САУРАН: АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға еліміздің басшылығы тарапынан баса назар аударылып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында ауыл шаруашылығын дамымаса бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыру мүмкін емес екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты ол елді азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және еңбек өнімділігін арттыру жөнінде бірқатар міндеттерді алға қойды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін қажетті несие және мемлекеттік қолдау шараларының берілу шарттары түсіндіру және Сауран ауданының ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша құрылған кеңесінің отырысы өтті.

Мәжіліске «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Мүйтембаев Азат Мақсұтұлы және «Ырыс» МҚҰ ЖШС, «Оңтүстік» АИО ЖШС, сондай ақ, мәжіліске тиісті мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібінде «Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік қолдаулар жөнінде түсіндіру» мәселесі қаралды. Алғашқы болып «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Азат Мақсұтұлы баяндама жасады. Екінші сөз «ЫРЫС» МҚҰ ЖШС-ның «Кең дала» бағдарламасы бойынша Сауран ауданы координаторы Асхат Ырысқұлұлына беріледі.

Жиын соңында тыңдаушылар тарапынан көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, жұмыс жалғасатын болады.

Осыған орай, Сауран ауданының тұрғындарының назарына агронесие жайлы мағлұматтарды ұсынып отырмыз. Аграрлық несие корпорациясы көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруды жалғастыруда.

Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси шиеленіс орын алған мына заманда “цифрландыру” жаңа мүмкіндікке жол ашатынын айтқан болатын.

Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» жұмысты жылдамдату мақсатында аз ғана құжат негізінде өтінімдерді қараудың жеңілдетілген процесін бекітті. Кеңес алу үшін және «Кең дала 2» бағдарламасына өтінім беру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыс орталықтарындағы филиалдарына хабарласу қажет.

Осы орайда, қосымша ақпаратты Agrocredit.kz сайтынан оқи аласыздар немесе 5353 Call орталығына Kcell, Activ, Beeline және 8 701 006 19 91 телефон нөміріне Tele 2, Altel абоненттерімен хабарласып, біле аласыздар.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл мәселеде көктемгі егін егу жұмыстарын тиімді және уақтылы жүргізу үлкен рөл атқарады. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өз қызметін біртіндеп жақсартуда және аграрлық секторды қаржыландыру көлемін ұлғайтуда.

Мәселен, 2021 жылы «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге жеңілдікпен несие беру көлемі 70 млрд теңгені құраса, 2022 жылы оның көлемі екі есеге артып, 140 млрд теңгеге дейін жетті. Соңғы үш жылда Корпорация жыл сайын көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге 140 млрд теңге көлемінде қаржы беріп келеді.

Егер алдыңғы жылдары несиелер қысқа мерзімге беріліп, оларды 1-желтоқсанға дейін өтеу қажет болса, қазір қаржыландыру орта мерзімді болып өзгерді. Яғни, қарызды өтеу мерзімі ұзартылды (қазіргі уақытта қарыздардың 50% өтеу 1-желтоқсанға дейін, қалған 50%-ын келесі жылдың 1-наурызына дейін төлеуге болады). Бұл фермерлерге астықты барынша ұтымды бағамен сатуға мүмкіндік береді.

Бюджеттік несиелеу есебінен бөлінген 140 млрд теңгеден бөлек, қосымша қаржыландыру 300 млрд теңгеге ұлғайтылды. Бұл ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында Үкіметтің, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қолдауымен іске асырылды. Көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарын қосымша қаржыландыру есебінен 4,0 миллион гектар егіс алқабы қамтылатын болады. Фермерлерді қаржыландырудың жаңа шарты бұрын-соңды болмаған және бұл механизм фермерлер үшін маңызды бірқатар мәселені шешеді.

Бірінші. Қарыз алушылар үшін жеңілдетілген жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде болады. Бұған дейін фермерлер пайыздық мөлшерлемені қысқарту үшін және субсидия алу үшін жергілікті жерлердегі ауыл шаруашылығы басқармаларына жүгінуге, жаңа міндеттемелерге қол қоюға, қаржының бөлінгенін күтуге мәжбүр болған. Бұл олардың қаржылық жағдайларына кері әсер етіп келген. Енді мұндай әурешілік болмайды. Осы өнім шеңберінде корпорация тиісті мемлекеттік субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізуге бастамашы болды. Соның арқасында фермерлер үшін барынша тиімді және ыңғайлы жағдайлар жасалды. Яғни, фермер қандай да бір қосымша рәсімдерсіз мөлшерлемесі төмендетілген несиеге қол жеткізе алады.

Екінші. Көп жағдайда агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері Корпорацияға несие алу үшін жүгінген кезде кепілдік жетіспеушілігі проблемасына тап болады. Бұл проблеманы ауыл шаруашылығы саласының кәсіпкерлері мен қоғамдық ұйымдары көптен бері айтып келеді. Мемлекеттік қолдаудың жаңа маханизміне сәйкес фермерлердің «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша алған қарыз сомасының 85%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіретін болады. Осылайша, көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізуге қаржы қажет кезде шаруалар алатын несие сомасының 15%-на кепілдік қойса жеткілікті.

Мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты негізде ұсынылады. Фермерлерді қолдау және олардың қызметтерін үнемі жақсарту Аграрлық несие корпорациясының басты міндеті. Мәселен, өткен жылы астық егетін өңірлердің фермерлері қолайсыз ауа-райының салдарынан зардап шекті. Бұл бірінші кезекте олардың қарыздарын төлеу міндеттемелерін орындау мүмкіндіктеріне кері әсер етті. Оларды қолдау үшін жалпы сомасы 56 миллиард теңге болатын қарыз төлемі кейінге шегерілді.

Биыл Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен фермерлерді қолдау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Аграрлық несие корпорациясы мен оның еншілес компаниясы «ҚазАгроҚаржы» АҚ клиенттер үшін төлемдерді кейінге шегеру шартын бекітті.

2024 жылғы кестелер бойынша барлық төлемдер 2025 жылдан бастап қаржыландыру мерзімінің соңына дейінгі төлемдерге теңдей бөлінеді. Ал 2024 – 2025 жылдары қарыз мерзімі аяқталатын жобалар бойынша қызмет бағытына байланысты 24 айға дейінгі мерзімге шегерілетін болады. Су тасқынынан зардап шеккен фермерлерге несие төлемдерін кешіктіргендері үшін айыппұл мен өсімпұл есептелмейді.

Айта кетейік, жақында Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешені саласындағы бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында ауыл шаруашылығын дамытудың түйткілді мәселелері мен перспективалары талқыланды.

Кездесуде Президент былтыр ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 9,1 пайызды құрағанын атап өтті. Оның айтуынша, егін бітік шығып, диқандар 23 миллион тоннаға жуық астық жинады. Сондай-ақ егіс алқаптарын әртараптандыру және мол өнім беретін дақылдар өсіруге көшу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Майлы дақылдар өсіретін егіс көлемі шамамен 4 есе ұлғайып, 3,5 миллион гектарға жетті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл оң нәтижеге күнделікті еселі еңбегімен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының арқасында жетіп отырмыз. Сарапшылар суармалы жерлердің көлемін ұлғайту және оларды ұтымды пайдалану алға қойылған міндеттерді орындаудың негізгі кепілі деп санайды. Сенат депутаттары мәселені егжей-тегжейлі зерделеу және осы саланың жағдайын жақсарту жөнінде іс жүзіндегі ұсынымдар әзірлеу үшін салалық комитеттің көшпелі отырысын өткізді. Тиісті министрліктер мен аймақтың басшылығы, аграршылар, ғалымдар мен кәсіпкерлер офлайн және онлайн тәртібіндегі осы сындарлы әңгімеге қатысты. Жақында сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері өңірге сапары барысында Түркістан магистралды каналын жөндеу жұмыстарының барысымен, «Кеңсай-Қосқорған 2»  су қоймасының құрылысымен танысты, сондай-ақ су үнемдеу технологиялары пайдаланылатын «Түркістан-Агро» ЖШС-тің егіс алқабында болды.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға және агроөнеркәсіпті дамытуға басымдық берілген.

Осы орайда, Түркістанда Қазақстан-Неміс университетінің (DKU) филиалы ашылмақ. Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз неміс жоғары оқу орны арграрлық саладағы озық тәжірибе негізінде жергілікті жастардың арасынан сұранысқа ие ауыл шауашылығы бағытындағы мамандарды даярлайды. Осыған орай, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бүгін Қазақстан-Неміс университетінің (DKU) президенті Роммель Волрадпен кездесті.

Тараптар Қазақ-Неміс аграрлық университетін ашуға қатысты мәселелерді жан-жақты талқылады. Облыс әкімі Қазақстан мен Германияны өзара тиімді стратегиялық серіктестік байланыстырып келе жатқанын атап өтті. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен, жоғары білім мен ғылым саласына басымдық берілетінін айтты.

Түркістан облысының аграрлық өнеркәсібі ең дамыған өңірлер қатарына кіретінін айтқан облыс әкімі аймақтың осы саладағы жетістіктерін жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстандағы барлық өнеркәсіп өнімдерінің 5,9%-ы Түркістан облысында өндіріледі. Бүгінгі күнде Түркістан облысының өнеркәсіп өнімінің көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Облыста заманауи мал биржасын ашу жоспарлануда және жылына 100 мың тері өңдейтін кәсіпорынды соғу жұмыстары басталған. Ауыл шаруашылығына инвестиция құйылуы жыл сайын екі есе көбеюде.

– Еліміздің ең көне қалаларының бірі – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған, жеткілікті еңбек ресурстары бар өңір. Облысымыз ауыл шаруашылығы саласында дамыған өңір болғандықтан, аграрлық өнеркәсіп саласындағы университетінің ашылуы басты басымдықтардың бірі болып саналады. Аталған мәселелерді ескере отырып, облыс әкімдігі өз тарапынан барлық алғышарттарды қарастыруға және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайын. Түркістан облысы жастар саны бойынша да республикада көшбасшылар қатарында. Бұл бастама облысымыздың және жақын орналасқан басқа да, қалалардағы жастардың аграрлық секторды күшейтуіне және дамытуына зор ықпал ететініне сенемін, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

ЖОО-ның басшысы өз сөзінде жоғары білікті мамандарды дайындау қазақстандық және неміс компаниялары үшін де тиімді екенін атап өтті. Әзірге Қазақстан-Неміс университетінің (DKU) филиалы ретінде ашылып, алдағы уақытта жеке дара университет болатынын жеткізді. Оқу ордасының Түркістандағы филиалы ауыл шаруашылығы мен қолданбалы информатика мамандарын даярлауды жоспарлауда. Онда Германия елінен келетін білікті оқытушылар дәріс береді.

– Түркістан өңірінің тарихи құндылығын жақсы білемін. Біздің елімізде де тарих пен мәдениет ұштасқан. Бізді Қазақстан жастарының білімге деген құштарлығы қуантады. Сондықтан өз тарапымыздан қолымыздан келген қолдауды көрсетуге дайынбыз. Біздің мақсатымыз – екі елдің арасындағы байланысты нығайту, Еуропаға жол ашу. Ашығын айтайын, университетіміз коммерциялық бағытта жұмыс істемейді. Білім беруден пайда көруге болмайды. Біздің парызымыз – жастарға сапалы білім беру, – деді Қазақстан-Неміс университетінің (DKU) президенті Роммель Волрад.

Бүгінгі таңда облыста 2 университет бар. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университеті мен Халықаралық Туризм және меймандостық университеті. Университеттерде 12 492 студент білім алады.

Қазақ-Неміс Университеті 25 жыл бұрын жеке бастамамен неміс стандарты бойынша мамандар даярлау мақсатымен құрылған. Жоғары оқу орнында бакалавриат пен магистратура бағыты іске қосылады. Оқу ордасында білім алған қазақстандық студенттер Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы ірі өндіріс орындары мен Германиядағы өндіріс орындарында тәжірибеден өту мүмкіндік алады.

Сонымен қатар Түркістан облысының тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ететін зерттеулер мен инновацияларға назар аударатын болады.

2023 жылы институтта екі білім беру бағдарламасы іске қосылған: «Энергетикалық және экологиялық инженерия» және «Логистика». Олар Маңғыстауда жасыл сутекті өндіру үшін мамандар даярлауға және Каспий теңізі арқылы Қытайдан Еуропаға орта көлік дәлізі үшін логистиканы дамытуды қолдауға бағытталған. Осы ретте, ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілетін өнімдердің мөлшерін  арттыруда   диқан  мен малшы қауымының агробіліктіліктерін арттырудың маңызы ерекше. Сондықтан Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы жанынан «Агро кеңес беру орталығы» құрылып, демонстрациялық алаңдар ашылған болатын. Казіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне агротехнологияны тиімді пайдалануға кеңес беру, зиянкестермен күрес шараларын үйрету, шаруаларға тұқым таңдауға ұсыныс беру арқылы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Химиялық тыңайтқыштардан бас тартып толық органикалық тәсілмен өнім алуды, мал шаруашылығы саласында жоғалып бара жатқан ірі қара мал  генефондын сақтап тұқымдық құрамын жақсартуды көздейтін кәсіпкерлер палатасының пилоттық жобасы  шаруалар үшін тиімді.

Осы ретте, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішовтің төрағалығымен мақта шаруашылығы мен көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын талқылаған жиын өтті.

Мақта және егін шаруашылығы бойынша өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету, диқандар мен шаруалардың мемлекеттен тиісті көмектерді кедергісіз алуына атсалысу жиынның басты мақсаты болды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Е.Кенжеханұлы, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының әкімдері мен мәслихат төрағалары және осы аудандардың ауыл шаруашылығы бөлімдері мен  «Қазсушар» РМК облыстық және аудандық мекемелерінің басшылары, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының, «Ырыс» микроқаржы ұйымының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне мақта және егін шаруашылығындағы қордаланған проблемалар, ағын су және микроқаржының берілу жайы шығарылды.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ә.Плалов, «Қазсушар»  республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қ.Бедебаев, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасы Б.Әбілдабек, «Ырыс» микроқаржы ұйымының басқарма төрағасы М.Мыңбаев баяндама жасады.

Баяндамашылар көктемгі егіс жұмыстары, ағын су және мақта шаруашылығына қатысты шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен оны алу тетіктерін түсіндірді.

Атап айтқанда, Ә.Плалов 2024 жылға минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына бюджеттен 7 млрд. теңге бөлініп, оған 82 мың тоннадан астам тыңайқышты субсидиялау жоспарланғандығын жеткізді.

Сонымен қатар, отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен 60 мың тоннаға меморандум түзіліп, дала жұмыстары басталғанға дейін облысқа 25 мың тонна тыңайтқыш жеткізілетіндігін хабарлады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдан бастап жеңілдетілген жанар-жағармайдың көлемін қалыптастыру Gosagro.kz порталы арқылы жүргізілетіндігін, бүгінгі күнге көктемгі дала жұмыстарына 6 746 агроқұрылымнан 21,8 мың тоннаға өтінім түскендігін айтты.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 13,4 млрд. теңге несие бөлу жоспарланған. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы арқылы 10 млрд. теңге, тікелей зауыттарға 2,5 млрд. теңге және несие серіктестіктері арқылы 868 млн. теңге бөлінетін болады. Нәтижесінде, 68 мың гектарға жүргізілетін дала жұмыстары қаржыландырылады. Бүгінгі күнге 1,2 млрд. теңгенің өтінімі мақұлданып, оған 978,8 млн. теңге бөлінді.

Жиында аудан әкімдері баяндамашыларға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, шаруаларға берілетін жанар-жағармайды ай-айға бөлу жұмыстарын тиімді жоспарлауды ұсынды. Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов аудан әкімдері мен жергілікті мәслихат төрағаларына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар  мен жеңілдіктер туралы шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Сонымен қатар, осы айтылған мәселелер бойынша депутаттар да ауыл округтері мен елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шаруалардың тиісті қолдауларды өз деңгейінде, кедергісіз алуларына көмек көрсетуі керек. Өйткені, былтыр шаруалар мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді білмегендіктен, түрлі топтардың артынан еріп, уақыттары босқа кеткен-ді.

Жалпы, жиында қаралған барлық мәселелер назарға алынып, айтылған ұсыныстардың орындалуы тұрақты бақылауға алынады.

Тағы бір елеулі жаңалық, бүгінгі таңда Түркістан облысында мақсатына сай пайдаланбаған және заңсыз жекешеленген жерлерді ортақ қорға қайтаруда ауқымды жұмыстар жүргізіліп, 330,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Түркістан облысының жалпы жер қоры 11610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылық мақсаттары санатындағы пайдаланатын жерлер 4469,5 мың гектарға жетті. Елді мекендердің жерлері 800 мың гектардан асады. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің баяндауынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы облыстың Даму бағдарламасы бойынша өткен жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 131,8 мың га жер айналымға енгізілді.

Еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Өткен жылы ортақ жайылым қажеттілігі 2122,2 мың гектардан асқан. Осыған орай, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ортақ жайылым көлемін 1015,0 мың га ұлғайту жоспары бекітілген. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысымен 335 мың га ортақ жайылымен қамтамасыз етілді. Жалпы ортақ жайылым қажеттілігінен 681,8 мың га төмендету бойынша шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, 937 мың га жайылым жерлер жалпы жайылым қажеттілігінен төмендетілді. Биылға 600 мың гектардан астам жайылым тапшы.

2024 жылға облыс бойынша 60 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланды. Ортақ жайылым көлемін ұлғайту мақсатында арнайы қордағы 125 мың га жайылым жер учаскелерін ауылдық округ әкімі аппаратына тұрақты пайдалануға беру жұмыстары жүргізіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *