САУРАН: АУДАНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТУРИЗМ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

 

Сауран ауданының экономикалық әлеуетін дамытудың негізгі бағыты ретінде туристік кластерді құрып және дамыту бойынша жоспарлар құрылып жолға қойылуда. Бұл жайында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлімдеді. Ауданның жағажай туризмін және емдік туризм, тарихи туризм, діни туризм, экотуризм мен қысқы және жазғы демалыс орындарын дамытуға мүмкіндігі бар. Осы бағыттар бойынша инвестиция құятын жобалар іздестірілуде. Алдағы уақытта туризм саласын дамытуға және туризмнен түсетін табыс көзін арттыру бағытында тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілетін болады. Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 101,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, 44 082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1 945 гектарға артқан. Бұдан бөлек, 14 830 тонна ет, 55 506 тонна сүт, 9 млн. 128 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жалпы өнім көлемі – 30,5 млрд. теңгеге жеткен.
— Ауданда 56 тарихи-мәдени нысан бар. Олардың ішінде туристер қызығушылық танытып, жиі келетін Ескі Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата кесенелері бар. Тарихи-мәдени нысандарына өткен жылы 85 579 турист келген. Тарихи нысандарға келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Сауран қалашығынан «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған. Биыл құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып пайдалануға беріледі. Айта кетейік, демеушілер есебінен 97 млн.теңгеге Жүсіп ата кесенесінің айналасына абаттандыру құрылыс жұмыстары жүргізілді,- деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.
Аудан басшысы өңірдегі құрылыс саласындағы жұмыстарды да баяндады. Қазіргі таңда, ауданның әкімшілік іскерлік орталығынан 38 гектар жер бөлінген. Бұған дейін Аудандық әкімшілік пен Прокуратура ғимараттары пайдалануға берілген. Қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Полиция бөлімі және аумақтық органдар ғимараттарының құрылыс жұмыстары жүруде.

Түркістан облысындағы Қаратау қойнауы тарихи орындар мен мәдени ошақтарға бай. Қаратаудың баурайындағы Сауран ауданында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, киелі мекендер мен қорымдарды қамқорлыққа алу күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Ел арасында аудан аумағындағы тарихи орындарға алыс жақын облыстардан және шет елдерден қызығушылық танытып, келген туристердің саны өткен жылдың қаңтар-наурыз айларында – 13 842 туристке жеткен екен. Оның ішінде Сауран қалашығы – 1324, Үкаша ата кесенесі – 11357, Жылаған ата – 210, Жүсіп ата кесенесі – 921, Имам Мархозыға – 30 турист келген. Ал жыл басынан осы кезеңге дейін туристердің өңірге саяхаттауы жоғары деңгейде өскен. «Әзірет Сұлтан» қорық – мұражайының меншігіндегі 52 тарихи-мәдени туристік нысанға сапарлаған саяхатшылардың өзінде есеп жоқ. Осы орайда аудан тұрғындарының назарына Сауран ауданындағы киелі мекендердегі тазалық жайы қалай екенін зерделеп, арнайы шолу жасаған мақаламызды ұсынып отырмыз.

Түркістан облысына келген туристер жиі баратын киелі мекеннің бірі — Үкаша ата кесенесі. Халық арасында айтылатын аңызда «Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың замандасы, сенімді серігі әрі күзетшісі, Ислам дінін таратушы болған. Жергілікті тұрғындар «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса оқ, шапса қылыш өтпеген». Осы әңгіме ел арасында кеңінен тараған. Бәлкім бұл ғажайып ертегідей естілер. Десе де мұны білікті қазақ ғалымдары өз еңбектерінде айтып өткен. Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысламұлы біраз деректер қалдырған. Бұл кісілердің шығармаларында Үкаша атаның есімі Ғакаша деп беріледі. Бізге аңыз болып жеткен Үкаша сахаба жайында Ш. Уәлихановтың кітабында да (онда Оксе деген есіммен көрсетілген) айтылған. Бұдан ұққанымыз, Үкаша атаның ешқандай да аңыз ертегі емес тарихи тұлға, өмірде болғандығын анық көрсетеді.

Тағы бір деректі қоса кетейік. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайы ғылыми зерттеу бөлімінің мәліметінше, Үкаша сахаба біздің даламызға Ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. Ол Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады дейді.

Тағы бір аңызда Үкаша атаны жау жеңе алмаған. Ол тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жерасты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның жасаған күнәларының кесірі, дейді.

Жалпы кесене Түркістан қаласынан 60 шақырымдай аумақта, «Серт» деп аталатын елді мекеннен 12 шақырым жерде орналасқан. Кесененің жанында құдық бар. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқыған соң, тау басындағы құдықтың басына барып су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралған. Кесененің шырақшысы Шамшиддин Закировтың сөзінше, еңселі етіп кесене бой көтерсе, ол жерден құдыққа дейін аспалы көпір салынса, келушілер қатары бұдан да көбейер еді. Туристер саны артса, елдің, жердің тарихын жан-жақты насихаттар едік деп отыр.

Сауран — ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Түркістанның солтүстік батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Орта ғасырда Сауран қазақ елінің әлеуметтік-саяси, шаруашылық-этникалық және мәдени дамуының орталығы болған. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашық туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. 16-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді — жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 — 800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың 7 — 18 ғасырларға жататынын дәлелдейді. Шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған, терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Сауран археологиялық кешенінің маңызды бөлігі – Қаратөбе қалашығы болып табылады. Түркістан археологиялық экспедициясының 1998 жылдан бастап Сауран және Қаратөбе қалашықтарында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде, осы екі ескерткіштің тарихи байланысы бар екендігі дәлелденді.

Қаратөбе қалашығы Сауран қалашығынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Қаратөбе (Ежелгі Сауран) қаласының төңірегінің топографиясын зерттеу мен аэрофототүсірілімді жете талдау кеңістігін үш шектеулі бекініс қабырғалар қоршап жатқандығын анықтауға мүмкіндік берді. Екі өзен арнасының аралығындағы осы аумақтың ортасында толығымен күрделі құрылысы бар қаланың шахристаны орналасқан. Осы жердің орталығында оңтүстік қабырғасы түзу келген дұрыс емес сопақша пішіндегі қаланың орталық төбесі (цитадель) көрініп тұр. Ескерткіштің топографиялық ерекшеліктеріне қарасақ, қала нақты қала құрылысы және сәулет жоспары бойынша салынғанын көруге болады. Оның негізгі топографиялық элементтері мен құрылымдық бөліктерінің сипаттамасын (бекініс, сумен қамтамасыз ету және т.б.) ескерсек, бұл жерде қала құрылысы өнерінің жоғары деңгейін көрсетеді.

Көп жылдар бойы Түркістан өңірінің археологиялық ескерткіштерін зерттеген белгілі ғалым Е.Смағұлов 2011 жылы жарық көрген «Древний Сауран» ғылыми еңбегін Қаратөбеде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижелеріне арнады. Қаратөбе қалашығы жайлы «Өз ауқымы бойынша моңғол шапқыншылығына дейінгі Ежелгі Сауран қаласының шынында да, Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі қала орталығының бірі екенін және өлшемдері жағынан Отырар қаласымен салыстыруға болатынын көрсетеді» деп қорытынды жасайды.

Ортағасырлық Сауран қалашығы Қазақстанның ортағасыр мәдениетінің ең маңызды ескерткішінің бірі екендігі белгілі. Өзінің сақталу дәрежесі бойынша ол бірегейлікке ие.

Сауран қаласы жайлы XVI ғ., сол заманның тарихшысы Рузбихан былай сипаттайды: «Бұл қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақша, әртүрлі ағаштар, қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ешқандай жау ала алмайды. Бұл қаланың топырағы — білім мен ғылымның ордасы. Халқы ерекше білімқұмар, зеректік және қонақжайлылық олардың табиғатына әбден сіңген». Сауран қаласы XVIII ғ. жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырады. Одан кейін Қоқан хандығының езгісіне де түсті. XIX ғасырдың ортасында қала біржолата күйреген.

Археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде қаланың бірегей сәулет құрылыстарының қирандылары ашылған болатын. Атап өтсек, қаланың орталық алаңында орналасқан жұма-мешіт, XIV-XVI ғасырлармен мерзімделетін ханака мен медресе, солтүстік бекініс қақпаларының құрылымдары, қала сыртында орналасқан намазгох деп аталатын мешіт, үй-жайлар зерттелген болатын. Бүгінгі таңда бұл нысандардың басым көпшілігі қайта жаңғыртылды.

Қала қамалының сыртында орналасқан ортағасырлық агроирригациялардың іздері, бақшалардың, жүзімдіктер мен бақтардың тікбұрышты қоршалған жеке учаскелері, каналдар мен арықтар желісі айқын көрінеді. 60-шы жылдардың соңында қалашық маңайындағы аэрофототүсірілімдердің шифрын ашу нәтижесінде, кәріз деп аталатын, қалаға ыза су әкелген жерасты су тарту галереяларының іздері анықталды.

Сауран археологиялық кешенінің келесі ескерткіші Міртөбе қалашығы Түркістан қаласынан солтүстік-батыста 47 шақырым, көне Сауран қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Ол, Қазақстанның ортағасырлық мәдениеті үшін қала сыртындағы бақ-саябақ сәулетінің бірегей ескерткіші болып табылады.

Зайн-ад-дин Махмуд Васифи «Бадаи ал-вакаи» еңбегінде Сауран қаласын сипаттап, қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған кәріздер туралы айта келе, жергілікті ірі дін өкілі Мір-Араб қаржысына Сауранды сумен, көкөніспен жабдықтау үшін кәріздер салғандығы жөнінде мәлімет келтіреді. Яғни, ортағасырлық Сауран қаласын сумен қамтамасыз еткен кәріз қалдығы Мір-Арабтың есімімен байланысты Міртөбе деп аталғандығын айғақтайды. Қаланы кәріз жүйесі арқылы сумен қамтамасыз ету, Сауран археологиялық кешенінің бірегейлігін арттырады.

Осылайша, жаңадан жинақталған жаңа археологиялық деректер, ежелгі дәуірдегідей, ортағасырларда да қалалық, отырықшы-егіншілік мәдениеті қазақтардың дала мәдениетін дамытудың маңызды факторы және құрамдас бөлігі болғандығын дәлелдейді.

Сауран қаласы. Қазақ хандығының бастауында тұрған мыңжылдық қорған.
Көне шаһардың қираған бекінісінің қабырғаларынан қалған қалдықтар Түркістан қаласынан батысқа қарай 45 шақырым жерде жатыр. Түркістан-Қызылорда тас жолы бойымен өтетін көптеген жолаушылар бекініс қабырғаларының көңіл тартарлық өркеш пішініне назар аударады. Олар кез-келген ауа-райына қарамастан, әрдайым алыстан көзге түседі. Жолаушылардың көпшілігі ұлы шаһарға қарай бұрылып, жарты сағат болса да көне қаланы аралап, мыңжылдық бекіністің қабырғаларын ұстап көруге және ғасырлар тарихына үңілуге тырысады.
Сауран – құпияға толы қалашық. Ол 100 жылдан астам уақыт бойы ғалымдардың назарын өзіне тартып келе жатыр. Сырлы аймақтың әр шақырымы жүздеген рет зерттеліп, суретке түсірілсе де, мамандар күн сайын бұл жерден жаңалықтар табуда. Сауранды зерттеу жұмыстары тарихшылардың өткен дәуірдің сипаты және қазіргі қазақ халқының ата-бабалары жайлы көзқарастарын өзгертті. Жаңалықтарды ашу арқылы, ғалымдар көптеген сауалдардың жауаптарын табуда, алайда бұған қоса, өткеннің күрделі жұмбақтарына тап болып жатыр.
Көне Сауран Қазақстанның ортағасырлық қала мәдениетінің ең маңызды ескерткіштерінің бірі саналады. Өзінің ерекше әскери-стратегиялық, сауда-экономикалық және мәдени-тарихи мәнінің себебінен, Сауран қалашығы жайлы Сырдария аймағы мен солтүстіктегі шексіз қазақ даласы туралы жазған бүкіл ортағасырлық авторлар атап өткен. Сауран жайлы алғашқы жазбаша деректер Х ғасырдың бірінші жартысына тиесілі. Шаһар жайында Истахри, ал кейіннен әл-Мақсиди хабарлаған. Сауран туралы өзге де тарихи деректер «Худуд-әл-алам» анонимдік географиялық шығармасында (Х ғасыр), ибн әл-Асирде (ХІІІ ғасыр), Якуттың «Елдер сөздігінде» (ХІІІ ғасыр), армян патшасы Гетум І-дің моңғол ханы Меңгудің ордасына қайтар жолда жасаған сипаттамасында (ХІІІ ғасырдың ортасы) кездеседі. Сонымен қатар, қала жайында сан алуан мәліметтер XV – XVI ғасырлардың жазбаша деректерінде сақталған.
ХІІІ ғасырдың басында Сауранды «Испиджаб сияқты харадж төлемейтін» шекаралық қала деп атаған, ал сол ғасырдың ортасында қалашық «үлкен қала» атауына ие болған. XIV ғасырдың деректеріне сүйенсек, Сауран Ақ-Орданың құрамына кіретін қала, ал кейде – оның астанасы деп те көрсетілген. XV – XVI ғасыр авторларының шығармаларында бұл қаланың атауы Түркістандағы билік үшін Қазақ хандығы мен шайбанилердің күресі жайлы үзінділерде кездеседі. Авторлар қала туралы сан алуан деректермен бөлісіп, Сауранның түркістандық ең үздік бекіністердің бірі болғанын алға тартады. Дереккөздер оның климаты, қорғаныс құрылысының құрамы, қаланың көрінісі мен тұрғындарының салт-дәстүрлері, айрықша су құбыры және жергілікті суармалы егіншілігі жайлы мәліметтер береді.
Қазіргі таңда көне қала орнында археологиялық жұмыстар жалғасуда. Ол шамамен 50 гектарды құрайтын территорияны алып жатыр және «Мәдени мұра» жалпыұлттық мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп келеді. Жуырда ғана ғалымдар көне Сауранның ерекшеліктерін байқататын таңғажайып жаңалықтарды ашты. Осылайша, шаһардың орталық бөлігінен табылған заттар – күйіктас және гипс сынықтары – бұл жерде кезінде мешіт пен медресе болғанын дәлелдейді. Деректерге сенсек, дәл осы Сауран қалашығында, ХІІ-ХІІІ ғасырларда аймақтағы бірінші оқу орны жұмыс істеген. Тарихшылардың пікірінше, жергілікті тұрғындардың білімі өте жоғары деңгейде болған. Оның айқын дәлелі – айрықша, Қазақстан бойынша теңдесі жоқ қаланы сумен қамтамасыз ету технологиясы. Кәріз арнасынан тұратын жерасты су құбырының жүйесі, шығысқа қарай, заманауи Қытайдың аумағындағы Турфан қаласының су құбырына ұқсайды. Бір қызығы, талай ғасыр өтсе де, шайқастардың кесірінен зақымданбаған көптеген аумақтарда бұл су жүйесі әлі де жұмыс істеп тұр.
Құстың ұшу биіктігінен қарасақ, қалашық бекініс қабырғалармен қоршалған сопақ алаң болып көрінеді. Қабырғалардың қираған бөліктері кейбір жерлерде 3-6 метр биіктікке жетеді. Қала орны солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа дейін 800 метр және солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа дейін 550 метр аумақты қамтиды. Қала шетіне қарай дөңгелек тәріздес екі қабаттық төрт мұнара орналасқан. Қорғаныс қамалының жоғарғы қабаты, қалдықтары бүгінгі күнге дейін сақталған бағаналарға сүйенген күмбезбен қапталған. Әрбір мұнараның қабырғасынан атыс ойығының тесіктері жасалған.
Қала ішіне екі қақпа апарады. Солтүстік-шығыс қақпасынан басталатын торапты жол қала территориясын тең екі бөлікке бөледі. Қабырғаның оңтүстік-батыс бөлігіне 150 метр жетпей, бұл жол перпендикуляр көшеге тіреледі. Басты көшелермен қатар, зерттеушілер бұл аймақтан қаланың күрделі тармақталған көше жүйесін құрайтын шағын көшелер мен тұйық көшелерді тапқан.
Айтып кеткендей, Сауран шаһарының ең қызықты нысандарының бірі – жерасты кәріз су құбыры. Оның ауқымы ұланғайыр: су жүйесінің жалпы ұзындығы 110 километрді құрайды. Көне дәуірде Сауран ең мықты және шайқасқа қабілетті түркістандық бекіністердің бірі саналған, оған да ықпал еткен – қала аумағындағы бұлақтардан тартылған, сумен жабдықтау жүйесі. Өркеш пішінді кең бекініс қабырға қалдықтары қанды шайқастармен қатар, жауды жеңген мерекелі күндерді де есте сақтаған. Сауранда Қазақ хандығының көптеген тарихи бастамалары дүниеге келген, және дәл осы жерден хандықтың саманидтер мен өзге де отырықшы әулеттер жайғасқан іргелес оңтүстік аймақтарға деген ықпалы тараған.
Талай жылдардан бері Сауран қорғаны тарихты зерттеушілер мен таңғажайып оқиғаларды іздеушілердің сүйікті орнына айналған. Бұл жерге көне дәуірдің өмірін елестетіп, бекініс қабырғаларын қолмен ұстап, тіпті қабырға үйінділерімен жоғары шығып көруді армандайтын жүздеген жолаушылар келеді. Алайда, келушілердің белсенділігіне бұл аймақта жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары кедергі болады: мұндағы күзет қызметкерлері көне қабырғаларды мазалауға жол бермейді, себебі, ашық аспан астындағы мұражайды бір байқаусыз қимылмен-ақ бүлдіріп алуымыз мүмкін. Дегенмен, халқымыздың пайда болу дәуірінің басты нышаны саналатын және сонау ерте заманда ұлы Қазақ хандығының қалыптасуына ықпалын тигізген көне қаланың жанына келген адам суретке түспей кетпейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *