ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНГЕН АРДАГЕР

Түркістан қаласының қазыналы қариясы Нұрғали Алдабергенұлы 1936 жылы 7 мамырда дүниеге келген, білімі жоғары. 1945 жылы №19 темір жол орта мектебіне барып, 1952 жылы 7-ші сыныпты үздік бітіріп, педучилищеге түседі. Оны 1956 жылы бітіріп, райкомның бұйрығымен Балтакөл орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Онда 4 жыл істеп, 1960 жылы қаладағы М.Мәметова атындағы жалпы орта мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі, 1966 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Денешынықтыру институтын 1958-1962 жылдары аралығында сырттай оқып бітірген. Бұдан бөлек, Шымкент педагогикалық институтын 1964-1967 жылдары оқып тәмамдаған.

1969 жылы тамыз айында қаладағы еңбекпен түзеу мекемесіне Дзержинский атындағы сотталғандар оқитын орта мектебіне директор қызметіне тағайындалады. Осы мекемеде тапжылмай 19 жыл қызмет жасады. 1988 жылы мамырда денсаулығына байланысты II-ші топ мүгедектігіне шығады. Нұрекең қызметте жүріп те қоғамдық жұмыстардан шет қалмады.

1962-1969 жылдары аудан-қала сотының бағалаушысы, 1972-1988 жылдары мүгедектікке шыққанға дейін мемлекеттік қауіпсіздік саласында жұмыс атқарады. Сол жылдары мектеп директорымен қатар, колония қызметкерлерінің партия ұйымының хатшысы болып 10 жыл қызмет жасайды.

1995 жылы Нұрәлі Өсерұлы заң ғылымының докторы, Құранды қазақ тіліне аударған, сол кезде «Әзірет Сұлтан» музейінің директоры болған. Сол кісі үйіне арнайы келіп: «сен бір өлімнен қалған екенсің, мына «Егемен Қазақстан» газетіне жазыпты. Қысқасы, сізден өтініш Гаухар ана бейітінің басы қараусыз қалды, соған барсаңыз» деп ұсыныс жасайды. Содан Нұрғали ақсақал өтінішті жерге қалдырмай, баласының бітпей қалған үйін сатып, Гауһар анаға баратын, яғни көлік жүретін 600 метр жолды жөндеп тас төгіп жол салады. Онда электр бағанасын қондырып, жарық тартқызады. Гаухар ана бейітінің басына кесене тұрғызып, көпшілік отыратын кішігірім үй мен асхана салдыртады.

Бұнымен қоса, бейіт басында құдық бітеліп қалған соң жанынан 13 метр тереңдікте құдық қаздырып, насос орнатады. Судың шипа екенін сол кезде білген. Өйткені Нұрекең сол судың әсерінен дертінен құлан таза айығыпты. Содан бастап тұрғындар судың емге шипа екенін естіп, зиярат етуге келе бастаған көрінеді. Кесене маңын таза ұстап, халықтың келуіне жағдай жасап, зиярат етушілердің алғысына бөлінген жан деп білеміз. Бүгінде Нұрғали қария 86 жасты еңсеріп, отбасында 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, олардан 20 немере, 10 шөбере сүйіп отыр. Қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі, тыл ардагері. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан жандар. Осының барлығы әке өнегесінің арқасы деп білеміз.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған