Түркістан облысының суармалы жерлеріне 206 млн текше метр су жіберілді. Биылғы суару маусымына дайындық аясында топырақ құрамындағы ылғал мөлшерін арттыру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Айта кету керек, «Достық» каналы бойынша су алу лимиті 1116,0 млн. текше метрді құрайды. Оның ішінде желтоқсан-наурыз аралығындағы ылғалдату жұмыстарына 486,8 млн. текше метр қарастырылған. Бүгінгі таңда аталған канал арқылы осы мақсатта 88,98 млн. текше метр мөлшерінде су алынды.
«Түркістан облысының суармалы жерлеріне қысқы мезгілде су беріліп жатыр. Бұл егіс алқаптарындағы ылғал мөлшерін көбейтуге, топырақтың құнарлығын жақсартуға және ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін жасалады. Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы ылғалдату жұмысын наурыз айына дейін аяқтау жоспарланып отыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар, «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай халықты 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл меже – мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасы аясында жүзеге асады. Қуатты аймақтар мен дамыған инфрақұрылым қалыптастыру ісі біртіндеп жүзеге асып жатыр. Себебі Ауыз су мәселесі шалғайдағы ауылдарда ғана емес, ірі қала мен мегаполистерде де өзекті.
Бүгінде Түркістан облысында елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауымен «сақалды құрылыстардың» мәселесін шешу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Биыл 70 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлініп, 38 нысанның құрылысы аяқталуда. Қалған 32 нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 120,5 мың халық ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар, өңірдегі 11 нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп, 81 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізген болатын. Осы ретте, бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ойық елді мекені тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы барды. Ойықтықтарды құттықтап, осы салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.
2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеген. Тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген.Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Ол суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
– Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында тапсырмасы берілген болатын. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Бүгін 11 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беріп отырмыз. Нәтижесінде, су құбыры мүлдем жоқ 20 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Нақтырақ айтсақ, Бәйдібекте – 1, Сарыағашта – 8, Келесте – 2, Қазығұртта –1, Ордабасыда – 4, Отырарда – 2, Жетісайда – 1 және Сауранда бір ауыл ауыз сумен қамтылды, 10 елді мекеннің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 2023 жылы бюджет есебінен 254,070 млн. теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 4,9 шақырым болатын су құбырларын тарту жұмыстарын «Стройкомплект-КБ» ЖШС жүргізді. Жоба бойынша І, ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 дана 70 м3 резервуар, көлемі 15 м3 су мұнарасы, сүзгілеу станциясы, 2 дана су ұңғымасын бұрғылау қарастырылған. Бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, нысан іске қосылды. Нәтижесінде, Ойық елді мекенінде 257 халық, 43 абонент орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, өткен жылы өңірдегі 832 елді мекеннің 739-ы немесе 88,8 % ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Оның ішінде, қалаларда қамту деңгейі 99,8 % (7 қала, 518,4 мың адам), ауылдық елді мекендерді қамту деңгейі 97 %-ды (732 елді мекен, 1 546,6 мың адам) құрайды. Сонымен қатар облыс елді мекендерін 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігімен «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 113 елді мекен, яғни 90,6 мың халық 2025 жылы толық сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Қазақстан Үкіметінің алдында 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз суға 100% қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеті тұр. Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев пен экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова осы мақсатқа жету үшін қандай шараларды қолға алу жоспарланғаны туралы баяндады. Өткен жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд теңге бөлінді, оның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд теңге және ауылдарда 267 жобаны жүзеге асыру үшін 113 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қалаларда 98,8%-ға және ауылдарда 96,3%-ға қамтамасыз ету жоспарланды. Қойылған міндетті уақтылы және сапалы орындау үшін республикадағы әрбір елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша кезеңдік жоспар әзірленді. Әрбір қалалық және ауылдық елді мекендер бойынша, оның ішінде іздестіру-барлау, ЖСҚ әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысы бөлігінде мониторинг жүргізілді. 89 қалалық елді мекеннің 64-і 100% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қалған 25 қала 2025 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар шеңберінде қамтамасыз етілетін болады.
Қалалық елді мекендердегі халық санының өсуіне байланысты, сондай-ақ сапалы сумен жабдықтау қызметтерін көрсету мақсатында республикалық бюджет шеңберінде су тазарту құрылыстарының қуаттылығын арттыру, магистральдық сумен жабдықтау жүйелерін кеңейту, сондай-ақ кәріз жүйелерін дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 6 295 ауылдың 4 900-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2025 жылдың соңына дейін 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін шешу жоспарланып отыр.Қалған ауылдардың 69%-ы, яғни 963-і тұрғындары аз елді мекендерге жатады. Оларға бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті бюджет есебінен кешенді блок модульдер орнатылатын болады. Индустрия министрлігі арқылы 391 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы қамтамасыз етіледі және 41 ауылда Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы топтық су құбырларын салу жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде кентішілік желілер салынады. Ведомствода су ресурстарын үнемдеу мақсатында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы шеңберінде сумен жабдықтау, су бұру және тазарту жүйелерінің өндірістік процестерін автоматтандыруды жүргізуді ұсынылады. Демек, су арналарын бүкіл өндірістік процесстердегі су ресурстарын есепке алудың толық кешенімен қамтамасыз ету көзделген. Ол үшін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің гидромоделін жасау үшін барлық өндірістік учаскелерде су есептеу құралдарын орнату қажет. Автоматтандыру су арнасының алдағы шығындарын, сондай-ақ дамудың оңтайлы модельдерін құру есебінен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға бағытталған мемлекеттік бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында осы жұмыстарды жүргізу үшін бюджеттен шамамен 25 млрд теңге қажет етеді. Бұл ретте мұндай жобаларды іске асыруға:
– судың коммерциялық және техникалық шығынын 15-40%-ға төмендетуге;
– инвестициялық шығындарды 10-15%-ға оңтайландыруға;
– электр энергиясына жұмсалатын шығындарды 15-20%-ға қысқартуға;
– желілердегі апаттылықты 30-50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар жобалалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруды және сараптама қорытындысын алғаннан кейін одан әрі қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім беруі қажет.
Сонымен қатар әкімдіктер халықты ауыз сумен 100% қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен:
- орталықтандырылған сумен жабдықтау және су арналарының өндірістік процестерін автоматтандыру құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы сапалы әзірлеуді аяқтауы;
- аз қоныстанған ауылдарда іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуді және Блок-модульдер кешенін орнатуды жеделдетуі қажет.
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова тақырып бойынша өз баяндамасы шеңберінде Су кодексіне сәйкес Министрлік елді мекендердің шекараларына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылатынын хабарлады. Ведомство басшысының ақпаратына қарағанда, қазіргі уақытта республика бойынша ұзындығы 15,5 мың км 80 топтық су құбыры бар, оның ішінде ұзындығы 13,4 мың км 39 топтық су құбыры республикалық меншікте, олар 1,4 млн адам тұратын 655 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді. 2021-2022 жылдары Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 7 нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ, тестілеу режимінде Ұлытау облысындағы 1 нысан бойынша сапалы ауыз су беріледі. Нәтижесінде 800 км желі салынды, 5,8 мың адам тұратын 5 ауылдық елді мекен сапалы ауыз суға қол жеткізді және 203 мың тұрғыны бар 51 ауылдық елді мекен және 3 қаланы сумен жабдықтау жақсарды.
«Биыл 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын пайдалануға енгізу жоспарланған, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 27 нысанды іске асыруға 19,1 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Сонымен қатар бүгінгі таңда Министрлік Үйтас-Айдос топтық су құбыры жобасын іске асыруды жалғастыру үшін Үкімет резервінен шұғыл қажеттіліктерге қаражат бөлу мәселесін пысықталуда. Аяқталу мерзімі – 2023-2024 жылдар. Нәтижесінде жалпы саны 458 мың адам болатын 158 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылады. Халықты сапалы ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз ету үшін Министрлік желісі негізінде топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 8 жобаны іске асыру жоспарлануда, онда жалпы саны 22,3 мың адамды құрайтын 41 ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген», — деді З. Сүлейменова.
Биыл жалпы құны 22,4 млрд теңгені құрайтын 62 сумен жабдықтау және су бұру жобасы жүзеге асырылуда, оның ішінде жыл ішінде 43 жобаны аяқтау жоспарланса, 19 жоба 2024 жылға өтуде. Нәтижесінде қалаларда сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік 96%, ауылдық жерлерде 92,5% болады. Сондай-ақ 15 мыңға жуық тұрғын қосымша сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ 31 мың тұрғынды сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет ететін 14 миллиард теңгенің 19 жобасы әзірленген. Бұдан бөлек су құбыры желілерін салуға тағы 30 жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Елордалық аймақты сумен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінеді.
Ел Президенті 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деді Президент.
“Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу”, – деді Тоқаев.
Таза тіршілік нәрі бүгінгі таңда Шобанақ елді мекені жанындағы қоймаға су жиналып, Түркістанға жеткізілетін көрінеді. Жалпы қала ішіндегі су құбырлары бір мың жеті жүз сегіз метрді құрайды. Оның ішінде 142 шақырымының жүз пайыз тозығы жетіп, қазіргі таңда қалалық бюджеттен қаржы бөлінгенін және жөндеу жұмыстарының басталып кеткенін де тілге тиек етті.
«Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Жер бетінің төрттен үш бөлігін су алып жатқанымен, ауыз су мәселесі өз шешімін оңай табар түйіткіл емес. Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді екенін ескерсек, оған қойылатын талаптарға да баса мән беруіміз заңдылық.
Тіршілігі жанданып, бойына қайта қан жүгірген киелі Түркістандағы ауыз су мәселесіндегі жаңалықтар осындай. Әлем елдерін алаңдатқан таза судың әр тамшысы ұқыпты пайдаланылуы тиіс. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Түркістанның тіршілік көзі су мәселесіндегі жасап жатқан жұмыстары көңілге қуаныш сыйлап, жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанына ешкім күмән келтірмейтіндей болуы тиіс. «Су ішетін арығы жоқ елдің, Сүзіп алатын балығы жоқ» деген күйге жетпеу маңызды.
2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Маңызды мәселе өңір басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды. Сонымен қатар, отырыста Түркістан және Кентау қалаларын Мырғалымсай жер асты су кен орнынан ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де жан-жақты талқыланды. Оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитетінің басқарма басшысы, осы салаға жауапты басшылар, ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын жүргізетін сарапшылар қатысты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларына Геология комитетімен бірлесіп, қысқа мерзімде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және проблемалық мәселелерді шешу жолдары жөнінде нақты ұсыныс әзірлеп, ұсынуды тапсырған болатын. Ауыз су тапшылығының алдын алуға қатысты тиісті жұмыстарға күш салуды жүктеді. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың баяндауынша, Түркістан облысында барлығы 7 топтық су құбыры және жергілікті су құбыры бар. 608 елді мекеннің басым бөлігі ауыз суды жер асты су көздерінен (ұңғымадан) пайдаланады. Су құбырымен қамтамасыз етілген 720 елді мекеннің 215 елді мекеніне ауыз су кестемен беріледі. Соның ішінде, облыстың оңтүстік аймақтарда ауыз суға тапшы. Оған жер асты сулары деңгейінің түсуі себеп. Нәтижесінде су қоры азаюда. Елді мекендерге орталықтандырылған ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен су көздеріне іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі. Уәкілетті органдар, яғни Геология комитеті мен «Оңтүстікқазжерқойнауы» департаменті тарапынан су қоры бекітіліп, жер асты су қорларының көлемі көрсетіледі. Алайда, эксплуатациялық ұңғымаларды бұрғылау кезінде, жеткілікті көлемде су шықпай қалу фактілері орын алуда. Осыған байланысты Сауран, Келес, Сарыағаш аудандарында орталықтандырылған ауыз су жүйелері жүргізілген барлық елді мекендерінде ауыз су кестемен беріледі, дейді мамандар. Түркістан, Кентау қалалары Мырғалымсай жер асты сулары кен орнынан магистральдық су құбырымен қамтамасыз етілуде. 2021 жылы «Геотерм» ЖШС тарапынан жете барлау жұмыстары жүргізіліп, жер асты су қоры бекітілді. Кентау қаласында «Қосқорған су қоймасын» одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жұмыс жобасы бойынша Мырғалымсай жер асты су кен орны аумағында қосымша тік дренажды 11 дана ұңғыма қазылды. Осылайша жылына 40 млн.м3 көлемінде су алу көзделген. Ауыз су 130 метрге дейінгі тереңдікте орнатылған 4 дана су сорғысы арқылы тартылады. Қосымша Түркістан қаласын көгалдандыруға және жасыл желектерді суару үшін су алу жоспарланып отыр. Басқосуда су қоры мен оның сапасына қатысты өзекті мәселе төңірегінде мамандар пікірі тыңдалды. Өңір тұрғындарын жеткілікті көлемде ауыз сумен қамтамасыз ету үшін өзекті мәселелерге құзыретті уәкілетті орган (Геология комитеті) және тәуелсіз мамандардың зерттеу-зерделеу жұмыстарын жан-жақты бірлесіп жүргізу туралы мәселе көтерілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитетінің басқарма басшысы Шыңғыс Есенгазиев облыстағы жер асты суларының деңгейі төмендеуі бойынша жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеулердің барысымен таныстырды.