Түркістанда заманауи үлгідегі спорт нысандары салынуда

Түркістан қаласында заманауи үлгідегі спорт нысандары салынып жатыр. Олардың құрылысы қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың тікелей бақылауында. Бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту бағытында облыс басшысының бастамасымен бірнеше жаңа спорт орталықтары бой көтерген. Спорт саласына үлкен көңіл бөлетін облыс әкімі қаладағы жаңа спорт нысандардың құрылыс алаңдарын аралады. Жауапты сала басшыларымен кездесіп, жұмыстың сапасына баса назар аударуды тапсырды. Түркістанда салынып жатқан барлық ғимараттар қаланың көркі ғана емес, тарихи келбеті мен болмысын сақтай отырып, заманауи архитектураның озық жетістіктерін пайдалануда. Ғалымдар мен кәсіби мамандардың пікірі ескеріліп, тарихи келбетін жоғалтпауға басымдық берілуде.

Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалады. Спорт – адам өмірінің ажырамас бөлшегі екенін жиі айтатын өңір басшысының тапсырмасымен Түркістанда «Мұз сарайының» құрылысы жүріп жатыр. Әлемдік стандарттарға сай мұз айдыны 1200 адамға есептелген. Жаңа нысан жыл соңында ашылады. Мұз сарайының жалпы жер аумағы 2 гектарға жуық. Ғимарат құрылысының көлемі – 4160,9 шаршы метр. Нысанның құрылысы келер жылдың көктемінде аяқталады деп жоспарланған. Бұл ғимаратта қысқы спорт түрлері дамытылып, үйірмелер ашылады. Жақын уақытта мұз айдынына керекті құрал-жабдықтар сатып алынады.

Түркістан қаласында сондай-ақ «Теннис орталығы», Олимпиадалық резерв мектебінің әкімшілік ғимараты мен жатақханасы, Б.Саттарханов спорт кешені, «Ат спорты кешені» секілді жаңа спорт нысандары ашылады.35 гектар жерде орналасқан ат спорты кешенінде поло-клуб, манеж, стендтік атысқа арналған алаңқай, садақ атуға арналған алаң, канал арқылы өтетін көпір мен атпен серуендеу аймағы болады. 20 гектар жерде орналасқан «TURAN» футбол академиясының құрылысы қарқынды. Мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарындағыдай жағдай жасалмақ. Жаңа кешенде үлкен және шағын 10 футбол алаңы болады. Сондай-ақ нысанда допинг-бақылау кабинеттері, 300 орынды қонақүй, спортшыларға арналған монша, 3 мейрамхана, мәжіліс залдары бар. Сауықтыру орнында медициналық, массаж кабинеттері мен жеке блоктар бар.

Сонымен қатар, Түркістанда бұқаралық спортты дамытуға басым көңіл бөлініп отыр. Мәселен, биылғы 11 айда облыс аумағында 2100-ден аса бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 289 816 адам қатысқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев айтты.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, өңірде спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл облыстағы жалпы халықтың 39 %-ын құрап отыр. Халықты спортпен жүйелі шұғылдануға және дене шынықтырумен айналысуға ауылдық жерлерде биылдан бастап 202 спорт жөніндегі әдіскер мен 175 спорт жөніндегі нұсқаушы штаттық бірліктері енгізілген.
– Қазіргі таңда облыста 4643 спорттық ғимарат тіркелген. Өңір спортын дамытуға бүгінде қолайлы жағдай жасалып жатыр. Соның нәтижесінде спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрініп, жетістіктері артып келеді. 2022 жылдың 11 айында облыс спортшылары спорттың 59 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 350 алтын, 228 күміс, 270 қола медаль жеңіп алды. Ал, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары, 111 алтын, 46 күміс және 32 қола медальге қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттары мен кубоктарында жерлестеріміз 51 алтын, 36 күміс және 20 қола медальге ие болды. Жыл басынан бері 38 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 174 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 445 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Білесіздер, биыл Түркістанда заманауи теннис орталығы ашылды. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені қайта құру жұмыстары басталып кетті, бұл нысан келесі жылы ел игілігіне беріледі. Ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар, Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалмақ. Яғни, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында Мұз сарайы салынуда. Бұл нысандар келесі жылы ашылады деп жоспарланған, – дейді Қанат Жарылқапұлы.
Қазіргі уақытта облыстың 18 үміткер-спортшысы 2023 жылы Қытай елінде өтетін жазғы Азия Ойындары мен 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада Ойындарына спорттың бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін және әйелдер күресі, есу спорт түрлері, ауыр атлетика, таеквандо спортынан қатысу үшін дайындық жұмыстарына кірісті. Сондай-ақ, 2024 жылы елімізде өтетін Түркітілдес мемлекеттерінің Көшпенділер Ойындарында қазақ күресі, садақ ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ, теңге ілу, көкпар спорттарынан Қазақстан Республикасы құрама командасының 46 мүшесі дайындық жұмыстарын жасауда.
Бұдан бөлек, облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да спортпен айналысуға жағдай жасалған. Облыс бойынша 97 508 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген болса, оның ішінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны – 4113, ауылды жерде 2959 адамды құрап отыр. Түркістанда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін «Сауран» спорт клубы құрылған болатын. Бүгінгі таңда спорт клубындағы 39 жаттықтырушы 196 мүмкіндігі шектеулі азаматпен күнделікті жұмыс жүргізеді.
Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді. Биыл облыс орталығында 4 ірі халықаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Б.Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир мен еркін күрестен Кеңес Одағының батыры, генерал-майор С.Рахымовты еске алуға арналған халықаралық турнир жанкүйерлерге ерекше қуаныш сыйлады.
Сондай-ақ, биыл қазақ күресінен «Тұран Барысы» Азия кубогы мен қазақ күресінен Қажымұқан Мұнайтпасовты еске алуға арналған ересектер арасындағы халықаралық турнир жоғары деңгейде өткен болатын.

Елімізде теңдесі жоқ ескек есу каналына да су келді. Облыс орталығындағы спорт кешенінің құрылысы халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. Жалпы ауданы 100 гектарға жуық алаңда орналасқан су спорты кешенінде ұзындығы 2,5 шақырымға созылатын су арнасы салынды. Әмбебап оқу жаттығу базасында жоғары деңгейдегі жарыстар өткізілмек. Құрылыстың екінші кезеңінде мұнда олимпиадалық стандартқа сай орталықта қонақүйлер, бассейн, эллинг, каноэге арналған пирстер, көрермендерге арналған жай, көпірлер салынады. Спорт кешенінде сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрлерінен сайыстар өтеді.Спорт — мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеретін көрсеткіш. Сондықтан еліміз спортты дамытуға айрықшы көңіл бөлуде. Мәселен, он тоғыз жылдан бері елімізде спорт күні белгіленіп атап өтілуде. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша спорттық жарыстар өткізіліп, халықты салауатты өмір салтына тарту мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісін спорт күні ретінде халық асыға күтеді.

Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар ұйымдастырылуда.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берген болатын. Ал, бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған