ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕГІ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУ ЖҰМЫСТАРЫНА МИНИСТР ОҢ БАҒА БЕРДІ

Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларының көлемін арттыру тапсырмасын Түркістан облысында жоғарғы деңгейде орындауға толық мүмкіндік бар. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың Түркістан облысына іссапары барысында су шаруашылығының проблемалары және су үнемдеу технологиясын енгізу мәселесі жөнінде өткізген мәжілісте айтылды.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, деп Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеген болатын. Ол Түркістан және Қызылорда облыстарында құрғақшылық қаупі аса жоғары екеніне тоқталды.

«Әсіресе, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек», – деді мемлекет басшысы.

Ол ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн екенін айтты.

«Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет», – деді ол. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен бірге Алматы облысының шаруа қожалықтарының өкілдері, аудан әкімдері және отандық суару жүйелерін өндірушілермен кездескен кезде де ол осы мәселе жайлы айтқан болатын.

Бүгінде Қазақстанда 2,3 млн га суармалы жер бар. Алайда 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 млн га нақты суармалы жердің 75% борозда әдісімен, 6% күріш алқаптарын суға бастыру, 21% қазіргі заманғы тамшылатып суару немесе жаңбырлату арқылы суарылады.

Айта кету керек, технология суды үнемдеп қана қоймай, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырады. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан фермерлерге инвестициялық субсидиялау және су беру қызметтерінің құнын субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

Фермерлерді заманауи су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін Су беру қызметтерінің құнын субсидиялау ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді субсидиялар мөлшері суару тәсіліне байланысты болады, яғни, су үнемдеу технологияларын қолданбай суару кезінде су беру тәсіліне қарамастан тарифтің 50-75%, ал су үнемдеу технологияларын қолданумен 60-85% субсидияланады. Бірақ 2026 жылға қарай суды үнемдемейтіндер үшін өтемақы тарифке байланысты 30-55% дейін төмендейді , — деді Айдарбек Сапаров.

2020 жылдан бастап су үнемдеу технологиялары енгізілген алаң 91 мың гектарға ұлғайды. Бұған фермердің суару жүйелерін сатып алуға, су алу және беру үшін инфрақұрылым жүргізуге жұмсаған шығындарының 50% өтелуі себеп болды.

Бұл ретте Мемлекет басшысы жылына 150 мың га жерді су үнемдеу технологияларымен қамту жөнінде нақты міндет қойды. Қазіргі уақытта Министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнату шығындарын субсидиялау нормативін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту мәселесін пысықтауда, оның 30% жергілікті бюджеттен субсидияланатын болады.

Сонымен қатар жабдықтардың құнын арзандату үшін Қазақстанда өндірістер ашу жоспарланып отыр.

Жиында Айдарбек Сапаров көктемгі егіс жұмыстарына дайындықтың маңыздылығын атап өтіп, ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Министрлік шаруаларды 340 мың тонна көлемінде жеңілдікті дизель отынымен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етеді. Көктемгі науқанды қаржыландыруға «Кең-дала» бағдарламасы мен форвардтық сатып алу бағдарламасы ықпал ететін болады. Ағымдағы жылы «Кең-дала» бағдарламасы бойынша 140 млрд теңге қарастырылған. Өтінімдерді қабылдау 19 қаңтардан басталды, алғашқы 15 млрд теңге Аграрлық несие корпорациясы шотына түсті. Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 40 млрд теңге бөлінді, – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Осы тұста Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жүргізген жиналысқа ауыл шаруашылығы құрылымдары басшылары, аудан, қала әкімдері, сондай-ақ су үнемдеу технологиялары саласындағы отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар қатысты. Мәжілісте республикалық меншіктегі су нысандарының құрылысын аяқтауды қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларына қажетті жеңілдетілген кредиттік ресурстар туралы айтылды. Сонымен бірге инвестициялық субсидиялауға қажетті қаржының республикалық бюджеттен қаралуы жайлы да айтылды.

Министр бірінші кезекте су үнемдейтін технологияларды енгізу және суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет бұл үшін субсидия көлемін ұлғайтуға және суармалы суға тарифті төмендетуге дейін барлық жағдайды жасайтынын мәлімдеді. Бұл саладағы мәселелердің шешілуіне барынша қолдау көрсетілетінін айтқан министр, өңірдегі су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарына оң баға берді.

Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында іске қосылды. Сонымен қатар тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленуде. Көрші Өзбекстан елінде су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт басшылығымен Түркістан өңірінде жұмыс бастау туралы келісім жасалды.

– Түркістан облысының ауыл шаруашылығы республикада ерекше орын алады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13 пайызы облыстың үлесінде. Облыста 81,8 мың шаруа, фермерлік қожалықтар жұмыс істейді. Бұл –республиканың 30%-ы. Сондықтан да, бүгінгі көтеріліп отырған күн тәртібіндегі мәселелер Түркістан облысы үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екендігін атап өтіп, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалу шараларын қабылдауды Үкіметке тапсырған болатын. Оның ішінде су шаруашылығын дамытуға, су үнемдеу технологияларына кешенді көшуді негізгі басымдыққа қойды. Осы орайда, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы арнайы өңірлерге келіп, тікелей шаруалармен жүздесіп, мәселелерді талқылауда, – деді мәжілісті жүргізген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Нұржан Нұржігітов министрлік жұмысының негізгі бағыттары туралы айтты. Мәселен, Қазақстан бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 57 су қоймасын салу жоспарланып отыр, оның 20-сын Су ресурстары және ирригация министрлігі салады. Сондай-ақ 133 гидротехникалық құрылысты және 14 мың шақырымнан астам суару желілерін жөндеу жоспарлануда.

– Судың көлемі енді көбеймейді. Сондықтан осы бағытта жұмыстарға күш салынады. Елімізде су шаруашылығы саласын ауқымды трансформациялау негізінен үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі – суды үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалануға түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Содан соң, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту, озық су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру жүйесін күшейту. Сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен су үнемдеу мәдениетін енгізу. Үшіншісі – көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту. Еліміздегі су тапшылығы проблемасын шешу үшін екі негізгі құжат – Су кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалды. Су кодексінің жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан қорғауға басымдық беріледі. Су саласындағы жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Мәжілісте спикерлер суару маусымына дайындық, су жинау, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі, үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарын енгізу, су үнемдеу технологияларын пайдалану және басқа да маңызды мәселелер бойынша баяндады. Ұсыныстар енгізіліп, жоспарлар жасалды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *