ҰЛТТЫҚ САНА ЭКОЛОГИЯСЫ

Ел тарихындағы жаңа кезең ретінде санала бастаған 2022 жылдан бастап, яғни «Жаңа, Әділетті Қазақстан» термині кең қолданысқа енгелі бергі уақытта 3 мәрте Ұлттық құрылтай өтті. 2022 жылы Ұлытаудан бастау алған алқалы жиын былтыр киелі Түркістанда, үстіміздегі жылы еліміз тарихында маңызды оқиғалар куәгері саналатын Атырау жерінде үшінші рет және жылдағыдан ертерек өткені белгілі.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, биылғы Құрылтай отырысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келгенін айта келіп, үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін атап өтті.

– Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады.

– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды. Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бей-жай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді.

Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған.

– Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.

 

Алқалы жиында сөз алған ҚР Президенті Қ.Тоқаев алдыңғы Құрылтайларда көтерілген мәселелердің бірқатары бүгінгі күннің өзінде толық орындалғанын баян етті.  Қоғамдағы ұлт жанашырлары, мемлекеттік билік тармақтары өкілдерінің басын қоса отырып, елдік мұраттарды айқындай түскен жиында негізінен, елдің экономикалық әлеуетімен қатар ұлттың рухани тұстарын түгендеу мен тарихи сананы ояту арқылы ұлттық бірлікті қамтамасыз ету, оның ішінде аға буынның, зиялы қауымның ауызбіршілігінің ел дамуында маңызды рөл атқаратынына арнайы тоқталды. Сонымен бірге жалпыұлттық идеологияны күшейту бағытындағы және азаматтардың отансүйгіштігі мен жауапкершілігіне, ұрпақ тәрбиесі мен саулығын қамтамасыз етудегі өзекті мәселелерге көптің назарын тағы бір аударды.

Құрылтайда айтылған ойлар алдыңғы жиындардағы ойлармен тікелей сабақтастығы өз алдына, ең бастысы, бұл жерде кешегі бабалардан қалған асыл сөз мұраларымен, терең ойлармен, ұрпағына қалдырған аманаттарымен тікелей сабақтастықта өрбіп отырғанына назар аударғымыз келеді. Ал, қазақ халқын, қазақстандықтарды тәуелсіз санаға ие ұлт ету мен төл мемлекеттігіміздің мәңгілігін қамтамасыз етудің бабалар арманымен үндесіп жатуы бәріне ортақ идея, түптеп келгенде, оларды жүзеге асыратын ұлттық идеологиямен астасып жататыны белгілі. Яғни «Әділетті Қазақстан» орнығуы үшін барлық істе ұлтымыз ірілік танытуы қажет. Ал, ірілік деген қасиет қазақтың қанында бар.

Бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін жаһандану жағдайында ішкі бірлік мәселесі өте өзекті. Президент «шежіре біздің ұлттық кодымыз» екенін, бірақ әркім өз атасын ғана дәріптеумен айналысып кетудің қоғамға зиян екенін ашық аңғартты. Кешегі бабалардан қалған «Атаның баласы болма, адамның баласы бол!» деген данышпандық ойды жеткізді. Ондай сабақтастықтарды көптеп атап көрсетуге болатыны тағы белгілі. Тағы бір ой сабақтастығы туралы мысалды Төле би бабадан қалған «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген сөзінің астарынан түсінуге болады. Мұны Төле бидің өз заманында елдік пен ұлттық мүддені жоғары қоюы себепті айтқаны белгілі. Сол данышпан кісілердің ойлары Президент сөзі үндес шықты десек, артық айтқандық болмас. Мемлекет басшысының «әркім өз атасына қатысты ғана жоғары жаққа хат жолдауды тоқтатып, барынша жалпы мемлекеттік, ұлттық дүниелерді дәріптеу қажеттігі» туралы айтқандарымен толық келісеміз. Осы қатарда тарихи сананы қалыптастыратын тарих ғылымына ғылыми тұрғыда келу, деректерді екшеу арқылы әзірленіп жатқан Отан тарихының 7 томдығы жауап береді деп сенім білдірді. Елді сол тарихтағы Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толуына байланысты іс-шараларды лайықты зерделеуге шақырды. Біз

Мемлекет басшысының пікірін толықтай қостаймыз.

Президенттің: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес» дей келе, ел назарын бүгінгі қоғамдық кеселге айналып отырған бірқатар жағдайларға аударуы бекер емес. Оның ішінде Президент тарапынан «қоғамда адамдардың әлсіздерге әлімжеттік көрсетуі мен қорлауы» ғана емес, азаматтарымыз тарапынан тұмса табиғатқа деген «жабайылық» сипаттардағы әрекеттері де сынға алынды. Бұл орайда, ұлттық құндылықтарын дамыту арқылы жақсы жетістіктерге қол жеткізіп отырған өркениетті елдердің тәжірибелерін ескеру маңызды екенін нақты айтты. Әсіресе, Президенттің «Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек» деген сөздері тұтас қоғамның, оның ішінде тиісті салалар мамандарының ескеретін-ақ мәселесі. Олай болса ұлттық санамызды сауықтыру, оның экологиясымен айналысу әрбірімізге қастерлі парыз болуы керек. Ол үшін кітаппен достасу, әдебиетті көп оқу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ол туралы да Құрылтайда жан-жақты айтылғанын көпшілік жақсы біледі.

Қорыта айтқанда, Атырауда өткен алқалы жиын жұмысының нәтижелерін көрсететін және қазіргі шешімін күтіп тұрған түйінді тұстардың оң шешімі қоғамдағы руханияттың үйлесімді дамуына, оның ішінде ең алдымен ұлттың жаңа экологиялық санасының жоғары деңгейіне тікелей байланысты деген түйін жасағымыз келеді.

 

Қайрат АНАРБАЕВ,

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ тәрбие жұмысы

және жастар саясаты департаментінің директоры,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *