25 ҚАЗАН – ТАРИХИ МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАН КҮН

Республика күнінің маңызы әркімнің сана биігі, жүрек түкпірінде сақталуы тиіс. Тарих парағында маңызды құжатқа қол қойылып, ел егемендігіне жасалған қадамның мәнін арттырған Республика күні – биыл ұлттық мереке есебінде 13 жылдан кейін алғаш рет тойланбақ. Мемлекет басшысы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бұл ұсынысын халық қалаулылары   қолдап, оны қайтадан мемлекеттік мереке етіп бекітті.

Тәуелсіз ел, республика болу жолындағы бабаларымыздың, аға-әпкелеріміздің қайсарлығы, ерен еңбектерін ескеру осы Республика күнінде тағы бір мәрте еске алынып, еленеді деп ойлаймын. Республика күнінің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде тойлануы – халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлаған оң шешім. Әуелі қоғамның патриоттық сезімін арттыруға сеп болары анық. Рухани құндылығымызды, қазақы қайсар рухымызды, бай тарихымызды, бабадан қалған даланың мұрагері ретінде алты алашты әлемге таныту арқылы осы тарихи күннің біз үшін қасиеттілігін аша білуіміз, көрсете алуымыз қажет. Сол себепті бұл күннің қажеттілігі мемлекетіміз үшін зор деп санаймын.

Бұл мереке — еліміздің Тәуелсіздік алуы үшін зор үлес қосқан күн. Ұлттық батырларымызға тағзым етіп, өскелең ұрпаққа ұлы дала елін сүюге, құрметтеп-қастерлеуге бағыттайтын мереке. Өз елінің тарихын білуге, туған еліне деген сүйіспеншілікті, елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдерінің достығы мен ынтымағын көрсететін мереке.

Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. Дәл осы күні 25-қазанда қазақ елі декларация жариялап, мемлекеттің тәуелсіздігін айқындады. Бұл – қазақ елі тәуелсіз мемлекет ретінде танылған алғашқы оқиға. Тәуелсіздігіміздің кірпіші қаланған бұл күнді мерейлі мереке ретінде атап өту  қазақ халқының қуанышы деп білем.

Республика күніне орай Түркістан облысында да бірқатар салтанатты жиындар өтеді. Қазірдің өзінде Түркістан облысында республика күніне орай 1200-ден астам маңызды іс-шаралар өз деңгейінде өтуде. Республика күнін атап өтуде елдік пен бірлікті дәріптейтін қайырымдылық шараларға, экологиялық және патриоттық акцияларға басымдық беріліп жатыр.

Сондай-ақ, мерекенің мән-маңызын айшықтау бағытында салтанатты жиындар, концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылымдар, дөңгелек үстел, кітапхана көрмелері мен музейлерде экскурсия, спорттық шараларда өткізілуде.

Тарихқа шолу жасайтын болсақ, 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.

Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланған болатын. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Республика күнінің мәртебесі қалай қайтарылды дегенге келер болсақ, 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн деп санады.

«Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.

Осылайша мерейлі мерекеміз қайта оралды. Бұл күнді барша қазақ елі асыға күтуде. Республика күні әрбір отбасыда аталып өтіп, бұл мерекенің маңыздылығын кішкентай бүлдіршіндерге ата-ана айтып, түсіндіру керек. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын шараның тарихы мен мәнін толықтай түсіндіру біздің басты міндетіміз болып саналады.

Республика күнін қайтару – зор мәнге ие. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек. Бұл өте маңызды тарихи шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шын мәнінде осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді ұлттық мереке ретінде бекіту — мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан алғанда маңызды қадам.

Назгул Уалиханова, N31 бастауыш мектеп-балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *