АГРОӨНЕРКӘСІП: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНДЕ АҒЫН СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Жақында Сауран ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаевтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласындағы ағын су және өзекті мәселелер қаралды. Кеңеске аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаев, «Тұран су» мен «Қазсушар» мекемесінің өкілдері, ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылық саласының ардагерлері, шаруа қожалықтарының төрағалары мен тиісті сала басшылары қатысты.

Кеңестің күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Тұран су» ШЖК МКК су пайдалану бөлімінің басшысы Дархан Әбдішүкір баяндама жасады. Бүгінде Түркістан магистральдық каналынан ағын су ағымдағы жылдың наурыз айының бірінші 10 күндігінен бастап босатылып, 6-шы мамырға дейін беріледі. Ал, 6 мамыр мен 12 маусым аралығында (37 күн) егістік алқаптарға су босатылуы тоқтатылып отыр. Бұдан кейін «Бөген су» қоймасынан ағын су бітуіне байланысты 1 тамызда тағы да тоқтатылып жатқаны белгілі.

Бүгінде аудан көлемінде диқандардың көтеріп отырған басты мәселесі ағын су екені баршаға аян. Осы тұрғыда шаруашалар «Тұран су» мекемесінің өкіліне ағын суға байланысты көптеген көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойды. Міне, диқандар көктемгі дала жұмыстарына кіріскелі жатыр. Алайда, бүгінгі күнге дейін егістікке қажетті суды ала алмай отырғандарын жеткізді.

Жуырда ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған «Алтын күз» мерекелік шарасында Сауран ауданы «Су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіруден және су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізуден» озат аудан атанды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу»,-деп айтқан болатын.

Осыған орай, қазіргі таңда Сауран ауданында 12 гектар жылыжай салынып, тапсырма 100% орындалды. 14 агроқұрылым қосымша 110 гектарға тамшылатып суғару әдісін өндіріске енгізіп, тапсырма 110%-ға орындалып отыр. Шаға ауылдық округінде «Яссы Агро» ЖШС-і 150 гектарға жаңбырлатып суғару құрал-жабдығын орнатса, «JMJ Агро» ЖШС Жібек жолы ауылдық округінен 500 гектар, Шорнақ ауылдық округінен 120 гектар және «Тәуекел Агро» шаруа қожалығы 350 гектарға жаңбырлатып суғару технологиясын жыл соңына дейін орнатқалы отыр.

Кеңесте шаруалар тарапынан су үнемдеу технологиясына көшу, су мен электр энергиясын субцидиялау, каналдардың мәселесін шешу, «Тұран су» мекемесінде ағын судың бағасы қымбаттап жатқанын, суды дұрыс бөлу тағы басқа көптеген сауалдар талқыға түсті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары да күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша көтерілген мәселелер хаттамаға түсіріліп, тиісті орындарға ұсыныс берілетінін және орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *