Бүгінде Қазақстанда 837 мың толық емес отбасылар, оның 758 мыңы – әйел адам және 79 мыңы – ер адам. Жалпы, толық емес отбасылардағы адам саны –
2 млн. 601 мың. Елімізде екі миллионға жуық жетім бала бар, оның әрбір бесіншісі некесіз отбасында өмірге келген. Қоғамда жалғызбасты аналардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Бірі – қапияда ері қаза болғандар, екіншілері – ажырасып кеткендер, тағы бірі – алданып қалғандар мен азаматтық некеден қапыда қалғандар. Толық емес асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекеттен жәрдемақы беріледі, ал жалғызбасты аналар мен әкелерге ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудағы, отбасын нығайтудағы басым бағыттардың бірі – ана мен балаға әлеуметтік қолдау жасау болып табылады. Бүгінде жалғызбасты аналар мен әкелерге жәрдемақы мөлшері шектеулі және берілетін көмек мардымсыз. Барлық анаға 1,5 жасқа дейінгі баланы күтуге ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді және олардың көлемі әртүрлі. Жұмыссыз әйелге бір балаға ай сайын 19 872 тенге, ал жұмысы бар ананың әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 2 жылдағы орташа айлық кірісінің 40 пайызын құрайды. Жалғызбасты, олардың ішінде жас аналар мемлекеттік әлеуметтік қолдауды қажет етеді, себебі олар дүниеге некесіз бала әкелумен туындайтын қаржылық, моральдық және тағы басқа жағдайларды өздігінен жеңуге қауқарсыз келеді. Сондықтан, жалғызбасты аналар мен әкелерге мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсету қажет деп санаймын.
Бір топ депутат Қазақстандағы барлық әйел мен жалғызбасты ер адамның бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзімін 3 жылға дейін ұзартуды; жұмыссыз жалғызбасты аналар мен әкелердің бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшерін заңда бекітілген күнкөріс минимумына теңеуді; жалғызбасты аналар мен әкелердің балаларына мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін бірінші кезектегі жеңілдіктерді беруді, сондай-ақ, жалпы әйелдердің зейнетке шығу жасын 55-ке дейін төмендетуді сұрадық. Жалғызбасты аналардың жанайқайын жеткіздік. Алайда, Министрлік тарапынан әлеуметтік жәрдемақылардың жалпыға бірдей беріліп, жағдай жасалып жатқаны жайында жауап қайтарды. Біз жетімі мен жесіріне ерекше қамқорлық танытқан халықпыз. Сондықтан жалғызбасты аналар мен олардың балаларына көмекті көбейткеннен келіп-кетер зиян жоқ. Олардың тұрғын үй мәселесі де шешілмеген. Мұны да үйлестіру керек деп есептеймін.
Сарыағаш пен Жетісай арасындағы жолдар тозып, қозғалыс қиындап кеткен. Ол транзиттік жол болғандықтан, көкөніс, бау-бақша өнімдерін тасымалдайтын көліктер де, жалпы, Шымкент, Түркістан бағытында қатынайтын жолаушылар күндіз-түні тыным таппайды. Оның үстіне Сарыағаш ауданының аумағында көлік және жолаушыларға арналған кедендік бекеттердің бары да қозғалысқа әсер етеді әрі жолдардың тақтайдай тегіс болуын талап етеді.
Мәжіліске депутат болып сайланғанғалы облыс бойынша маған мұңын шағатындар өте көп. Өз сайланған округқа қарамаса да, одан тыс жерлерден шағымданушыларға құлақ аспасқа амалым жоқы. Әсіресе, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласынан хабарласатындар баршылық. Ала жаздай Сарыағаш пен Жетісай арасындағы тас жол жыр болды. Расында да, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны біткен жерден бастап, Жетісайға жеткенше жолдың сапасы сын көтермейді. Ол республикалық трасса десе де болады. Себебі, Жетісай мен Сарыағаш арасынан сауда керуені күндіз-түні үзілмейді. Бір емес, бірнеше кеден бекеті бар. Жол азабын тартқан жолаушылар мен жүргізушілер жанайқайын Үкіметке жеткіздім.
Индустрия және даму мминистрлігінің мәліметінше, «Жизак-Гагарин-Жетісай-Киров-Қызыләскер-Сарыағаш-Абай-Жібек жолы» А-15 74-220 км (ұзындығы 48 км) автожолын орташа жөндеуден өткізу биыл басталып, келесі жылы аяқталады екен. Қозғалыс қарқындылығының өсуіне байланысты, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында ұзындығы
102 шақырымды құрайтын (4 жолақты) «Қонысбаев өткізу пункті арқылы Өзбекстан Республикасына шыға отырып, Сарыағаш қаласын айналып өту жолы» республикалық маңызы бар автомобиль жолын салу көзделген. Жоба Халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен іске асырылады. Бұл бойынша өткен жылы ҚР Үкіметі мен ХҚҰ арасындағы Әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің шешімімен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азия Даму Банкімен ынтымақтастық бағдарламасына жобаны енгізу және оны 2024 жылы іске асыруды бастау мерзімімен мемлекеттік кепілдікпен қарыз есебінен қаржыландыру туралы өтінімі мақұлданған. Қазір мемлекеттік және экономикалық сараптамадан өту және қорытынды алу үшін техникалық-экономикалық негіздемені түзету жұмыстары жүргізулуде. Жалпы, құрылыс 2025 жылы басталады деп күтілуде. Сондықтан, «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, көбі кетіп азы қалды.
Соңғы кездері жол қозғалысын бақылауға арналған бейнекамералардың айналасында дау-дамай көбейіп кетті. Жұртшылық айыппұлды азайтуды талап етуде. Жол жүру ережесінде пайдаланылатын, автоматты режимде жұмыс істейтін «Фото және бейнежазба» арнайы техникалық құралдары қазір қоғамымызда тек келеңсіз оқиға тудырып отыр. «Сергек» бейнебақылау камералар жүйесі онсыз да күнін әрең көріп жүрген халықтың қалтасын қағып, жаппай наразылығын туғызып жатыр. Орнатылған бейнебақылау камералары жайлы ескертетін жол белгілерінің жоқтығы да жығылғанға жұдырық болып, қарапайым азаматтар «Конституциялық заң бұзылды» деп дабыл қағуда. Адамның және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың мүлтіксіз орындалуы – «AMANAT» партиясының қадағалауында.
Қ. БАЛАБИЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.