Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында еліміздегі энергетика мәселесі туралы айтты. Жұмыс істеп тұрған 55 жылу көзін жөндеп, кемінде тағы 6,5 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту қажеттігіне баса назар аударды. Осы тұста Сауран ауданының тұрғындарының назарына аталған мәселе жайлы аз-кем мағлұмат ұсынып отырмыз.
Осыған орай Қытай инвесторларының қатысуымен Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында жел және күн электр станцияларын салу бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылады. Жалпы қуаттылығы 1260 МВт электр станцияларын салу үшін Сауран, Созақ, Бәйдібек, Ордабасы және Түлкібас аудандары қарастырылуда.
Осыған дейін Қытай еліне іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды инвесторларға бірқатар жоба ұсынған болатын. Бүгін өңір басшысы бұл елдің ең ірі компанияларының бірі «Energy China International» вице-президенті Ма Йингин ханым бастаған қытай делегациясымен кездесті. Тараптар бірқатар жобаларды талқылады.
Жел энергиясы ең серпінді дамып келе жатқан жаңартылатын энергия көздерінің бірі екенін алға тартқан инвесторлар бұл бағытта бірнеше сынамалар жүргізілетінін атап өтті.
– Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт, оны дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Ол үшін біздің климат өте қолайлы. Бұл жобалар біздің өңір үшін өте маңызды. Сондықтан жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деп атап өтті облыс әкімі.
Шетелдік компания өңірді сумен қамтамасыз ету мақсатындағы ұсыныстарды да қолдады. Облыс әкімі оның ішінде әсіресе ағын су мәселесі өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ Кентаудағы жылыту орталығынына қосымша балама ретінде жаңа жылыту стансасының құрылысын жүргізуге қатысты мәселе жан-жақты талқыланды.
Инвестор жаңа жобалалардың жұмысына жергілікті мамандардың жұмысқа тартылатынын атап өтті және бұл жобалардың уақыт создырмай жүзеге асуына қызығушылық танытты.
Президент Жолдауында энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешу қажеттігі айтылған болатын. Қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал екені ескертілді.
Түркістан облысының жері баршамызға ортақ екені жасырын емес, жер халықтың игілігі үшін. Осы орайда Сауран ауданына көршілес аудан ретінде Төлеби ауданындағы энергия мәселесі қалай шешімін тауып жатқандығын аудан тұрғындарына насихаттау мақсатында маңызды мағлұматты бөлісіп отырмыз. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде Төлеби ауданында 1000 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы базасында электр станцияның құрылысы басталмақ. Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асыруда.
ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр станциясының құрылысы үшін Төлеби ауданынан 100 га жер бөлінді. Жаңа жобаның құрылысы 2024 жылы басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылады. Ал жоба толық іске қосылғанда, 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қуаты 1000 МВт бу-газ қондырғысы базасында электр станциясы негізгі алаңын салу жобасы бойынша «дайын күйінде тапсыру» кешенді жұмыстарды сатып алуға ашық тендер өткізу қорытындысы бойынша Doosan ENTERBILITY CO. LTD LTD және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы жеңімпаз деп танылды. Маневрлік генерациялау режимімен қуаты 1000 МВт болатын бу-газды қондырғы құрылысын «ПГУ Түркістан» ЖШС жүргізеді. Газ құбырының магистральдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттары мен «KEGOC» АҚ электр желілеріне қосуға қуат беру схемасы негізге алынып, алдын ала техникалық-экономикалық негіздемелері дайындалған.
Жаңа электр орталығы іске қосылған жағдайда, өңірдегі энергия тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп күтілуде.
Сонымен қатар, Сайрам ауданында да заманауи 1000 МВт бу-газ қондырғысы электр станциясы салынбақ. «Түркістан БГҚ» ЖШС-нің маневрлік генерациялау режимі бар бу-газ қондырғысы базасында электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға 700 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылады. Бірегей жоба тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы еліміздегі электр энергиясының қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған нысанда өткен жылдың қараша айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен бу-газ қондырғысының естелік капсуласы салынған болатын. Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе жүзеге асыруда.
Бас мердігері – Корей мемлекетінің «Doosan ENTERBILITY CО LTD» және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы. Шетелдік мамандармен бірлескен жұмыс қазақстандық инженерлердің, жобалаушылардың, құрылысшылар мен энергетиктердің тәжірибесін шыңдайды.
Облыс тарихындағы ең ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асады. Маңызды жоба жүзеге асқанда өңірімізде энергия тапшылығы толық шешіледі. Сонымен қатар ірі кәсіпорындар мен өндіріс те қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.
Бүгінде облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығын реттеп қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз ете алады.
Жаңа бу-газ электр станциясының ерекшелігі – қоршаған ортаға зияны жоқ. Электр станциясының негізгі жабдықтары европадан, яғни Германия, Италия, Чехия елдерінен әкелінеді. Станцияның құрылысын 2024 жылы бастап, 2026 жылы толық іске қосу жоспарлануда.
ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр станциясының құрылысы үшін Сайрам ауданынан 60 га жер бөлінді. Аталған жоба арқылы өңірдегі энергия тапшылығы реттеліп қана қоймай, өзге аймақтарды да сапалы энергия көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп күтілуде. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылса, қондырғы толық іске қосылғанда 370-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Айта кетейік, бу-газ қондырғылы электростанцияның бірқатар артықшылықтары бар. Бұл қондырғылар өндірілген электр энергиясының бірлігіне суды аз тұтынып, сәйкесінше, көп электр қуатын дайындайды. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сондай-ақ электростанция жұмыс істеуі үшін оған қажетті отынды темір жол арқылы тұрақты тасымалдауды қажет етпейді. Бұл электр желілері мен электр энергиясын тасымалдау құнын төмендетеді.
Сонымен қатар аудан тұрғындарының назарына маңызды мәліметті ұсынып отырмыз. Жақында жылу және энергиямен қамтамасыз ету жағдайы бойынша Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жауап берді. Жұмыс істеп тұрған жылу көздерін және коммуналдық инженерлік желілерді жаңғырту жұмысына тоқталды.
Қазір энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру және үздіксіз генерациялауды қамтамасыз ету үшін қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін артқан. Оған қоса электр қуаты нарығында шекті тариф айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 1,065 млн теңгеге дейін ұлғайтылған. Сондай-ақ 24 энергия өндіруші ұйым үшін электр энергиясына шекті тарифтер түзетілді. Онда тарифтердің орташа өсуі 20%-ды құрады.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, аталған шаралар осы жылы салаға шамамен 327 млрд теңге қаржы тартуға мүмкіндік береді:
- Электр энергиясына тариф есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 94 млрд теңге;
- Электр қуаты нарығы шеңберіндегі инвестициялар 134,7 млрд теңге;
- Амортизациялық аударымдар есебінен инвестициялар 98 млрд теңге.
Алдағы жылыту маусымына дайындық үшін электр стансаларында 10 энергоблокты, 55 қазандықты, 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Қазір 2 энергоблокта, 7 қазандықта, 4 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 1 турбинадағы жөндеу жұмысы аяқталды. Бұл жобаларды қаржыландыру электр және жылу энергиясының тарифі, сондай-ақ бюджеттік қаржыландыру есебінен қамтамасыз етілген.
Биыл электр желілерінде жалпы ұзақтығы 20 857 км электр беру желілерін, 423 бірлік кіші стансаны, 4 057 бірлік тарату пункттерін және трансформаторлық кіші стансаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұлармен бірге жалпы ұзындығы 1 619 км ұлттық электр беру желілерін және «KEGOC» АҚ-ның 30 кіші стансасын күрделі жөндеу де жоспарда бар.
Бүгінде инвестициялық келісімдер бойынша Екібастұз ГРЭС-1-де №1 энергоблокты қалпына келтіру, Атырау ЖЭО-да №6 турбоагрегатты ауыстыру, Топар ГРЭС-те №3 турбоагрегатты ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алдағы уақытта Энергетика министрлігімен жасалған инвестициялық келісімдер шеңберінде Екібастұз ГРЭС-те қуаты 600 МВт №3 блокты үш жылда салып бітіру көзделіп отыр. Ал Қарағандыдағы ЖЭО-3-те қазандық агрегатының жаңасын салып, турбинасын ауыстыру ісін жүзеге асыру екі жылға жоспарланған. Оған қоса қуаты 85 МВт енгізе отырып, жаңа қазандық агрегаты мен турбинаны салу арқылы Өскемен ЖЭО-ны кеңейту жобалары іске асырылатын болады.
Мақаламыздың Сауран ауданының тұрғындарының назарына сала маманы, профессор Темірғали Көкетайдың мағлұматын ұсынып отырмыз. Ғалымның айтуынша, қазіргі заманда өндірістік қуатты сапалы өзгертудегі ғылым мен жаңа технологиялардың рөлі ерекше. Ғылымның дамуы және технологияның үдемелі жаңғыруы әлемнің экономикалық және әлеуметтік дамуының басым бағытына айналды. Оның қарыштап дамуы адамзатқа атом энергиясын, ғарышқа ұшу, компьютерлендіру, ақпараттандыру секілді тың жаңалықтар әкелді.
Ғылымды айтқанда, алдымен іргелі ғылым туралы сөз қозғалуы керек. Онсыз қолданбалы ғылым болмайды, ол болмаса, технология іске аспайды. Қазіргі жаңа технологияның негізі – іргелі ғылым. Бұл халықтың ой-өрісін, ұлттық дамуын және экономикалық сипатын көрсетеді.
Өркениетті елдерде ғалымдар ең зияткерлік топ саналады. Оларға ерекше құрмет жасалады. Сонымен бірге ғалым еңбегі де жоғары бағаланады. Жалпы, кез келген мемлекеттің ғылымға көзқарасы оның ішкі жалпы өнімінің ғылымды дамытуға бөлетін қаржының деңгейімен өлшенеді. Ғылымға ең көп қаражат бөлетін елдер: Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия – 2,5%. Ал Ресейде 1,25% болса, біздің елімізде бөлінетін қаржы 0,2%, кейде одан да аз.
Халықаралық академиялық кеңестің ұйғарымынша, мемлекеттің ғылым саласына бөлген қаржы ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан артық болса ғана ғылым дамиды. Осыдан-ақ біздің жағдайымыздың қандай екенін бағамдаңыз.
Кейбір деректерде елімізде ғылым саласында еңбек етіп жүрген 8000 маман болса, оның – 1000-ы жастар. Әлемде әрбір 1000 адамның біреуі ғалым болса, ал бізде 2500-дің біреуі ғана ғалым. Бұл – өте аз. Әрине, ғалым саны ғылым сапасының негізгі көрсеткіші емес. Ғалымды оның ғылыми жұмыстарының атақты журналдарға шыққан мақалаларымен, оған ғалымдардың сілтеме жасау санымен бағаланады.
Ең маңыздысы, ғылымның пайдасы, басқаша айтқанда, елдің дамуына әсер ететін ғылыми жаңалығы. Осы тұрғыдан келгенде, біз әлемде 61-орын аламыз. Бізде патент алу дүниежүзілік деңгейден 24 есе аз.
Құлдыраған ғылым мәселесін шешуге Ғылым және жоғары білім министрлігі екі заң қабылдап, бірнеше зерттеу лабораториясын ашты. Ашылған 5 зертхана «ұлттық» деген мәртебе иеленді. Яғни оларға еліміздің кез келген ғалымы еркін барып, өзінің зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндігі болуы керек еді.
Бұл зертханаларды осынша қаржымен ашу мемлекет қажеттілігінен туындады. Ол зертханалар қомақты қаржыға сатып алынған құрал-жабдықтармен жарақталды. Осы зертханалар қай университетте не себепті ашылды, қандай зерттеу құрал-жабдықтары берілді, олардан қандай ғылыми нәтиже болды, оның қазіргі жағдайы қандай? Осындай сансыз сауалға кім жауап береді? Шын мәнінде, сол зертханалар белгілі ғылым саласымен шұғылданып жүрген ғалымдары бар жоғары оқу орындарында ашылды ма? Егер солай болса, отандық ғылым әлдеқайда дамушы еді.
Дүниежүзінде ғылым екі жолмен дамиды. Біріншісі – академиялық, екіншісі – университеттік. Батыстың Oxford, Cambridge сынды білім ордалары университеттік жолмен дамыған. Ал кеңес одағы академиялық жолды ұстанды деуге болады. Келместі көксеп, өткенді аңсап отырған жоқпын. Алайда бұрынғы одақтас елдердің аумағындағы академиялық жүйе өте мықты еді. Соның нәтижесінде КСРО-ның ғалымдары алғаш болып ғарышқа адам ұшырды. Оны әлем мойындады. Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалмады. Физика, химия, биология салаларында отандық ғалымдарымыз керемет жаңалық ашты. Алайда Ұлттық академия жабылғаннан кейін жетістіктер мен жаңалықтар азайды.
Ұлттық академия отандық ғылымның дамуын бағдарлап отырды. Екіншіден, академияның мемлекеттік бюджеттегі өз орны болды. Оған миллиардтаған қаржы бөлінді. Академиядан айырылып қалғаннан кейін ғалымдарымыз да абдырап қалды. Академия қарамағындағы ғылыми зерттеу институттары далада қалғандай күй кешті. Университеттер ғылыми зерттеу институттарымен жүйелі жұмыс жүргізбеді.
Мысалы, академик Б.Мұқашев басқарған бұрынғы кеңес одағына ғана емес, әлемге танымал физика-техникалық институты жұмыс істеді. Бұл институт еліміздегі қатты дене физика саласын алға дамытты. Сонымен қатар осы салада кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғатып, білікті ғалымдарды даярлады. Қазір сол орталықтың аты бар да, заты жоқ. Өзім физик болған соң, физика институтын айтып отырмын. Дәл осындай химия, математика, биология және тағы басқа бірнеше ғылыми зерттеу институттары бар еді. Солардың аты да, заты да белгісіз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Ұлттық ғылым академиясы қайта құрылды. Енді ғылымды басқаратын үшінші ұйым пайда болды. Бұрын Ұлттық ғылыми кеңес, Ғылым және жоғары білім министрлігіндегі Ғылым комитеті бар еді. Жалпы, ғылым қалай дамиды? Қазір осы салаға қатысты үшінші заң Мәжілісте талқыланып жатыр. Бұл заң да белсенді депутаттардың сөзіне қарағанда, баяғы екі заңды біріктіріп қоя салғанға ұқсайды. Егер олай болса, одан да үміт аз болатын сыңайлы.
Отандық ғылымның деңгейі туралы аз жазылған жоқ. Үш жылдық грант дегенің түпкілікті дұрыс емес. Оны бөлуде ғылыми сараптамадан 30 балл алғандар өтпей, 20 балл алғандардың өтуі әділетсіздік емес пе? Бұл туралы осы басылымға жаздым. Ел ғылымының дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ғалым ретінде еліміздің ғылымы мен технологиясы жоғары деңгейде дамуы үшін өз ұсынысымды айтсам деймін.
Қазір дамыған елдер арасында білім, ғылым және жаңа технология саласында бәсекелестік жоғары. Сондықтан осы бағыттарға ерекше назар аударылса деймін. Алдымен мемлекеттік деңгейде еліміздің ғылыми-технологиялық даму стратегиясын (ҒТДС) жасау керек. Бұл құжаттың жобасын ғалымдар, инженерлер, технологтер егжей-тегжей талқылаған дұрыс. Сосын оны Президент бекітіп, қабылдау қажет. Мұндай құжатты дамыған мемлекеттердің (АҚШ, Жапония, Қытай, Еуропа, т.б.) бәрі қабылдаған. Оны қабылдаған елдердің ғылыми-технологиялық даму стратегиясы маңызы жағынан мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясымен бір деңгейде тұрады. Бүгінге дейін Қазақстанның ғылыми-технологиялық даму стратегиясы әзірленіп, қабылданбаған. Бір жағынан, оны қабылдау біздің дамыған елдердің қатарына кіруін қамтамасыз ететін көптеген бағдарламалық құжатымен негізделеді.
Мәселен, Ресей бұл құжатты 2016 жылы қабылдаған. Біз оны әзірлегенде, басқа мемлекеттердің тәжірибесін ескерген жөн. Сондықтан бұған еліміздегі ірі ғылыми зерттеу институттары, университеттердің жетекші ғалымдары атсалысып, басқалармен салыстырып, талдау жүргізу керек. Бұл құжат қабылдасақ, ғылым өз жолымен дамиды. Бүгінде отандық ғалымдардың жасы үштопты құрайды. Үлкен буынның жасы 65-тен асса, орта буын 45-тен 65-ке дейін болса, кейінгі буын 25-45 жас аралығын қамтиды. Қазір осы үш буынның ғылымға көзқарасы әртүрлі.
Осы стратегиялық құжат аталған үш буынның басын біріктіреді деп ойлаймын. Сондай-ақ әр өңірдегі жоғары оқу орындары жанынан қоғамдық сұранысқа ие ғылым бағыттарын дамыту үшін ұлттық ғылыми зерттеу зертханасы немесе технопарктер құрылса, артық болмайды. Оны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Сонда кез келген ғалымға зерттеу жүргізуге мүмкіндік туады.
Жалпы, қандай мықты ел болса да, ғылымның барлық саласы бойынша жетекші бола алмайды. Қазір ойы озық ғалымдарға, талантты жастарға сұраныс жоғары. Сондықтан жастарды ғылымға тарту үшін оларға қолайлы жағдай жасау керек. Алдымен ғылымның деңгейін көтерген дұрыс. Осы мақсатта қазақ тілінде ғылыми журнал жарық көрсе деймін. Әсіресе жас оқырмандар әлем мен еліміздегі ғылым саласында ашылған тың жаңалықтармен танысып, қаншама мағлұмат алады. Жеткіншектердің ғылымға ынтасы оянады. Мектептерде ғалымдармен жиі кездесу өткізу қажет. Осының бәрі ғылым саласының дәрежесін көтереді.
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында «іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізу» туралы айтқан еді. Шынында, ғылымның негізі – іргелі ғылым. Бүгінде елімізде іргелі ғылым жоқтың қасы. Оның түбіне үш жылдық грант жетті. Неге? Себебі үш жылда зерттеуді толық жүргізіп, жаңалық ашу мүмкін емес. Бұл туралы Президенттің: «Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн», дегені өте дұрыс пікір. Айталық, ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуге кем дегенде 5-10 немесе 30-40 жыл керек. Сондықтан іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми зерттеу жұмыстарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізудің маңызы зор. Енді Мемлекет басшысының айтқан пікірі сөз жүзінде қалмай, оны салаға жауапты мекемелер тез қолға алып, батыл іс бастаса, отандық ғылым алға басады.