«1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні» мерекесі аясында Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі» іс-шарасы өткізілуде. Яғни мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері де полиция қызметінде қалқысыз қызмет етуде.
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» — деп қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев жырға қосқан киелі өңірдің полиция сапында да өзге ұлт өкілдері тыныштықтың жаршысы болып жүр.
Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз облыс орталығына келген туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, абыройлы қызмет атқарып жүрген жас маман. Осы орайда Атаханова Дильдора Асадуллақызымен жақын танысатын боламыз. Ол 1989 жылы Түркістан қаласы Бірлік ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы Туристерге қызмет көрсету взводының қызмет инспекторы лауазымында қызмет атқарады.
— Мен өзім өскен ауылдағы Е.Иззатуллаев атындағы жалпы білім беретін мектепте оқып, білім алдым. Мектеп бітірген соң шаһардағы Дарын колледжінде құқықтану мамандығы бойынша білімімді жетілдірдім. Колледж бітірген соң тұрмыс құрып, аяулы ана атандым. Араға біраз жыл үзіліс жасап, қайтадан сүйікті мамандығыммен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Еңбек жолымды Түркістан қалалық полиция басқармасында қоғамдық жұмыспен сақшы сарбаз болып бастадым. Одан кейін учаскелік полиция көмекшісі болып жұмысымды жалғастырдым. Сонан соң Түркістан қалалық полиция басқасының басшысының хатшысы болып жұмыс істедім. Араға біршама уақыт салып қалалық полиция басқармасына техник-криминалист маманы болып жұмысқа қабылдандым. 2021 жылдың қаңтарында Алматы қаласындағы М.Есболатов атындағы академияға 3 айлық тағылымдамадан өтіп, техник криминалист мамандығын оқып меңгеріп, ары қарай жұмысымды жалғастырдым. Облыста жаңадан құрылып жатқанда Сауран ауданында да еңбек еттім. Сауран ауданында жемісті еңбектен соң Түркістан қаласына конвой қызметіне жұмысқа келдім. Абыройлы еңбек етіп 2022 жылдың соңына қарай қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының туристерге қызмет көрсету саласына жұмысымды жалғастырдым. Жемісті еңбек етіп офицер-лейтенант шенін иелендім. Қазіргі таңда біздің негізгі қызметіміз қалаға келуші туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шет тілдерінде қосымша ақпараттармен бөлісіп, қаланың ішкі әлеуетін дамытуға үлес қосып келеміз. Мен мұнда келмес бұрын түрік тілінің курсынан өтіп, тіл үйрендім. Тіл үйрену барысында түрлі қызықтар орынит алды. Жалпы мұндағы қызметкерлер бірнеше тілде қызмет көрсетеді. Мәселен, қазақ, орыс, өзбек, түрік, ағылшын, неміс, кәріс тілі және қытай тілдерінде қызмет көрсетеміз. Мұнда көмекке жүгінуші туристердің саны туризм маусымында тіпті арт ып кетеді. Соған орай қызмет сапасчы да артады. Жеке өз басыма туристермен жұмыс істеу ұнайды. Оларға көмек көрсету арқылы біз рухани шаһарымыздың туристік әлеуетін көтереміз. Туристердің қауіпсіздігінен бөлек біз жан-жақты қызмет етудеміз, жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері ереже бұзса хаттамалар толтыруға да атсалысып келеміз. Біздің қазіргі қызмет ету аумағымыз «Керуен сарай» мен Халықаралық меймандостық және туризм университетінің аумағында қауіпсіздікке қараудамыз. Туристер мен тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығына, тазалығына тікелей жауаптымыз. Кесене маңын да қарайтын әріптестеріміз бар. Қызмет барысында түрлі қызықтар орын алатыны белгілі. Көбіне кішкене балаларды жоғалу жағдайы кездесіп жатады. Бұл жерге ата-аналар мен балалар қыдуға келетіндіктен солай болуы мүмкін. «Керуен сарайдың» күзетшілерімен бірлесе отырып жедел әрекет жасаймыз. Бейнекамералардың көмегі арқылы жедел іздестіру жұмыстарын жүргіземіз. Жеке мәселелер мен қоғамдық жағдайлар бойынша да бізге бас сұғатындар жетерлік. Алаяқтық пен ұрлық, құқықбұзушылық жағдайларымен біздің жұмысымызға жүгінушілер де жетерлік. Бос уақытымды ұтымды пайдалу мақсатында кітаптар оқимын, соңғы оқыған кітабым «Кемел адам» кітабы. Сонымен қатар отбасыма көңіл бөлемін. Қызым мен ата-анама көңіл бөлемін. Қызымның тәрбиесі мен сабағына көңіл бөлемін. Оның болашағы жарқын болса, менің одан өзге арманым жоқ. Тілді меңгеруімді әлде де тоқтатқан емеспін, бос уақытымда түрлі дайындық курстарымен өзімді дамытамын. Жеке өмірім жайлы айтар болсам солай, қазіргі қызметіммен мақтанамын, бос уақытымда жеке қабілеттерімді дамытып, құқықтық білімді жетілдіруге назар аударып жүрмін. Өзге ұлт өкілі болсам да ешқащан өзімді жатсынған емеспін. Керісінше, тұтас өмірім қазақ деген дана халықпен байланысып жатыр. Айналамдағы жандардың барлығы, достарым, әріптестерім, көршілерім барлығы қазақтар. Қазақ тілін бала күнімнен жақсы білемін, қазақтармен емін-еркін сөйлесемін, оқитын кітаптарым мен көретін киноларым да қазақ тілінде. Сондықтан бұл тіл менің ана тілімдей аяулы тіл. Мемлекет басшысының жолдауларында айтылған барлық тапсырмаларды ұлттық тілде жүзеге асыруға атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Әр түрлі ұлттардың басын қосқан ортақ Отанымыз жасай берсін. Еліміз аман, Жұртымыз тыныш болсын , — дейді Дильдора Атаханова.
Әрбір отбасы — шағын мемлекет деген сөз бекер айтылмаған. Біздің кейіпкеріміз жайлы қысқаша айтқанда, ол өте еңбекқор, қайсар, жігерлі, отбасын сүйетін, қызына қамқор, қызметіне адал жан. Ұлты өзбек болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын біздің бүгінгі кейіпкеріміз Дильдора Асадуллақызы халқымыз үшін қашанда қарқынды қызмет етуге әзір екенін жеткізеді. «Халықтар достығы» жай ғана айтылған сөз емес. Себебі, Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Барлығы бір шаңырақ астында, бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде.
Полиция қызметі – халық сенімінің айнасы. Елімізде сенімге селкеу түсіруден бойын аулақ ұстайтын тәртіп сақшыларының арасында өзге ұлт өкілдері де жетерлік. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Түркістан облысының полиция қызметкерлері бейбіт еліміздің тыныштығын күзету жолында тік тұрып қызмет етіп жүрген ұлты басқа болса да, жаны мен тілі қазақ ел қорғандары айтар әңгімеміз мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта да олардың тынымсыз еңбегі мен өлшеусіз қызметі жайлы талай аңыз-әңгіме айтылары анық.
Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аң жете алмайтын қазақтың кең-байтақ даласында 130-дан астам ұлт өкілі өмір сүреді. Соның ішінде 40-қа жуық ұлт азаматтары Қазақстан полициясы мен Ұлттық ұланында қызмет етеді. Яғни орыс, украин, татар, ұйғыр, неміс, өзбек және әзірбайжан, шешен ұлттарының өкілдері қызмет жолында ар-намыстың жалауын желбіретіп жүр. Елімізде барлық ұлт өкілдері бір-біріне ерекше құрметпен қарап, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы тұрғыда Қазақстан өзге елдерге үлгі болып отыр. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде отансүйгіш, антқа адал полицейлердің басын біріктіріп, ортақ мүддеге ұйыстырады.
Азамат ӘЛІБЕК.