МАҚСАТ – АНЫҚ, ТАЛАП – БЕЛГІЛІ

Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Өткен жылы жалпы экономика 5,1 пайызға өсіп, даму қарқыны бәсеңдемеді. Десе де, қазір Үкімет үшін жайбарақат отыратын емес, жаңа серпінмен іске кірісетін уақыт. Мақсат айқын, бағыт белгілі болса да, орын алған қателіктерді жою қажет. Жыл сайын ішкі жалпы өнімді 6 пайызға арттырып, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 450 миллиард долларға жеткізу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Үкімет пен әкімдіктерге берілген құзырет дұрыс қолданылмай, салдарынан реформалардың жүзеге асырылмай жатқанын айтып, жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуді, ұстанымдарды жүйелеуді,  экономиканың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Соңғы бес жылда салық тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткен. Салық салудың жөні осы екен деп, қосымша құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсіру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқты. Президент қосымша құн салығын өсірумен проблема шешілмейтінін, жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын жеткізді. Себебі, бизнестің өркендеуіне дәл осы салық мәселесі кедергі болып жатқан жағдайлар да жоқ емес. Сондықтан бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайтып, нақты қолдауды көбейтіп, салықты жүйесіз өсіруден бұрын Үкіметке алдымен қуатты экономика қалыптастыру керек. Президент салық жеңілдіктерін 20 пайызға азайту тапсырмасының орындалмағаны мен оны шешу жолдарының әзірленбегеніне тоқталды. Сондай-ақ, ендігі жерде салық жүйесі цифрландырылмақшы. Президент мемлекеттік кірістер комитетінде 2000-2014 жылдары қосылған 14 ақпараттық жүйенің кеңінен қолданылмағанын, жаңа халықаралық жүйеге ауыспағанын айтып, ведомствоның барлық ақпараттық жүйесіне ІТ-аудит жүргізуді, жаңа Салық кодексін әзірлеумен қатар мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасын қалыптастыруды тапсырды. Жалпы, салық және бюджет саласына түбегейлі реформа жүргізіліп, соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасалады, осылайша ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптастырылмақшы. Бұл Үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық болмақ.

Президент: «Микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бір реттік төлем жасауды енгізу ісі де аяқсыз қалды. Бұл норманың енгізілгеніне бір жылдан асты. Уәкілетті органдар жұмыстың табысты атқарылғаны туралы есеп берді. Ал, бизнес өкілдері бұрынғысынша салық пен жарнаны бюджеттік емес қорларға жеке-жеке төлеуді жалғастырып жатыр. Бір жағынан, орта бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беру керек. Мысалы, көп жағдайда бизнесті қолдан ұсақтап жатады. Кәсіпкерлерді тиісті санатқа бөлу әдістемесі дұрыс жолға қойылмаған. Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде орта бизнеске басымдық берілуі керек. Осы мәселелерді міндетті түрде шешу қажет. Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн. Тоқ етерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек» деді.

Президент негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесінің азайып кеткені елдің даму қарқынын тежейтінін жеткізді. Ішкі-сыртқы инвестицияны көбейту қанша айтылса да, көңіл көншітерліктей емес. Мәселен, көптеген облыстардың отыз жылдан бері дотацияға қарап келуі, тіпті аудандардың облыс пен республикалық бюджетке кіріптар болып отыруы инвестиция тарту мен экономикалық дамуға деген жайбасарлығының салдары. Географиялық платформа, табиғи ресурстар сай келіп тұрса да артта қалған ауылдар мен аудан, қалалардың көптігі осының дәлелі. Оның үстіне бюрократиялық кедергілер де ірілі-ұсақты бизнестің қай түрін болса да тежеп келді. Ішкі және сыртқы инвестицияны көбейту үшін жаңадан Инвестициялық штаб та құрылды. Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларының межелі  мерзімі мен деңгейінде орындалмауы жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен. Бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізу үшін даму институттарын жандандырып, шетелдік тәжірибеге сүйенуге тура келеді. Азуын айға білеген мемлекеттер осы күнгі жағдайларына бірден жетпеген. Олар даму жолында тазалық пен табандылық танытып, қазіргідей дәрежеге жеткен. Ал, бізде барлық дерлік салалар сыбайлас жемқорлықтың салдарынан оңалмай жатыр. Президент ақша жүретін жерге мейлінше адами факторды араластырмай, барынша бюрократиялық міндеттемелерді азайтып, тіпті инвесторларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Сол сияқты түрлі  жобалардың жүзеге асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосу да өте құптарлық іс. Біз, мысалы, жарты жылда бір рет аудан аралап, құрылыс нысандарымен танысамыз. Әбден қаңқасын тұрғызып, қабырғасы қаланып, едені төселіп қойғанда нысандардың сапалы салынуын талап ету қалай болады?! Сондықтан мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілетін құрылыс, мемлекеттік қолдау аясында іске қосылатын жобаларға міндетті түрде мониторинг жүргізу керек. Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Заң нормаларын әркімнің өз қалауына қарай икемдеуге тыйым салынды. Тауар, жұмыс және қызмет ұсынушыларға қойылатын талаптар мен белгіленген мерзімді бұзғаны, жұмысты сапасыз атқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілмек. Өйткені, құрылыс саласында олқылықтар өте көп. Сондықтан сапаға мән беріледі.

Мемлекет басшысы: «Тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық. Бұл – құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс атқарылды, нәтиже де бар. Бірақ, солай екен деп босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек. Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін. Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын» деп атап өтті.

Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау – мемлекеттің экономикалық үдерістерге жиі араласуынан біртіндеп бас тартуына мүмкіндік беретін реформа екені айтылды. Президент отын-энергетика нарығындағы қателіктердің соңы немен аяқталғанын еске салды.

Қайрат Балабиев,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *