БАТЫР БАБА РУХЫНА ТАҒЗЫМ

 

Қазақтың ел болып қалыптасуы ата-бабаларымыздың ер жүрек батырлығы мен даналығының арқасы болар. Қилы замандарда жау шапқыншыларына тойтарыс беріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұлан ғайыр жерімізді қорғап, келер ұрпақтарына аманаттап кеткен батыр бабаларымыздың ерлігін қалай дәріптесек те жарасады.

Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қорық-мұражайы тарих қойнауынан сыр тартқан сонау бір алмағайып кезеңдердің көрінісі іспеттес. Кесененің қасына жақындап барсаң, өткен заманды елестетесін. Ал ішіне кірсең, мүлдем көне заманға енесің. Кесененің «Ақ сарай» бөлмесінде қазағымның хандары, би-сұлтандары, абыз-датқалары мен ержүрек батырлары мәңгілік тыныс тапқан.

Кесенеге келіп зиярат жасап жүргендердің қарасы көп. Бірі зәулім ғимарат пен әсем безендірілген айналаны тамашаласа, өзгелері ата-бабаларының рухтарына арнап Құран бағыштап отырады. Ал кейбір зияратқа келген ағайындарымыз, өздерінің батыр бабаларын электронды тақтайшадағы тізімінен тауып, міне біздің бабалар батыр болған, елімізді жаудан қорғаған деп, ұрпақтарына түсіндіріп, қуанып тұрғандарына куә болып жүрміз.

…Өткен аптада Ясауи кесенесіне Қазақстанның барлық қалаларынан және Өзбекстаннан «Шоқпар Қаңлы» руынан шыққан Есенбай батыр бабамыздан тараған ұрпақтары жиналды. Көптен көріспеген бауырларыммен қауышып, арқа-жарқа болып, өзгеше бір қуаныш сезіміне бөлендім. Алдымен кесене ішіне кіріп, сол қабырстанда жатқан хандар мен би-сұлтандарға, абыз-датқалар мен батырлардың рухтарына арнап Құран оқыттық. Одан соң, Түркістан қаласынан жеті шақырым жерде орналасқан Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылының Теке елді мекеніне жол тарттық. Ол жердегі Ас беру жиынымызды, ақ дастарқан жайып, дүйім жұрттың басын қосып Мәкәлім молданың Құран оқуымен бастадық. Әрі қарай бірқатар елге-халқына еңбегі сіңген игі-жақсыларымыз сөз алды. Атап айтар болсақ: «Парасат» орденінің иегері, Түркістан облысының Құрметті азаматы Қойшыбай Көлбайұлы, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Заманбекұлы, Шымкент қаласы «Қаңлы қауымдастығының» төрағасы Омар қажы, Түркістан қаласы және аумағы бойынша «Қаңлы қауымдастығының» төрағасы Қайрат Маханбетұлы, Өзбекстаннан келген қазақ ұлттық мәдени орталығының Ташкент облысы бөлімінің төрағасы Дамир Ергешұлы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, ел ағасы Баймахан Тоймаханұлы, Үшқайық ауылдық округінің әкімі Мұхтар Нұрхатұлы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Сәбит Шәріпбеков және Үшқайық ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Оңласбек Үсенханұлы ағаларымыз өздерінің жүрек жарды ниеттерін айтып, батыр бабамыз туралы тағлымды сөз сөйлеп, сыр шертті. Жиында түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар да өткізіліп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Жиынның басты мақсаты – батыр бабамыздың ерліктерін жастарға насихаттап, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Есенбай батыр туралы түрлі тарихи кітаптар мен шежірелерден оның Түркістан өңірінде жасаған ерліктері туралы мәлімет алуға болады. Мысалы, белгілі, ғалым Әбубәкір Диваевтың деректерінде: «Қаңлы руының ішіндегі Шоқпардан шыққан Есенбай батыр 1772 жылы Ташкент қаласы аумағында дүниеге келген. Он сегіз жасында батыр атанып, Ташкент қаласының билеушісі Жүніс қожаның әскербасшысы болған», делінген. Есенбай батыр сол кездегі Ташкент билеушісінің ұлымен шекісіп, оны сойылмен ұрып өлтіріп қояды. Қуғынға ұшыраған Есенбай батыр, өзінің ауылын көшіріп Маңғыстау өңіріне қоныс аударады. Екі жылдай онда тұрып, жағдайлары болмаған соң Қызылорда облысы, Тереңөзекке көшіп келеді. 1814 жылы Қоқан хандығы Түркістанды бұхарлықтардан жаулап, тартып алған соң, Есенбай батырды қайта шақырады. Батыр өзімен бірге інісі Жалаңтөс батырмен Түркістанға келеді. Мұнда ол Ту ұстаушы бас батыр болып, Түркістанды қаптаған қалың жаудан қорғайды. Сол кезде көшіп келген қаңлыларға қоқандық Түркістан билеушісі Құдияр хан батырдан жасқанып өзінің қыстауын берген деседі. Ал, тарихшы Әбуәли Хайдар «Қаңлы» тарихи шежіре кітабының 376-бетінде «қазіргі Отырар ауданына қарасты Балтакөл аймағында Ақкөл ауылын, Алақұс жерін мекендеуге рұқсат бергенін айтады. Сол ауыл Сырдарияның солтүстік беті, Қызылқұмның бірнеше құдықтарын иемденген. Сондай-ақ бұл ауыл өсе келе бұрынғы Түркістан ауданының Үшқайық әкімшілігіне қарасты Теке, Буденный аймағы, қазіргі Жалаңтөс ауылы және Кентау қаласындағы Байылдыр, Хантағы жерін алып жатты», — деп деректер келтірген.

1844 жылы Есенбай батыр қаза болып, сүйегі Әзірет Сұлтан қорымына жерленеді. Мазарының басына «Есенбай батыр — Шоқпар» деген жазуы бар көктас қойылған. Есенбай батыр қайтыс болған соң, оның орнына Ту ұстаушы бас батыр болып баласы Айдарбек отырады. Оған сол кездегі Түркістан билеушісі, Айдарбек батырға қазіргі таудағы Байылдыр, Хантағы өзен бойларын сыйға тартқан. Оған дәлел ретінде Хантағы өзенінің бойындағы Айдарбек қорғаны тұр. Ол жерді осы күнге дейін Хантағы жұрты «Айдарбек» қорғаны деп атайды.

Есенбай батырдың тоғыз ұлы болған. Біз осы тоғыз ұлдан тараған ұрпақтармыз. Биыл бабамыздың туғанына 250 жыл болды. Осындай кең байтақ. Тәуелсіздіктен бері, жаулармен шайқасып, елін-жерін қорғаған батырларымыздың ерліктерін дәріптеп, өткен тарихымызға бетбұрдық. Бұл әлбетте бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды. Бүгінде батыр бабамыздың ұрпақтары Қазақстаның түкпір-түкпірінде қоныстанып, тіршілік кешуде. Біз Қаңлы Есенбай батырдың ұрпақтары, Асқа келіп, бізбен бірге болған жұртшылыққа алғысымызды білдіреміз.

Берік НАУРЫЗОВ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *