңес құратын, түркі әлемін түгендейтін іргелі орталыққа айналып келеді. Бұл тұрғыдан келгенде Түркістан қаласы түркі жұртына темірқазық мекен болған тұтас Түркістанның да тұтқасы болып саналады. Қарашаңырақ Қазақстан – түркі әлемінің іргелі орталығына айналып отыр. Енді қайта түлеген Түркістан арқылы тарихи бір тамырлас жұрттар арасында еліміздің тұғыры тағы да биіктей түседі деп сенеміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған