Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өңірде балық шаруашылығын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданының шаруалары балық шаруашылығымен айналысуды қолға алған. Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.
Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ибата елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Жасур Муминов 240 шаршы метр жерге балық шаруашылығын дамтуды қолға алған. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров шаруа қожалығының жұмысымен танысып, кәсіп иесіне табыс тіледі. Мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алған кәсіпкер, былтыр қыркүйек айында өз ісін бастаған. Бүгінгі таңда төрт бассейнде форель балығын өсіріп отырған кәсіп иесі жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Мұнда 5 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы өз ісін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқанын айтты. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті ақпарат пен түрлі мүмкіндік алды. Осы ретте аталған жобаның негізгі мақсаты – басты шарттарымен тағы да бір таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау. Биыл сәуір айында шенеуніктер халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын бекітті. Осы құжат аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы толық іске қосылады деп жоспарланып отыр. Соған қарамастан мобильді топ өкілдері ауылдықтарды жобамен мүмкіндігінше кеңінен таныстыру үшін елдің барлық аймақтарын аралап шықты. Оның ішінде ең шалғай ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын.
«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деген болатын Президент өз Жолдауында.
Мобильді топтар жобаның мән-мақсатын түсіндіру және таныстыру жұмысын бастады. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.
АКВАӨСІРУ — БАЛЫҚ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ДРАЙВЕРІ
Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен 191 жоба 1 267 млн. теңгеге қаржыландырылды.
Аудан бойынша балық шаруашылығы – 2 жоба қаржыландырылып, 2 кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуды қолға алды.
Мақаламыздың соңында балық шаруашылығымен айналысқысы келетін саурандықтарға маңызды мағлұматтарды ұсынып отырмыз.
Қазақстан балық ресурстарына өте бай. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда Үкімет қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай сәтті дамуда. Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың тамыз айында қолда бар мүмкіндіктерді дамыту қажеттігін атап өтіп, биылғы қараша айына дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді тапсырды. Балық саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ Президент тапсырмасының іске асырылуы туралы маңызды жаңалықтарды Сауран ауданының тұрғындарының назарына ұсынып отырмыз.
Қазақстан өзінің бай және бірегей табиғатының арқасында балық шаруашылығының айтарлықтай қуатты қорына ие. Бұл бағытта экспорттық әлеуеті де жоғары.
Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері — балық кәсіпшілігі (балық аулау), балықты көбейту (балық өсіру) және балық өңдеу.
Қазақстан мұхит балығы мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар — майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия және басқалары. Бұл өнімдер Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен импортталады. Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын шамамен $60 млн сомасына 36 жақын және алыс шет елдерге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды.
Негізінен балықтың жон еті, қақталған-ысталған өнімдер және мұздатылған балық еті экспортталады. Мысалы, көксерке еті Еуропалық Одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып табылады, қақталған-сүрленген өнім Ресейге, Украинаға, Литваға, Қытайға және басқа елдерге экспортталады. Бұл ретте біздің жанымызда экспорт үшін маңызды әлеуетті нарықтар бар.
Қазақстанда жан басына шаққанда балықты аз тұтынады. Айталық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден келеді. Өз кезегінде, көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңындағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық потенциалы 3 млн тоннадан асып түсуі мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстанда мыңнан астам балық шаруашылығы субъектілері жұмыс істейді.
Табиғи су қоймаларының балық қорын пайдаланудың шегі бар екені белгілі, ал көптеген су қоймаларында балық ресурстарының азайғаны байқалады. «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Қ. Исбеков балық өнімдерін ұлғайтудың жалғыз баламасы акваөсіру болып табылады деп есептейді.
«Теориялық тұрғыдан алғанда, балық шаруашылығының әлеуеті 600 мың тоннаны құрауы мүмкін, бұл ретте негізгі үлесі — 80%-дан астамы Маңғыстау облысының орта Каспий акваториясына тиесілі, мұнда тормен өсіру технологиясы бойынша Каспий албырты мен бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіруге болады. Осылайша, біз экспорттық әлеуетті көтеріп қана қоймай, импортты алмастыруды да жүзеге асыратын едік (ақсерке-албырт балығы)», — деді Қ. Исбеков.
Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, акваөсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт болып табылады.
Мәселен, өсірілетін балықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небары 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асып түседі. Бұл ретте, соңғы 25 жылдың өзінде акваөсіру көлемі 67 млн тоннаға немесе 450%-ға өсті. Ал балық аулау көлемі, тұрақты деңгейде.
Қазақстанда балық өсіру саласының потенциалы өте жоғары. Соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 тоннаға дейін өсті. Елімізде осы шаруашылықпен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады, онда мыңнан астам адам (1126) жұмыс істейді.
Жасанды балық өсіру шаруашылықтары бұдан да көп болуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жан басына шаққанда 16 келі балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін шамамен 300 мың тонна балық өсіру қажет.
Балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы көшбасшы болып табылады, оның көлемі 5 мың тонна (68,7%). Ал Алматы облысында шамамен 1000 тонна (12,8%), Солтүстік Қазақстан облысында 380 тонна және Шығыс Қазақстан облысында шамамен 300 тонна балық өсіріледі.
БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ ҚАЖЕТ?
Бірер жыл бұрын Атырау қаласында балық шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде өткен көшпелі жиында Премьер-Министр саланың дамуына кедергі келтіретін негізгі кедергілерді анықтауға бағытталған бірқатар тапсырма берді. ҚР ЭГТРМ осы тапсырманы орындау үшін бизнеспен бірге талдау жүргізіп, 3 басты мәселені анықтады. Олар — су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын арттыру.
Бірінші. Еліміздегі су қоймаларын зерттеу нәтижесінде арасында әлеуеті жоғары деген су қоймалары анықталды. Өткізген зерттеудің аясында осы жерлерде жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны белгілі болды. Осыны негізге ала отыра, балық өсіру өңірлерге бөлініп, схемасы жасалды. Мысалы, Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы тұқы және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы болса, Шығыс Қазақстандағы Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында ақ сақа, алабалық тұқымдас балықтарды өсіруге болады. Ал Алматы облысындағы Бартоғай және Қапшағай су қоймалары мен Балқаш көлі алабалық, тұқы балықтарын, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары ақ сақа және тұқы түрлерін өсіру үшін қолайлы. Өз кезегінде, Маңғыстау облысында албырт және бекіре балықтарын, Қызылорда облысындағы Арал теңізінде тұқы балықтарын өсіруге болады.
Сонымен бірге, өңірлер ТСҚ, яғни тұйықталған сумен қамтамасыз етілген технологиясын пайдалана отырып, тоған және бассейндік шаруашылықтар сияқты балық өсірудің басқа да бағыттарын дамыта алады.
Жақында балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы балық өсіру шаруашылықтарының типтік жобаларын әзірледі. Бұл бизнеске қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы шаруашылық типін, өсірілетін балық түрін таңдауға мүмкіндік береді.
Екінші. ҚР ЭГТРМ қолданыстағы заңнамаға талдау жасап, мынадай басты проблемаларды анықтады.
- Су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстарын салуға тыйым салынуы.
- Балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлем алынуы.Бұл жерде, балық өсірушілер алынған судың барлық көлемі үшін төлейді, ал қайтарылатын судың көлемі ескерілмейді.
Осылайша, булану және сүзгілеу түріндегі шығындар үшін ғана төлем төлеуді ескеру қажет.
- Жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі берілмеген (49%).
- Тоғандар мен балық өсіру бассейндерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту қажеттілігі.
- Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге балық өсіру шаруашылықтарын салу кезінде шығынды өтеу қажеттігі. Бүгінде тек балық өсіретін питомниктер ғана шығынды өтеуден босатылған.
Министрлік Салық, Су, Жер кодекстерне, сондай-ақ «Жануарлар әлемін қорғау, өсіру және пайдалану», «Архитектура, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары туралы» Заңдарға өзгерістер әзірлеп, оларды тиісті заңнамаға енгізді. Түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр және күзде Парламентке енгізілетін болады.
Акваөсіру сәтті дамыған бірқатар елдерде балықты жасанды өсіру саласындағы қатынастарды реттейтін жеке заң бар. Сондықтан ҚР ЭГТРМ «Акваөсіру туралы» Заңды әзірлеу қажет деп санайды.
Үшінші. Балық өсіруді дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз болып тұр. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шаралары балық питомниктері мен көл-тауарлы балық өсіру шаруашылықтарына арналған жем, техника мен жабдықтарға арналған. Алайда, көбінесе әкімдіктер балық өсіруді субсидиялау үшін қаражатты қалдық қағидат бойынша ғана бөліп отыр, балық өсіруді басым бағытқа санамайды.
Осыған байланысты, ҚР ЭГТРМ қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын қосымша субсидиялаумен кеңейту мәселесін пысықтады.
Бірінші. Субсидиялаудың жаңа түрлерін енгізу мәселесі. Бұл балық өсіру-биологиялық негіздемелер құнының 50% дейінгі субсидиялар, балық шабақтары мен бағалы балық түрлерінің аналық табындарын сатып алу және ұстау шығындары және т. б.
Екінші. Бұл тор ішінде балық өсіру шаруашылығын, сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар балық өсіру шаруашылығын, сондай-ақ қайта өңдеу жөніндегі кешендерді құруға және кеңейтуге жұмсалған шығындарды өтеу.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктері бұл ұсыныстарды қолдады.
Осылайша, еліміздегі су ресурстарын ескере отырып, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға, шамамен 500 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін айта кету керек, бұл ретте бюджетке салық түсімдері жылына 28 млрд теңгеге жуықты құрайтын болады.
Бұдан басқа, бұл шамамен 10 мың қосымша жұмыс орнын құруға және халықтың табысын көбіне ауылдық жерлерде арттыруға ықпал етеді.
Проблемалық мәселелерді кешенді шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.
БАЛЫҚ АЗЫҒЫН СУБСИДИЯЛАУ БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ АСЫРУ
Ауыл шаруашылығы министрлігі аквамәдениетті дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында 2018 жылдан бастап тауарлық балық өсіру кезінде жемшөпті субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарламаны іске асыруда.
Балықтың тұқы, бекіре, албырт сияқты басым түрлері субсидияланады. Бағдарлама жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Биыл қолдау мақсатында 430 млн теңге қарастырылды. А.ж. 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша 350,4 млн теңгеге субсидия төленді (79%-ы игерілді). Қазіргі уақытта 27 балық өсіретін кәсіпорын субсидиямен қамтылуда.
Бұдан өзге, бизнес пен «Атамекен» ҰКП ұсыныстары негізінде 2020 жылғы 4 тамызда ҚР АШМ инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықты бекітті. Толықтыруларға сәйкес, қуаты 20 тоннадан бастап тұйықталған сумен жабдықтау (ТСЖ) арқылы балық өсіретін кәсіпорын және қуаты 40 тоннадан бастап тауарлық балық өсіретін орнықты шаруашылықтары құрылысының құнын 25% дейін субсидиялау көзделген.
Сонымен қатар қолданыстағы қағидалар аясында көл-тауар шаруашылықтарына арналған жабдықтар мен техниканың құнын 25%-ға дейін субсидиялау қарастырылған. 2019 жылы 450,1 млн теңге сомасына 6 шаруашылық субсидияланды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысының әкімдігі 10 млн теңге көлемінде қосымша қаражат бөлуді қарастыруда.
Соңғы 10 жылда балық шаруашылығы бойынша жалпы өндірістік қуаты 3,26 мың тонна балық өнімін құрайтын 13,9 млрд теңге сомасына 13 жоба қаржыландырылды.
Атап айтқанда, биыл «AGCO Corporation» америкалық компаниясын тарта отырып, Ақмола облысында қуаттылығы жылына 500 тонна форель өсіру бойынша жабық үлгідегі балық өсіру кешенін салу жобасы мақұлданды. Қаржыландыру үшін бірінші транш бөлінді.
Ақтөбе облысында қуаты жылына 1500 тонна болатын «Мұрагер-2» ЖШС балық өсіру жобасының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 75% аяқталды. Жобаны қаржыландыру «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
ҚР АШМ қазіргі уақытта субсидияланатын балық түрлерінің тізбесін кеңейту, жемшөпті субсидиялау үшін сом және сига балық түрлерінің тізбесіне енгізу мәселелерін қарастыруда.
«ҚАЗАГРО» ЖЕЛІСІ БОЙЫНША БАЛЫҚ САЛАСЫН ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫ
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ балық саласын дамыту бойынша қолданыстағы және жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар туралы айтып берді.
«ҚазАгро» Холдингі» АҚ-ның еншілес компаниялары балық өсіру және қайта өңдеу бойынша 15 жобаны іске асыруды қаржыландырды. Бұл жобалардың көпшілігі Атырау, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында орналасқан.
Ағымдағы жылы Түркістан облысында қуаттылығы 900 тонна өнімді құрайтын «Көмеш балық» балық өндіру жобасын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ Ақмола облысында қуаты 500 тонна болатын «TAGA GROUP/ТАГА ГРУПП» компаниясының жобасы пайдалануға беріледі.
Қаржыландырылған 15 жобаның жалпы құны 14,4 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде несие көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрайды.
Жобалардың жиынтық өндірістік қуаты 4 мың тоннадан асады, оның ішінде қайта өңдеу көлемі 1,9 мың тоннаны құрайды.
Балық өнімдері ішкі және сыртқы нарықтарда сатылады. 2019 жылы экспортқа 743 тонна өнім жөнелтілді.
Қаржыландырылған жобалардың көпшілігі сумен жабдықтаудың тұйықталған қондырғылары технологиясын (15 жобаның 9-ы) пайдаланады. Бұл ретте инвестициялардың негізгі көлемі бекіре балығы мен уылдырық өндірісіне (9,4 млрд теңге немесе барлық жобалар құнының 65%-ы) бағытталады.
Қазіргі уақытта тауарлы балық шаруашылығын қаржыландыру бойынша негізгі оператор Аграрлық несие корпорациясы болып табылады.
Қарыздар жабдықтарды сатып алуға, құрылыс-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға беріледі.
Несиелер келесі мақсаттарға берілуі мүмкін:
- көл шаруашылықтары және жайылымдық аквакультура өсіру;
- тоған шаруашылықтарын дамыту;
- торлы шағын шаруашылықтар құру;
- сумен жабдықтаудың тұйық қондырғылары негізінде балық өндіру;
- балықты қайта өңдеу және балық өнімдерінің алуан түрлерін өндіру.
Жабдықтар мен технологияларды қарыз алушылар өздері таңдайды.
Балық шаруашылығын дамытуға несие екі бағдарлама — «Агробизнес» және «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша беріледі. Осы бағдарламалар бойынша қарыз берілетін ең ұзақ мерзім — 10 жылға дейін.
«Агробизнес» бағдарламасы бойынша сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық қор қаражаты есебінен 6%-ды құрайды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 8% құрайды. Жеңілдікті кезең — 2 жылға дейін.
Қарыздар тікелей және несиелік серіктестіктер жүйесі арқылы беріледі. Бұдан басқа, қарыз алушыларға несие беруді жалғастыру үшін екінші деңгейлі банктерді қорландыру мүмкіндігі көзделеді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесі 15%-ды құрайды, ол субсидияланады. Негізгі құралдарды сатып алуға және соңғы қарыз алушы үшін құрылысқа қарыз алған кезде сыйақы мөлшерлемесі 5%-ды құрайды. Айналым қаражатын толықтыруға арналған несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 6% құрайды. Жеңілдікті кезең қарыз мерзімінің үштен бірін құрайды. Қарыздар қарыз алушыға тікелей, сондай-ақ несие серіктестіктері арқылы беріледі.
Кредиттік өнімдер бойынша егжей-тегжейлі консультациялық қызметтер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның республиканың барлық өңірлерінде орналасқан филиалдарында көрсетіледі.
Сонымен қатар, Сауран ауданы Бабайқорған ауылдық округі Абай ауылының тұрғыны «Кәрімжан» шаруа қожалығының төрағасы Кәрімжан Бекмурзаев балық шаруашылығын дамытуға ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2,5 пайыз несие алу мәселесін көтерді. Бұл мәселемен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы айналысатын болды.