ӨМІРІ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ ЖАН

Мавлюда Абуталипқызы Исмаилова 1950 жылы 7 қарашада Шорнақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Абуталип Исмаилов 50 жыл білім саласының дамуы жолында еңбек етіп, Т.Айтжанов атындағы (бұрынғы Фрунзе) мектебінің директоры, директордың оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған.
Мавлюда Абуталипқызы әкесінің ұстаздық жолын таңдап, әкесі еңбек еткен Тұрсынхан Айтжанов атындағы мектепте 1967 жылдан бастап биология пәнінің мұғалімі қызметін атқарыпты.

Иә, «Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, өзі он жыл білім алған білім ошағында 40 жыл ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шыққан. Алғашқы жылдары бастауыш сыныптар бойынша мектеп директорының оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарса, кейіннен өзінің мамандығы биология пәнінен сабақ берген. Өмірлік жолдасы Батыр Ғұламов 1944 жылдың тумасы, колхозда мал дәрігері, кейін мақта бригадирі қызметін атқарған.
Мавлюда Абуталипқызы Құдай қосқан қосағы Батыр Ғұламов екеуі 4 ұл мен 2 қызды дүниеге әкеліп, оларға өнегелі тәрбие берген өнегелі отбасы иелері.
Жақсы жолға түскен арбаның алдыңғы дөңгелегінің кейінгіге әсеріндей, үйелмелі-сүйелмелі бір үйдің балаларының бірінің артынан бірі білім қуып, талаптанып, ізденіп, әділдік пен адалдықтың қазығына байланып, үлкен арман жолымен жүріп келе жатқандығы мерейді тасытады. Мавлюда апаның ұл-қыздары білім саласында, жеке кәсіпкерлікте ел игілігі жолында үлкен абыроймен еңбек етуде. Бүгінде осынау ұл-қыздарынан 21 немере, 7 шөбере сүйіп отырған Мавлюда Абуталипқызы мен Батыр Ғұламов бақытты қариялардың бірі әрі бірегейі болып отырған жайлары бар.
–Мавлюда апа, жастарға өнеге тағлым боларлық өмір жолыңыздан сыр айта отырсаңыз?
– Алғаш келін болып түскенімде үйде екі енем бар еді. Енемнің туған абысыны да біздің үйде тұратын. Екі ене, қайынатам, бір қайынағам, бір қайным, екі қайынсіңліммен бірге 12 жыл бірге тұрдық. Қайынатам да, өзімнің туған әкем де Ұлы Отан соғысының ардагерлері, екеуі де майдангер болатын. Жастай келін болдым. Өз үйім де үйде сиыр саумағанмын. Ақ босаға аттап, келін болып түскенімде үйде 2-3 сиыр болды. Сиыр сауып үйрендім. Қос енемнен үйренгенім көп болды. Білмегенімді енелерім үйретті. Адамның жүрген ортасы да тәрбиелейді екен. Мектеп ұжымы да мені тәрбиеледі десем артық емес. Пендеміз ғой. Кейде келіндер келген жерін жамандайды. Сонда біздің ұжымдағы кейбір апайлар: «Неге сіз атаңыз бен енеңізді жамандамайсыз?-дейтін еді. Мен оларға: «Менің қайынатам мен енем жаман емес, жақсы жандар. Өзіме жақсы»,-деп ешқашан жамандаған емеспін. Өйткені, отан болатын адам жамандамайды, жаман жағын емес, жақсы жағын көреді. Мен ата-енелерімнің ақ батасын алған адаммын. Иншалла, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз.
Т.Айтжанов атындағы мектеп қазақ-өзбек аралас мектеп. Қазақ сыныбында еңбек ететін әріптестермен көп араластым. Былтырғы жылы 70 жылдық мерейтойымды өткізгенімде әріптестерім – қазақ сыныбының мұғалімдері де тойға тегіс келді. Сонда соны көрген құда-құдағиларым: «Барлық қазақ сені жақсы көреді екен. Достарың қазақ екен. Сені қатты сыйлайды, құрметтейді екен» деп, қайран қалғаны бар. «Мен де оларды қатты сыйлаймын, құрметтеймін» деп жауап бердім оларға. Осы ынтымақ-бірлігіміз нығайып, арта берсін. Қазақ мектебінде жұмыс істегендіктен қазақ тілінде сауатты жазамын, таза сөйлейтінмін. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ғой, тілім өзбекшеге кетіп қалып жатыр. Әйтпесе, мектепте жүргенімде қазақ тілінде таза сөйлейтінмін. Маған ешкім арнайы қазақша үйреткен емес. Бірақ, қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді жастанып жатып, көп оқитынмын. Білмеймін, сондай жаныма жақын болды. Бір күні қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қазақ тілінде шыққан кітабын оқып отырып, әкемнен: «қаралы сұлу» сөзінің мағынасын сұрағанмын. Жетінші сыныпта оқитын кезім. Сонда әкем: «Әй қарағым-ай сен де қайдағыны тауып аласың. Қаралы сұлу деп өмірде жесір қалған әйелді айтады, деп түсіндірген болатын. Сол әдеби кітаптарды көп оқығандықтан болар, қазақ тілінде сауатты жазып, оқитын болдым.
Бүгінде жастардың көпшілігі кітап оқымайды. Үйдегі немерелеріме: «кітап оқыңдар» деп айтып отырамын. Өйткені, кітап – тіл байлығы. Ой өрісі кеңейеді. Дүние танымын күшейтеді. Қазақ әндерін айтқанды да жақсы көремін. Әсіресе, ұлы ақын Абайдың әндерін, Шәмші Қалдаяқовтың әндері ерекше ықыласпен тыңдаймын. Ғажап әндер. Тыңдай бергің келеді. Әсіресе, «Сыған серенадасы» әнін қосылып айтып отырамын. Сондай-ақ, Роза Әлқожаның «Мен сыйға тартқан орамал» әнін де сүйіп тыңдаймын.

Қара шаңырақтағы Фархад ұлымның келіншегі Гүлнәр келінім қазақтың қызы. Біз Гүли деп атаймыз. Келінім екеуміз қазақша сөйлесіп, жиі пікірлесіп отырамыз», дейді Мавлюда апа.
– Мавлюда апа үйлеріңіздің ауласына кіргеннен жайнап тұрған гүлдерді көрдік. Оларды кім өсіреді? Өзіңіз ба, әлде келініңіз бе?
– Бұрын гүлдерді үйде өсіретінбіз. Үйдің іші жағалай гүлдер толы болатын. Қазір енді далада парникте өсіріп жатырмыз. Мен биолог маман болғандықтан гүлдердің қыр-сырына үңіліп, көп жылдан бері гүлдің қаншама түрін өсіріп келемін. Былтыр пандемия кезінде қатты ауырдым. Сонда дәрігерлер: «кислород алыңыз» деді. «Кислород менің ауылымда, ауламда жетеді» деп едім дәрігерге. Үйге келгеннен соң бақша шаруасымен айналысып, таза ауада көп жүріп, тез сауығып кеттім.
– Мавлюда апа, мектеп өмірінен есіңізде қалған оқиғаны айтып берсеңіз? Жаныңызға батқан оқиға болды ма?
– Бастауышта оқу ісінің меңгерушісі болып істедім деп айтып едім ғой, әлгінде. Сол уақытта киім киісі, жүріс-тұрысы нағыз педагогке лайық әріптесіміз бар еді. (Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын). Бірде маған мектеп директоры бастауыш сыныптардың соның ішінде 4-сыныптың мұғалімдері математикадан сабақты қалай өткізіп жатқанын тексеруді тапсырды. Төртінші сыныптардың сабақтарына бірінен кейін біріне кіріп жатырмын. Соның ішінде мен өзім киім киісіне, жүріс-тұрысына қызығып жүретін мұғалім сабақты мүлде өткізе алмады. Төртінші сыныпқа «Өлшем бірлігі» тақырыбындағы сабақты жоспарлаған екен. «Сіз артқы партаға барып отырыңыз, сабақты мен өтейін» дедім жай ғана. Оқушыларға апайларының сәл мазасы болмай тұрғанын айтып, ескерттім. Қысқасы, сол күнгі сабақты мен өткіздім. Сабақ біткен соң ол мұғалімге: «Ертең әбден дайындалып келіңіз. Дайындалып келген сабағыңызға кірейін» дедім. Ертесіне келсем, дайындалған. Бірақ сабақ өткізудің жүйесін білмейді. Бұл күні де сабақты мен өткіздім. Амал жоқ, мектеп директорына айтуға тура келді. «Мына қыз сабақты мүлде өткізе алмайды. Басқа сабақты берсе берсін, математикадан сабақ беруге басқа мұғалімді бекітуіміз керек. Балалардың барлығы сауатсыз болып барады» деп айттым. Мектеп директоры: «Сабағына өзім кіріп, көрейін» деді. Содан мектеп директоры екеуміз тағы кірдік сабағына. Сабақты дұрыс түсіндіре алмайды. Содан педагогикалық ұжымының талқысына салдық. Сонда: «Айналайын, бүкіл ата-ана қауымы саған балаларын сеніп тапсырып отырғанда, оларға өз деңгейінде математика пәнінен үйретуің керек. Мен саған өкпелемеймін. Сенің ұстазыңа өкпелеймін. Өйткені, сенің білім негізің, қаланған кірпішің жоқ. Айып етпе, математика сабағын басқа мұғалімге беру керек»,дедім. Еңіреп жылады. Сол кездері енесі де ауырып жүрген болатын. Кейін енесі көп ауыра бергеннен соң жұмыстан шығып кетті. Оның жұмыстан шығып кеткеніне өзімді кінәлі санап жүрдім. Кесірім тиіп кетпеді ме? Дұрыс сабақ өте алмағанын бекер айттым ба екен деп өкіндім.
…Арада көп жылдар өтіп, зейнеткерлікке шыққан кезім. Бір күні кішкентай немеремді жетектеп көшеде жүргенмін. Жанымнан әуенін айқайлатып қойған, ішіне жастар жайғасқан жеңіл автокөлік өтіп барып, кері қайтып келді. Ішінен бір топ жігіттер шығып, жылы амандасты. «Апай, кешіріңіз, біз сізді танымай қалыппыз. Жүріңіз қайда барасыз апарып тастаймыз» деді. Сөйтсем, сол мұғалімнің сыныбының балалары екен. «Апай сондағы өткен сабағыңыз санамызда әлі жаңғырып тұр. Сол 3-4 күн өткізген сабағыңыз, сіздің дауысыңыз миымызда жатталып қалып қойды» деп айтқанда, өзімнің дұрыс шешім жасағанымды түсіндім.
Айтпағым, шыдамды, сабырлы болсаңдар өмірдегі барлық қиындықты жеңуге болады. Мамандықты жүрек қалауымен таңдаңыздар. Сонда өздеріңіз сүйіп таңдаған мамандықтың майталманы атанасыздар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *