МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАШЫСЫ-ҮЛКЕН СҰРАНЫСҚА ИЕ

Қазіргі таңда елімізде өте сұранысқа ие мамандықтың бірі – компьютерлік бағдарламашылар. Олар бірнеше халықаралық тілдерді меңгеріп, біліктілігін шыңдай түссе, әлемге танымал концерндер мен ірі компанияларды тұрақты қызмет атқара алады. Біз Түркістан қаласы Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицей коммуналдық мемлекеттік мекемесінің информатика пәнінің мұғалімі Тасыбаев Жандос Есенбекұлына жолығып, ғылым магистрі, педагог-сарапшы екендігін сұрап білдік.

Жандос Есенбекұлы 1982 жылдың 25 ақпанда Түркістан қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Есептеу техникасы және автоматтандырылған жүйелерді бағдарламалармен қамтамасыздандыру мамандығына түсіп, білім ордасын 2004 жылы тәмамдаған. 2013 жылы Информатика мамандығына түсіп, 2015 жылы Информатика магистрі дәрежесін алған. 2019-2021жылдары Шымкент университетінде информатика пәнінің мұғалімі мамандығын аяқтады.

– Еңбек жолымды 2004 жылы Қазақ-Өзбек Инженерлік Гуманитарлық университетінде «Математика және информатика» кафедрасында оқытушы болып бастадым. 2005 жылы Қазақстан Халықтар Достығы университетінің «Математика және информатика» кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы қызметін атқардым. 2006 жылы Қазақ-Ресей университетінде «Информатика» кафедрасында оқытушы болдым. 2006-2013 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, «Бағдарламалармен қамтамасыздандыру» кафедрасында оқытушы қызметін атқардым. 2013-2016жылдары «Компьютерлік инженерия» кафедрасында оқытушы, 2016-2020 жылдары «Өлшеу және бағалау» бөлімінің жетекші маманы, әдіскері, сектор меңгерушісі болып қызметтерін атқардым, – дейді Жандос Есенбекұлы.

Осы жылдар аралығында университет президентінен бірнеше Алғыс хатпен марапатталған. 2020 жылдан бері қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейінде қызмет етеді. Жоғары білікті маман Жандос Есенбекұлы өз саласының білікті маманы болып қана қоймай, қашанда біліктілігін көтеріп, түрлі сайыстар мен байқауларға қатысып келеді. Ол 2016 жылы «Жаңа формацияда кәсіптік білім берудің өзекті мәселелері» атты IV-дәстүрлі Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында жасаған баяндамасы үшін сертификатқа ие болды. Осы жылы Алматы қаласында өткен Жоғары оқу орны студенттері арасындағы VІІІ Республикалық пәндік олимпиаданың ІІ кезеңіне қатысушыларды даярлағаны үшін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің командасының жетекшісі ретінде Алғыс хатпен марапатталды. 2020 жылы «Информатика пәнін білім беру ұйымдарында оқытудың теориясы мен әдістемесі» тақырыбында 72 академиялық сағат көлемінде қашықтықтан біліктілікті арттыру курсының сертификатына ие болды. Осы жылы жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің педагогикалық шеберлігін дамыту, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген «Ең білімді педагог-2020» IV республикалық пән олимпиадасының сертификатына қол жеткізді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы Білім беру жүйесіндегі тестілеуді ұйымдастыру мен өткізудегі жүктелген міндеттерді жоғары кәсіби деңгейде және белсенді атқарғаны үшін министрліктің Алғыс хатына ие болды. 2020 жылы тәжтажал індеті елді жайлап алған кезеңде, әлеуметтік желі арқылы оқытуды да меңгерді. Сол кезде www.edulife.kz Республикалық қашықтық олимпиада сайты Информатика пәнінен ұйымдастырған онлайн олимпиадасына қатысты. Алматыдағы «Bilgen» ұлттық авторлық әдістеме және бағалау орталығының «TANYMGER Tech» информатика және бағдарламалау бойынша мұғалімдердің онлайн олимпиадасына қатысып сертификатқа ие болды. Тұрақты түрде біліктілігін жетілдіріп отыруына нәтижесінде 2020 жылы «Ustaz tilegi» ғылыми әдістемелік орталығы ұйымдастырған республикалық Информатика пәнінен ұстаздар арасында олимпиадасының жеңімпазы І-дәрежелі жүлдесін иемденді. Осылайша, арада көп өтпей «Ustaz tilegi» ғылыми әдістемелік орталығы ұйымдастырған Халықаралық Информатика пәнінен ұстаздар арасында олимпиадасының жеңімпазы І-дәрежелі дипломымен марапатталды. «USTAZ TILEGI» республикалық ғылыми-әдістемелік орта-лығы, Түркістан облысы бойынша информатика пәні-нен ұстаздар арасында олимпиадасының жеңімпазы, І дәрежелі дипломына қол жеткізді. Өзін ғана шыңдап қоймай, мектеп оқушыларын осындай халықаралық байқауларға әзірлегені үшін де еңбегі ескерілді.

2020 жылы Ұстаз тілегі (UST.KZ) Республикалық информатика пәнінен 8 сыныптар арасында олимпиадаға 8 «ә» сынып оқушысы Ұлдана Серікқызын әзірлеп ол ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Осы жылы республикалық информатика пәнінен 8 сыныптар арасында олимпиадаға жеңімпаздарды дайындағаны үшін министрліктің Алғыс хатымен марапатталды. Ұстаз тілегі (UST.KZ) Халықаралық информатика пәнінен 8 сыныптар арасында олимпиадалық байқауда шәкірті 8 «а» сынып оқушысы Балнұр Өсербайқызы ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Осыған байланысты Халықаралық информатика пәнінен 8 сыныптар арасында олимпиадаға жеңімпаздарды дайындағаны үшін министрліктің Алғыс хатына ие болды. 2020 жылы www.nio.kz Республикалық Ұлттық Интернет Олимпиада сайтында мұғалімдерге арналған информатика пәнінен ұйымдастырған қашықтық олимпиадасының сертификатына ие болды. 2020 жылы www.edulife.kz республикалық қашықтық олимпиада сайты Информатика пәнінен ұйымдастырған онлайн олимпиадасының да сертификатын иемденді.

Республикалық www.Edulife.kz Республикалық ұстаздарға арналған онлайн әдістемелік сайты педагогика пәні бойынша ұйымдастырған «Үздік педагог» онлайн олимпиадасы, ІІ дәрежелі дипломына ие болды. Республикалық www.Edulife.kz Республикалық ұстаздарға арналған онлайн әдістемелік сайты ұстаздар арасында ұйымдастырылған қашықтық олимпиадасына белсенді қатысып, жоғары нәтиже көрсеткені үшін Алғыс хатқа ие болды. Арада жыл өтпей Республикалық www.Edulife.kz онлайн әдістемелік сайты «Үздік мақала» атты онлайн конкурс жүлдегері, ІІ дәрежелі дипломын алды.

Республикалық www.Edulife.kz онлайн әдістемелік сайты «Үздік сабақ презентациясы» атты онлайн конкурс жүлдегері, ІІ дәрежелі дипломына ие болды. 2021 жылы Ұстаз тілегі ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған Информатика пәнінен ұстаздар арасындағы онлайн блиц-турнирдің І дәрежелі дипломына қол жеткізді. Осы жылы Нұр-сұлтан қаласы. vpo.kz сайты мұғалімдер арасында ұйымдастырған «Информатика» пәнінен республикалық виртуальды-олимпиада жүлдегері атанып, ІІ дәрежелі диплом алды.

Жандос Есенбеқұлы Түркістан қаласындағы мұғалімдер арасында жиі өткізілетін қоғамдық шараларға да белсене қатысады. Мәселен, 2021 жылы 7-мамыр Отан қорғаушылар мерекесіне, ел игілігі және оның болашағы жолындағы қосқан үлесі мен қажырлы еңбегі үшін Түркістан қаласының «Адами әлеуетті дамыту бөлімі» Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие берудегі еселі еңбегі, қол жеткізген кәсіби табыстары және білім беру саласына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы жылы Қазақстан Республикасы кәсіби деңгейі жоғары және шығармашыл, талантты педагогтар арасында ұйымдастырылған «Пән олимпиадасының үздік педагогы-2021» атты республикалық олимпиадасының бас жүлдесін иемденіп, төс белгісін омырауына тақты. «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық жинақта «Wi-MАХ технологиясының жұмыс істеу принципі» атты материалы жарияланды. Ол ұстаз ретінде өзінің біліктілігін үнемі шыңдап қана қоймай жас ұрпақты тәрбиелеуде де жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Мәселен, 9 «б» сынып оқушысы Ақжан Абдуллаева мен Жолымбек Құдіретті www.iBilim.kz республикалық онлайн олимпиада мен конкурстар сайты Информатика пәнінен ұйымдастырған онлайн олимпиаданың жүлдегері етіп, ІІ дәрежелі дипломға қолдарын жеткізді.

Ол осылайша, Астана қаласында өткен «Білім беру ісінің үздіктері – 2021» республикалық байқауының дипломын алып, төс белгісіне ие болды. Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Бағдарламалаудың заманауи технологиялары (Python бағдарламалау тілі, Java технологиясы)» атты біліктілікті арттыру курсын,«Цифрлық педагогика» атты біліктілікті арттыру курсын тәмәмдады. Өйткені, ол өзінің сүйетін мамандығына дұрыс таңдау жасаған. Бағдарламашылыққа балаларды да барынша тез үйретіп, замандастарының алдында болуға тырысып келеді. Қашанда жаңалыққа жаны құштар, жастардың тәлімгері, қоғам белсендісі Жандос Есенбекұлының алар асуы әлі алда деп білеміз. Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. Әлемдік деңгейде – педагог, өз ұстанымызда ұстаз ұғымының сипаты, мән-мағынасы қашанда айқын: ол – мазмұны бірыңғай ізгіліктен ғана тұратын кәсіп, ол – ұрпақ пен ұлтқа, адамзат пен болашаққа арналған өмір сүру салты. Тіпті дүниенің асылын іздеп тауып, соны өзгеге үйретпекке ұмтылған жан қалауы.

Шынтуайтында, бедел – на­рықтық қатынастың емес, адам­шы­лық­тың өлшемі. Ол – мәні терең, тұғыры биік, қалыбы айрықша құндылық. Сондықтан адам да, қоғам да тірнектеп бедел жинайды. Беделсіз адамды да, маманды да ешкім сыйламайды. Оның қоғамда, жұмыс орнында, өз отбасында қадірі жоқ.

Рухани тұлғаларымыздан Жүсіп Баласағұни: «Ізгі атымен ғана ер алғысқа бөленеді» десе, Мах­мұд Қашқари: «Ізгі ердің сүйе­гі шіріп кетсе де, аты өшпейді» деп жаза­ды. Осы ізгіліктің бәрі – ұстаз болмысынан, ұстаз білігінен, ұстаз тәлімінен даритын қасиеттер.

Елбасының: «Халықтың сені­мін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес» деген тамаша тағылымды сөзі бар. Бұл – ұстаз­дың ғана емес, кез келген ұстамды жанның бағдаршамы. Бұл ретте Президент Қ.К.Тоқаевтың: «Мұғалімнің еңбегі – адамзат игілігімен астасқан өлшеусіз еңбек» деп айтқаны да мәлім.

Еуропаның «авторитет» ұғы­мын тәпсірлеп жіберсеңіз, қазақша «адамгершілік, ар, намыс, қуат, тегеурін, билік» болып шығады. Біздіңше, әлімсақтан ұстаз абыройы осындай болған, қазір де, болашақта да осылай болуы тиіс. Сонда ғана қоғамның береке-бірлік, тәлім-тәрбие, ақыл-парасат өлшемі орнығып дамиды.

Бәзбіреулер «Ұстаздардың өзі ұстаздық атқа лайықты ма?» деп қарсы сұрақ қойып жатады. Рас, «бес саусақ бірдей емес», ондай фактіні де жасырып-жаппаймыз. Бірақ ондайлар кездессе, ұстаз аты мен затына жете алмағанын аңғартпай ма?.. Сол себепті халық қай кезде де – төреші, бағалаушы, сыншы. Біз шын ұстаз туралы және оның мәртебесі жөнінде ой сабақтап отырмыз.

Ұстаз мәртебесі – фило­со­фия­лық, психологиялық, тарихи, әлеу­меттік астары бар қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анық­тай­тын өлшем. Педагог тұғыры – қоғам мен мемлекет тұғыры.

Қай мемлекет ұстаздарына қа­­тыс­ты қандай саясат ұстанса, мем­­­­лекеттің беделі де соған сай қа­­­лыптасады. Сондықтан ең бас­ты­­сы, Қазақ елінде мұғалімді қа­дірлеуге байланысты тамаша дәс­түр бар. Қызметтегі, биліктегі бү­гінгі толқын оны ұмыта қойған жоқ.

Сөз жоқ, түптеп келгенде, педагог беделі заңмен емес, қоғамның ар-ұятымен, жауапкершілігімен шегеленеді. Қасиетті «Құранның» өзінде де, біздің мың жылдық дәстүрімізде де ұстазды сыйлау парыз екені ерекше айтылған. Ендеше «Педагог мәртебесі туралы» заңның қорғаушысы да, қолдаушысы да, дәйегі де, мәйегі де – қоғам.

Осыған байланысты мына ой­ды орта­ға салуды дұрыс көрдік.

Бірін­шіден, қоғам немесе бәрі­міз білім ордаларын – мәдениет пен біліктің алаңы деп, ал ұстаз­дар­ды – жол сілтеуші, өнеге рәмізі деп қабылдауымыз шарт. Атқарушы билік те мектепті түрлі саяси науқан кезінде еске алмай, қоғамның күнделікті қайнауы, пісіп-жетілуі деп қарағаны жөн. Аға толқынның имандылыққа ұйып, мешіт жақта жүргені жақсы. Бірақ негізгі болашақ, басты есеп – мек­тептегі жас буында екенін ұмыт­пағаны дұрыс. Сондықтан неме­ресін мектепке жетектеп әкеліп, соның маңында жүйелі әңгіме құрса, қилы жамандықты бірден тыюға әрекет жасаса, ұстаз беделін де, ата-ана ретінде өз беделін де көтереді.

Екіншіден, ұстаздардың сауа­ты, адамшылық бастамалары, қоғам­дық-әлеуметтік қағидаттары шек­теушілікке бармау керек. Бе­дел­ді ұстаз – ашық, демократ ұстаз. Сондықтан сабағыңызға ата-ана, қызыққан адам қатысқысы келе ме – қатыссын. Жиналысыңызда ой айтқысы келе ме – айтсын. Қысқасын айтқанда, барлық оқу орны қоғамнан әрі баға алып, әрі халық айнасынан өзін көре білгені абзал.

Үшіншіден, «нарық және білім ордасы» деген тақырып пыш-пыш әңгіменің емес, қоғам болып кеңесудің өзегіне айналса дейміз. Рас, мемлекеттің мектепке берер немесе бөлер қаржысы аздау болып тұр. Бірақ тәуелсіздіктің 28 жылында тұрғызылған зәулім мектеп ғимараттарын, үлкен қалалардағы бірінен кейін бірі ашылған қазақ мектептерін ұмытпалық. Бұрынғы дәстүрдегі асар, үме, жылу т.б. бар, біз неге нарық кезеңінде білім ордаларына ата-ана, жанашыр, демеуші ретінде нақты көмектесе алмаймыз? Естеріңізге салайық, 20-30 жылдары алғашқы мектептер – жеке адамдардың шым-кірпіштен соққан үйі болатын. Олар мұны сатқан жоқ, саудалаған жоқ, тегін берді. 50-60 жылдары мектептің кірпішін ұжым болып құйып, қабырғасын ел болып көтерді. Нарықтың адамшылық бір амалы – осы. Шүкір, қазір мешіт қана емес, мектеп салып, халыққа сыйлайтын кәсіпкерлер пайда болды. Біз осыған қуанамыз.

Білім саласының өзіндік, кәсіби талай қиындықтары бар. Оқу мен оқытудың шын ма­ғы­­­насындағы еркіндігі мен дер­бес­тігі, бастамаларды қолдау­дың тетік-амалдары әлі де әлсіз­деу. Мектепте де, жоғары оқу орындарында да үлгерім мен бағалаудың қасаң жолынан шыға алмай келеміз. Қағазбастылық пен жалаң есеп жұмысты шідерлейді. Мұны Елбасы да, Президент те, сала басшылары да сынап жүр. Бірақ одан құтылудың тетігі – өз қолымызда.

Білімге қойылатын шарт – нақ­ты ұстаздық талапқа негізделсе дейміз. Шын ұстаз шәкірттерінің алдында ешқашан да жалған, жасанды, жүйесіз әрекетке бармайды. Жалпы әділдік пен тазалықтың бастауы – мектеп. Осы тетік ұмы­тыл­са, қоғам қай жағынан да көштен қалады.

Сонымен бірге ата-ана мен ұстаз арасындағы жауапкершілік шегін, регламентін қоғам болып тал­қы­лап, бір тоқтамға келетін кез әлде­қашан келді. Қоғам, ата-ана мектептің сынаушысы позициясын ұстанса, біз ешқашан алға бас­паймыз. Жоғарыда айттық, Қазақ елі дәстүрінде мектеп немесе білім ордасы – нағыз адалдық алаңы.

Әрине, басты тетік ұстаздың өзінде. Өзін өзі сыйлата білмеген ұстаз оқушы алдына немесе мін­бер­ге шығып, дәріс оқуға мо­раль­­дық құқы жоқ. Сондықтан үне­мі ізденісте жүрген, шеберлігін дәйім шыңдайтын, мәдениеті, адамгершілігі, бар бітім-болмысы жоғары азамат – шәкірттің ғана ұстазы емес, қоғамның ұстазы. Отанымызда ұстаз абыройы артқан сайын, білім мен ғылымның, тәрбие мен мәдениеттің абыройы артатыны сөзсіз.

Дана бабаларымыз балаға бі­лім­­нен бұрын тәрбие берілуі керек екенін мұнан мың жыл бұрын айтып кеткен. Отбасы тәлімі мен елдік тәрбие – білім жүйесінің әрі өзегі, әрі айнасы. Қазақстанның отаншыл ұл-қызын оқытудың мақсаты мен мазмұны жылдан-жылға айқындалып келеді. Атап айтсақ, мақсат – бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру, ал білімнің мазмұны – елдік тәлім-тәрбие мен адамзат ақыл-ойының інжу-маржаны деп білеміз.

Биылғы республикалық тамыз конференциясында ел Президенті Қ.К.Тоқаев қабылдануы жос­пар­ланған «Педагог мәртебесі ту­ралы» заңда ұстаздарды қол­дау­дың кешенді шаралары қарас­ты­рыл­ғанын, соның ішінде мұғалім жүктемесін азайту, абыройы мен беделін көтеру, материалдық жағ­да­йын жақсарту белгіленгенін қа­дап айтты.

Рас, ұстаз мәртебесі туралы заң қоғамның барлық жігін де бейжай қалдырмады. Барлық жиында, басқосуда бұл тақырыпты айналып өткен адам аз. Біз мұның бәрін – жанашырлық пен жауапкершілік деп ұқтық. Осылай барлық шарада, бастамада халықтың береке-бірлігі арта бергей.

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім  барлық  мамандық   иесін  тәрбиелейтін,  оқытып  үйрететін  мейірімді абзал  жандар.  «Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  демекші, ұстаз  алдынан  тәрбие  алмайтын  жан  жоқ. Ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  шамшырақ  секілді. Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған. Сондықтан ұлағатты  ұстаздарға  бүкіл  адам баласы  құрметпен  бас  иеді.

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» — деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару — екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Ал қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын — Аристотельді, Абылай хан — Төле биді, Шәкәрім — Абайды, Бердақ — Күнқожаны, Жамбыл — Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.

«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.

Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім.

 

Ескендір ЕРТАЙ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *