Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланған болатын. Жолдауда жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды екендігі түсіндірілді. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұрғандығы айқындалды. Сонымен қатар, апатты жағдайларға байланысты Қазақстанның инфрақұрылымын жаңғырту үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн деп айтты.
“Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс. Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады. Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады. Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы, қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды. Әрине, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру да жалғасады. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек”, деді Президент.
Бұдан бөлек, тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажеттігі айтылды. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн. Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Қаржы ұйымдары да кәсіпорындарға нық сеніммен несие бере алады. Сонымен қатар монополистердің жауапкершілігін едәуір арттыру қажет. Бұл салаға цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі. Сол арқылы азаматтарымыз тарифтік смета және инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат алады. Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет. Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты мұнай-газ алпауыттары газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Сонымен қатар жаңа газ кеніштерін барлау және игеру үшін инвестиция тарту аса маңызды.
“Электр қуаты, газдандыру, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды”, деді.
Осыған орай Сауран ауданында газбен қамту бойынша ауданда газбен қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайызды құрады. Он елді мекенге табиғи газ құбыры жүргізіліп, табиғи газға қосылды. Атап өтер болсақ, Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстан 30 жылдығы, Ескі Иқан, Ибата, Бершінтөбе, Ойық ауылдары көгілдір отынға қол жеткізді. Сонымен қатар, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Шорнақ ауылдық округтеріне магистральды және ішкі құбырларына жобалар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны – 22,6 млрд. теңге тұрады. Аталған жобаларды қаржыландыруға республикалық бюджетке өтінім жолданып тиісті жұмыстар атқарылуда. 2024 жылы Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне магистральды газ құбырына жоба әзірлеуде. Сондай-ақ, Қосқорған, Бостандық, Еңбекші Дихан елді мекендерінің табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында, жобалар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алуға жолданған.
Одан бөлек, жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті. 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылмақ. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек. Сутегіден қуат өндіру ісін дамыту қажет. Қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық машина жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өндірісті дамытуға, аккумулятор өнеркәсібін құруға негіз болады. Ең бастысы, елімізде шикізат қоры жеткілікті. Теңгерімді қуат көздерін, энергияны шоғырландыру жүйелерін құру үшін тың шешімдер қабылдау қажет. Көміртегі бейтараптығына көшуді парниктік газ шығарындыларына арналған квотаны саудалау арқылы тездетуге болады. Үкімет пен бизнес өкілдері осы бағыттағы мүмкіндіктерді пайдалану мәселесімен шұғылдануы керек. Жетекші экономикалар үшін «жасыл» қаржы тарту ісінің маңызы арта түсуде.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өткен жеті жылда жер жүзінде «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаражат жұмсалғандығын айтты.
“Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз. Келесі мәселе. Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер. Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн”, деді Президент.
Таяуда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына ауқымды міндеттер қойды. Соның ішінде ірі инфрақұрылымдық бастамалар айтылды.
Президент айтқан салалар – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу және жаңғырту, баспана құрылысы, жолдарды жөндеу және газдандыру жұмысы болатын. Жауапты министрліктер осы бағыттардың әрқайсысы бойынша тиісті жұмысты бастап кетті. Алда нақты көрсеткіштер бар және ол бойынша барлық мемлекеттік орган, әкімдіктер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес компаниялар тартылатын болады. Биыл ел бойынша 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Бұрын жоспарланғаннан 2,5 миллионға артық. Тұрғын үй құрылысы – экономиканың негізгі драйвері, өйткені әрбір құрылысқа қатысты шағын және орта бизнес әлеуеті артады. Жұмыс орындары ашылып, құрылыс және әрлеу материалдарының өндіріс көлемі арта түспек.
«Бүгінде қызмет көрсету саласы көтеріліп, ипотекалық бағдарламаларға сұраныс артып келеді. Президент сол жиында «Отбасы банкінің» жаңа бағдарламасы іске қосылғанын хабарлады. Бағдарлама осы жылдың 1 мамырына жоспарланып отыр. Бұл – нарық қаражаты есебінен іске асырылмақ. Бірінші жылы «Отбасы банк» нарықтан 300 миллиард теңге, кейін 8 жыл ішінде жыл сайын 200 миллиард теңге тартуды жоспарлап отыр. Осы уақыт ішінде 68 мыңға жуық жеңілдетілген несие беріледі. Осылайша, елдегі тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қолжетімді несие беру артады», дейді Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Қоғамда бағдарлама тұрғын үй құнының кезекті өсуіне себеп болады деген пікір бар. Министрдің сөзінше, жеңіл пайыздық мөлшерлеменің пайдасы пәтер бағасының өсуіне әкеліп соқпауы үшін бір жылға бағаны белгілеу жүйесі қарастырылады. Пәтер бағасы «Отбасы банкінің» арнайы порталында қолжетімді тұрғын үйдің белгілі бір пулынан ғана беріліп, нақты талданған соң бекітіледі. Нарықтағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін құрылыс компанияларымен республикалық семинар өткізілген. Енді Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы мен құрылысшылар одағы да өз ұсыныстарын бермек. Абсолютті ашықтықпен барлық өтініш беруші мен осы несиені алушылар тізімдерін жариялау жоспарланған. Ал жылжымайтын мүліктің қайталама нарығы туралы айтар болсақ, онда «Отбасы банкінің» жаңа бағдарламасы бойынша шамамен 12 мың отбасы баспана алады екен. Егер жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату көлеміне қарасақ, былтыр ол 370 мың мәмілені құрапты. Жоспарланған қосымша көлем бүкіл нарықтың шамамен 3%-ын құрайды. Сондықтан үй бағасында айтарлықтай өсу болмайды деген сенім бар. Ал табысы төмен отбасылар үшін биыл жалға берілетін тұрғын үй саны 4 есе артады. Бұл үшін қосымша 272 млрд теңге бөлінеді. Халықтың осы тобы сатып алу мүмкіндігімен жалдамалы баспанада тұратын болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында инфрақұрылымның тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін, индустрияландыру қарқынын да тежейтінін айтқан болатын.
Бұл орайда, Түркістан облысында 833 елді мекеннің 465-і немесе 55,9%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бекітілген «Жол картасы» бойынша 2025 жылға дейін қосымша 202 елді мекенге табиғи газ құбырын тартып, қамту деңгейін 86,9% жеткізу жоспарланған.
Өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 2024 жылға 14,2 млрд теңге қарастыру жоспарланса, Қаржы министрлігі тарапынан тек қана өтпелі 6 нысанның құрылысына 3,1 млрд теңге мақұлданып отыр. Бұл өз кезегінде елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспардың түпкілікті нәтижеге жетуіне кедергі тудырады. Сондықтан 2024 жылға республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін жаңа 69 нысанның құрылысына 18,1 млрд теңге қаржы қажет. Бірінші кезектегі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жобаларын қаржыландыру мәселесі бойынша түбегейлі шешім шығарылмаса, бюджет қаражаты есебінен салынған газ нысандары қараусыз қалуы, тозуы және де талан-таражға түсіп, газ құрылғылары мен желілерінің жарамсыз жағдайға жеткізілуі әбден мүмкін.
Облыс халқы табиғи газды отандық «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынуда. 2022 жылы жалпы облыстың табиғи газ тұтыну мөлшері 716,5 млн текше метрді құрады. Табиғи газбен қамтамасыз ету саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мысалы, кейінгі бір жылда 21 елді мекендегі 53 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылды. Жалпы облыста 1,5 миллионнан аса халық табиғи газбен қамтылған. Былтыр 103 нысанның құрылысына 16,5 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 68 нысанның құрылысы аяқталып, 122 мыңға жуық тұрғын қоныстанған 57 елді мекенге газ тартылды. Қалған 35 нысанның құрылысы биыл аяқталады.
Алдағы 2 жылда қосымша 200 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейі 86,7%-ға жеткізіледі.
Айта кетейік, Түркістан облысында 832 елді мекеннің 739-ы ауыз сумен қамтылған. Ауыз су желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымға жуықтаған. Өңірде 12 мың шақырымға жуық табиғи газ жүйесі болса, электр желілерінің ұзындығы 20700 шақырымнан асады. Облыста жаңадан су, газ, электр желілерін тарту және тозған желілерді жөндеу жұмыстары жалғасады. Ауыз су бойынша 3 жылда 202 жоба жүзеге асырылып, тұрғындардың ауыз су саласына қатысты мәселесі шешімін табады немесе жағдайы жақсарады. Табиғи газ саласында – 237, электр саласында 130 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Жалпы 569 жоба іске асырылады деп межеленген.
Мақаламыздың соңында Сауран ауданының тұрғындарының назарына Табиғи газ адамдар үшін қауіптің ықтимал көздері болып саналады. Тұрмыста пайдаланылатын метан және сұйытылған газ адам өміріне аса қауіпті. Ағып кету кезінде олар тұншығуды, улануды және ең жаманы, жарылысқа әкелуі мүмкін. Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында Сауран аудандық төтенше жағдайлар департаменті күнделікті тұрмыста газ пайдалану бойынша қауіпсіздік ережелерін ұсынады.
Ең алдымен, Сіз бір текше метр газды жағу үшін 10 текше метр ауа қажет екенін білуіңіз керек. Бұл дегеніміз, су жылыту аспабы (газколонка) орналасқан бөлменің ауданы кемінде 1,8х2, биіктігі 2,2 метрден кем болмауы қажет. Су жылытқыштарды (газколонка) тек ас үй мен жылыту бөлмелерінде желдету арналары мен бөлмеге ауа кіретін саңылауы бар терезеде орнатуға болады. Алайда, ванна бөлмесінде мұндай жағдайлар жоқ.
Уланудың негізгі себептері. Ол мұржалардың дұрыс жұмыс істемеуі немесе оларды пайдалану кезіндегі қателіктер мен ванна бөлмелеріне газды су жылытқыштарды рұқсатсыз орнату.
Тұрмыста тауарлық газды пайдаланатын болсаңыз, Сіз міндеттісіз:
- газ жабдықтарын пайдалану ережелерін қатаң түрде сақтауға;
- газ жабдықтарының, желдеткіш көздері мен мұржалардың қалыпты жұмыс жасауын қадағалауға;
- мұржаны уақытылы тазалауға, қыс мезгілінде қатып, бітеліп қалмауы үшін мұржаның басын ай сайын тексеруге;
- мұржаның тарту күшін әр жылу беру маусымы басталар кезде мамандандырыллған ұйымға тексертуге;
- нысандаы өз бетінше газдандыру, қайта монтаждау, монтаждау, құрылысын өзгерту және жөндеу (оның ішінде ауыстыру) жөніндегі жұмыстарды жүргізбеуге және оларды жүргізуге жол бермеуге;
Газ жабдықтарын пайдалану кезінде тыйым салынады:
- түтіндік және желдеткіш жүйелерінің қондырғыларын өзгертуге;
- желдеткіш арналарын желімдеуге, түтіндіктерді тазалауға арналған «қалталар» мен люктерді бітеуге;
- түтіндік пен желдеткіш каналдарын тексеру және тазалау туралы актінің қолданылу мерзімі өткеннен кейін газды пайдалануға;
- түтіндік пен желдеткіш каналдарының ауа тартқыштары болмаған кезде, желдеткіштер (фрамугалар), желдеткіш каналдарының торлары жабық болғанда газ құралдарын пайдалануға
Газдан уланған адамға алғашқы көмек көрсету:
Газ белгілі бір мөлшерде ауамен араласқан кезде жарылу қаупін туғызатындықтан, тұрмыста үлкен қауіпке ие. Сондай-ақ, газдың шала жануы кезінде улы газ бөлініп шығады. Мұндай газбен тыныс алу адамды қатты улануға немесе өлімге дейін алып келеді. Газдан уланған адамды алдымен таза ауаға шығарады, басын аяғынан төмен салып жатқызады. Жедел жәрдем қызметін тез арада шақырады.
Құрметті газ тұтынушылар! Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі туралы ойлаңыздар – газ жабдығына уақытылы қызмет көрсету мен жөндеуді қамтамасыз етіңіздер!