ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ: ҚАРҒЫН СУ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бекіткен 2023-2024 жылғы қыс – көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар жоспарына сәйкес Сауран ауданы бойынша Бабайқорған, Абай, Үлгілі, Майдантал, Шаға елді мекендері енгізілген. Еске сала кетейік көктемгі қарғын су кезінде Сауран ауданының тұрғындары мен аудан әкімдігі бірлескен түрде нақты шешімдер қабылдап, облыс әкімінің бекіткен жоспарларына сай жедел әрекет етіп, қарғын судан төнген қатердің алдын алған болатын.

Бүгінгі таңда тасқынға қарсы кешенді іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда Шаға ауылдық округі бойынша, Шаға өзенінен Құрсай өзеніне дейін бір шақырым дамбы көтеріліп қашыртқы қазылды. Құрсай өзенінен Бершін төбе елді мекені арқылы әуежай жолына дейін өзен арнасын 7,7 шақырым кеңейту жұмыстары және Шаға ауылының ішінен өткен арықтарға 3,2 шақырым механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді.

Майдантал ауылдық округі бойынша, Майдантал ауылдық округінде төтенше жағдайлар кезінде тасқын судың алдын алу мақсатында Ынталы елді мекенінің тау жақ беткейіне ұзындығы 500 метр бөгет жасау жұмыстары жүргізілді.

Жаңа Иқан ауыл округі бойынша Ибата елді мекені арқылы өтетін Иқан су, Көкқия өзендерінен келетін қауіптің алдын алуға жалпы ұзындығы 1600 метр қашыртқы қазылды.

Бабайқорған ауыл округі бойынша 950 метр шақырым қашыртқы қазылды. Қанай кеткен арнасынан көпірге дейін -300 метр қашыртқы қазылған. Омбай арнасынан егістік алқабына дейін-350метр қашыртқы қазылған. Ақсай арнасынан көпірге дейін-300 метр қашыртқы қазылған. «Тасмола» егістік алқабына дейін Қарабұлақ өзенінің табаны 300 метр аумағы тазартылды.

Иассы ауыл округінде 2000 метр,Ораңғай ауыл округі Қосқорған елді мекенінен 3000 метр қашыртқы қазылды. Үшқайық ауыл округі Қызыл Шаруа елді мекені Сырдария өзенінен 500 метр, Теке елді мекенінен 200 метр қашыртқы қазылды.

Сонымен қатар қыс мезгіліне қырық тонна инертті материал тұз алынып, ауыл округтерге жалпы төрт мың сегіз жүз дана қап әзірленген.

Тазарту жұмыстары әлі де жалғасуда. Қауіпті су тоспаларында кезекшілік орнатылып, тәулік бойы бақылауда тұр.

Естеріңізге сала кетейік, Қарашық өзені бойында ондаған елді мекендер бар. Ондағы өзен арнасының көктемгі және күзгі мезгілде уақытында тазаланбауы, санитарлық жұмыстардың жүргізілмеуі, қиыршық тас өндіретін кәсіпорындардың бейбастақ әрекеті, суды фермерлердің бей берекет пайдалануы, тұрғындарға жылда қиындық келтіріп келеді.

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін барша түркістандықтар тойлап жатқанда Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округінің Теке ауылы мен Бабайқорған ауылдық округінің Бабайқорған елдімекенін су алып, қатты келген су қарқыны ауыл тұрғындарын біраз әбіржітті.

Осы орайда, тосыннан орын алған жағдай туралы халықты хабардар ету мақсатында Үшқайық пен Бабайқорған ауылдық округі әкімдігіне хабарласып, тосыннан келген тасқын судың қай тұстан келгенін білуге тырыстық.

Үшқайық ауылдық округі әкімінің орынбасары Полат Әлжанов орын алған жағдайды былайша баяндады:

— Наурыз айының 20-21 күндері қатты жауын-шашын болып, содан Қаратаудың басындағы қар еріп, Баялдыр өзені арқылы, Қарашық өзеніне, Ораңғайдың тұсындағы Қарашық өзеніне түседі. Одан Атабай арқылы Жүйнек ауылына қарайтын Шекербұлақтан өтеді. Сонымен жиналып, Құмтүйін арқылы біздің Қарашық өзеніне су түседі. 21 наурыз күні бізге осы хабар келіп жетті. Мамандарымыз екі техникамен кезекшілікте тұрды. Түнгі сағат 00-1-де аудан басшылары ауылға келіп, барлығы шлездың басына, гидробекеттің басына барып, көрді. Ол кезде судың деңгейі төмен еді. Бірақ жайлап қарғын судың келіп жатқаны байқалды. Таңғы сағат 00-3- те су деңгейі қатты қарқынмен келіп, бірден көтерілді. Қарашық өзеніне 80 текше метр су сиятын. Сағат 00-3-тен кейін 50-60 текше метр су келді.

Ал, 22 наурыз күні таңғы сағат 8-00-де Қарашық өзені толды. 80 текше метрден жоғары су келді. Қарашық өзені Теке ауылына кіріп, арасынан 3,5 шақырым өтіп, сыртқа шығатын. Сол Қарашық өзені өтетін Теке ауылының шығыс жағында Ұлықбек деген көшеміз бар. Сонымен қатар, Қарашық өзенінің бұрылысында негізгі ағын су ағатын. Теке арығымыз бар. Сағат 10-11 шамасында Қарашық өзенінің деңгейіне сыймай 80 текше метр емес, 100 текше метрдей су арнасынан асып-тасып, арыққа түсіп, одан арық тасып, есікті бұзған қызыл су Ұлықбек көшесінің басындағы 14 үйдің 9 үйін су алды төмен қарай. Ойда-қырда 9 үйдің ауласынан су өтті. Қатты көтерілген су арықша сарылдап ағып аулаларға кірді. Бірақ үйлердің ішіне су кірген жоқ. Сол сағат 12 – 00 шамасында барлық үйлердің бала-шағасын, үлкен кісілердің барлығын алып шықтық. Ауыл болғаннан кейін барлығының туысқан ағайындары бар. Тоғыз үйдің тұрғындары туыстарының үйіне көшірілді. Асфальтін жырып, қашыртқы істеттік. Алайда қатты қарқынмен су аққаннан кейін ыза су еденнің астына міндетті түрде ұрады. Ыза судан үйлерге зақым келді. 14 үйдің жоғары жақтағы бес үйі аман.Тоғыз үйі зардап шекті.

22 наурыз күні сағат 12 шамасында облыс әкімі келді. Тағы айтарымыз, ауылдың күнбатыс жағында Оман арық бар. Ол жаққа да жұмыс жасалынды екі жақтама. Ол жақта да ауыл арасына кіретін жер бар болатын арықтың. Сонымен, 22 наурыз күні кешке дейін барлық шаралар істелінді. Түнгі сағат 23.00-ге дейін жұмыс жасадық. Техникалардың барлығы жұмылдырылды. Түнгі сағат 24.00-де судың деңгейі бір қарыс төмен түсіп, 23 наурыз күні су 1 метрге түсті. Су қайтып 23 наурыз күні су өткен 9 үйдің алдына қаптар мен дамбылар басылып, осы күні кешкі сағат 17.00 шамасында жырылған асфальтке қайта көпірлер қойылып, жеңіл машиналар қатынасы орнады.

23 наурыз күні кешке жақын тоғыз үйдің тұрғындары үйлеріне қайтты. Ешқандай мал, адам шығыны болған жоқ. Мамандарымыз толық кезекшілікте, техникаларымыз түзейтін жерлерді түзеп, жұмыс жасауда. «Апат айтып келмейді» — дейді дана халқымыз. Осы орайда аудан тұрғындарының назарына маңызды мағлұматтарды ұсынып отырмыз.

Су тасқыны — бұл қардың еруі, жауын-шашын, суды желмен айдаған және кептелу кезінде өзендердегі, көлдер мен теңіздердегі су деңгейінің көтерілуі нәтижесінде жерді айтарлықтай су басу. Өзендер арнасына суды желмен айдау арқылы болған су тасқыны ерекше түрге жатады.

Су тасқыны көпірлер, жолдар, ғимараттар, құрылымдардың қирауына, елеулі материалдық шығынға, ал судың көп жиналуы (4 м/с астам) және су үлкен биіктікке көтерілсе (2 м көп) адамдар мен жануарлардың опат болуына әкеліп соқтырады. Қираудың негізгі себептері ғимараттар мен құрылымдарға су массасының, жоғары жылдамдықта жүзіп жүрген мұздардың, әртүрлі сынықтар мен жүзіп жүрген заттардың, т.б гидравликалық соққысы болуы мүмкін. Су тасқыны кенеттен пайда болып және бірнеше сағаттан 2-3 аптаға дейін созылуы мүмкін.

Су тасқынына қалай дайындалу керек: Егер де Сіздің аумағыңыз су тасқынынан жиі зардап шексе, су басу мүмкін жерлердің шекарасын, сондай-ақ тұрғылықты жеріңізге жақын тұрған дөңестеу сирек су басатын жерлерді, оған баратын ең қысқа жолды зерделеп, еске сақтаңыз.

Отбасы мүшелерін ұйымдасқан және жекелей көшіру кезінде әрекет ету, сонымен қатар кенеттен және буырқанып келе жатқан су тасқыны кезіндегі ережелерімен таныстырыңыз. Қайықтар, салдарды және оларды жасау үшін құрылыс матеиалдарын сақтау орындарын еске сақтаңыз. Көшіру кезінде алып шығатын құжаттар, мүлік және дәрі-дәрмектердің тізімін алдын-ала жасап қойыңыз. Арнайы чемодан немесе рюкзакқа құндылықтарды, қажетті жылы затарды, азық-түлік қорын, су және дәрі-дәрмекті салыңыз.

Су тасқыны кезінде қалай әрекет ету керек: Су тасқыны қаупі және көшіру туралы дабылды алғаннан кейін күттірместен, белгіленген тәртіп бойынша өзімен бірге қажетті заттар мен бұзылмайтын азық-түліктің екі күндік қорын алып апаттық су басуы ықтимал қауіпті аумақтан белгіленген қауіпсіз аумаққа немесе дөңестеу жерлерге барыңыз (шығыңыз). Көшіру пунктіне жеткеннен кейін тіркеліңіз.

Үйден кетер алдында электр қуаты мен газды сөндіріңіз, отын жағу пештеріндегі отты өшіріңіз, ғимараттың сыртындағы барлық қалқитын заттарды бекітіп қойыңыз немесе қосымша жайларға орналастырыңыз. Егер де уақытыңыз болса үйдегі құнды заттарды шатырға немесе жоғарғы қабаттарға орналастырыңыз. Есңктер мен терезелерді жауып, қажет болса және уақыт жеткілікті болса бірінші қабаттың терезелері мен есіктерін сыртынан тақтайлармен жабыңыз. Оған қоса, үнемі апат туралы дабылды беріңіз: күндіз – жақсы көрінетін шүберекті ағашқа байлап іліп немесе бұлғау, ал түнде жарықтық дабылмен және дауыс беру қажет. Құтқарушылар келген кезде дүрбелең тудырмай, сақтық шараларын сақтай отырып, жүзу құралдарына көшіңіз. Құтқарушылардың талаптарын мүлтіксіз сақтап, жүзу құралдарының шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу керек. Қозғалу кезінде белгіленген орындардан кетпей, бортқа отырмаңыз, экипаждың талаптарын мүлтіксіз орындаңыз. Су басқан ауданнан тек қана зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болғанда жағдайлар, су деңгейінің көтерілуінің жалғасуы, жоғарғы қабаттарды (шатырларды) су басу қаупі болу сияқты себептер болған кезде ғана өздігінен кетуге кеңес береді. Бұл кезде сенімді жүзу құралы болып және қозғалыс бағытын білу керек. Өздігінен шығу кезінде апат дабылын беруді тоқтатпау керек. Суда малтып жүрген және батып жатқан адамдарға көмек көрсетіңіз.

Егер адам батса: Батып жатқан адамға жүзетін зат лақтырып, оны сергітіңіз, көмек шақырыңыз. Зардап шегушіге бару кезінде өзен ағысын ескеріңіз. Егер батушы адам өзінің іс-әрекеттерін бақыламаса, оның артынан жүзіп барып, шашынан ұстап алып, жағалауға сүйреңіз.

Су тасқынынан кейін қалай әрекет ету керек: Ғимаратқа кірер алдында қандайда болмаса бір заттың құлау немесе қопарылу қаупі бар ма жоқ па тексеріңіз. Жайды желдетіңіз (жиналып қалған газдан тазарту үшін). Жайларды толық желдетпейінше және газбен қамту жүйесінің жарамдығын тексермейінше электрді қоспаңыз, ашық отты пайдаланбаңыз және сіріңкені жақпаңыз. Электр өткізгіштердің, газбен қамту, су және канализация құбырларының жұмысқа жарамдылығын тексеріңіз. Олардың мамандардың көмегімен тексеріп жарамдылығына көз жеткізгенбейінше қолданбаңыз. Жайларды кептіру үшін есіктер мен терезелерді ашыңыз, едендегі және қабырғалардағы кірді жуып, подвалдардағы суды шығарыңыз. Сумен тікелей жанасқан тамақ өнімдерін пайдаланбаңыз. Құдықтарды тазартуды ұйымдастырып ондағы лас суды шығарыңыз.

Енді, судың беті қайтқаннан кейін лайдың бәрі басылуы керек.Қазір барлық жер ылғал, лай. Қарашық өзенінің жағаларын жырған жерлеріне, арықтарға ешқандай техника бара алмайды. Бірақ енді судың деңгейі қайтқанмен, әлі лай.Ешқандай техника бара алмайды. Сондықтан жер кебу керек. Содан кейін жұмыстар жасалынады.

Үлкен шынжыр табанды экскаватор да кіре алмады. Ортасына батып кетті. Сондықтан, көшенің шетінен бастап қолмен қаптарды басуға тура келді. Бүгінде 52 жасқа келдім. Есімді 10 жасымда білдім дегеннің өзінде 40 жылдан бері мұндай су Қарашық өзеніне келген емес. Оны жоғарыдағылар да білмей қалды -ау деймін. Ары кеткенде 80 текше метр су сиятын Қарашық өзеніне шамамен 100 текше метр су келді. Сондықтан тасыды. Ешкім күткен жоқ осындай жағдай орын алады,-деп шынын айтсақ. Бірақ, әйтеуір көпшіліктің, ауданның, облыстың техникалары дер кезінде жұмылдырылып, жұмыс жасағанның арқасында транзит су өтті де кетті бір тәуліктің ішінде. Атап айтсақ, техникадан 5 эксковатор, 6 дана ЛК, 2 трактор, 6 Хова жүк көліктері жұ-мылдырылды. Облыстан, ауданнан үлкен көмек болды. Төтенше жағдайлардың барлығы 22-23 наурыз күндері толық жүрді. Аудан мен облыстың үлкен басшылары бізбен бірдей басы-қасында болды.

Күн жылы болғандықтан жаңбыр жаууы мүмкін. Бірақ, анау айтқан су келмейді,-деп күтілуде. 10-12 куб су келуі мүмкін. Оған дейін жоспарлап отырған іс-әрекетімізді жасаудамыз.

Үшқайық ауылдық округіне қарасты Теке ауылы Ұлықбек көшесіндегі 9 үйді су басты. Қапқа топырақ толтырылды.Хоба көліктерімен ауылдың шетіндегі қырдан топырақ әкеліп, құрғақ жерге төгіп, оны қаптап, тасымалмен істелінді. Негізі бас-аяғы 22-23 наурыз екі күн бойы қаптар басылды. Қарашық өзенінің жағалауына да қаптар қойылды. Соның бәрін қосқанда 850 қап топырақ толтырылып қойылды.

Негізі, Үшқайық ауыл округінде 3 мектеп бар. Сол үш мектептің ең үлкені 870 орындық А.Үсенов атындағы жалпы орта мектебінде балаларды, ата-аналарды қабылдайтын жатын орындары, барлығы қамтылған, жеткілікті. Өзі эвакуация бойынша бұрыннан келе жатқан А.Үсенов мектебі. Әрдайым дайын тұрады. Қазіргі таңда алдын алу шараларымен қатар су жапқан жерлердің барлығына зерделеу жұмыстары жүргізілуде,-деп Полат Әлжанов бүгінгі таңда жағдайдың бірқалыпқа түскенін айтты.

Ал, Бабайқорған ауылдық округінде орын алған жағдайды Бабайқорған ауылдық округ әкімінің орынбасары Ақмарал Назарбайқызымен хабарласып білген болатынбыз.

— Наурыз айының 21-ші жұлдызы күні жауын-шашынның толассыз жаууы мен күннің күрт жылынуы салдарынан таудағы қарлар еріп, су деңгейі күрт көтерілді. Нәтижесінде, Жаңақорған өзені толып, Сауран ауданы, Бабайқорған ауыл округі Бабайқорған елдімекеніндегі ауыл арасындағы көпірлер мен бөгеттерді су шайып жарамсыз етті. Алайда, былтырғы жылмен салыстырғанда, қауіпсіздік шаралары биыл мықтап қолға алынған болатын. Су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен учаскелерде алдын алу шаралары мен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тілсіз жаудың қара халыққа шығын әкелмеуі басты назарда болды.

Бабайқорған ауыл округіндегі тасқын судың зардабынан келген шығындарды айтар болсақ. Бабайқорған елді мекеніндегі Ж.Жабаев көшесіне баратын көпірдің екі қанатын су шайып жарамсыз етті. Бабайқорған және Кентау бағытына баратын көпірге зиян келтірілді. Бабайқорған елді мекеніндегі Д.Қонаев көшесіне баратын көпірді су шайып жарамсыз етті. Бабайқорған елді мекеніндегі Ж.Жабаев көшесінде орналасқан көше жарық шамдарының біреуін су шайып құлатып кетті. Бабайқорған ауыл округіндегі, Абай елді мекенімен Көксарай ауылын жалғайтын өткелді су шайып жарамсыз етті. Абай елді мекеніндегі бес электр бағамдарын су басып түбіне зақым келді. Тасқын сулардың алдын алу үшін Жаңақорған өзенінің жағалауына дамбылар жасалынуда, көпірлер жөнделгенше Ж.Жабаев көшесіне айналма жолға тас төселінуде және тағы басқа іс-шаралар атқарылуда. Бабайқорған ауыл округіндегі, Абай елді мекені мен Көксарай ауылын жалғайтын өткел қалпына келтірілді. Өткелді әкімшілік көмектесті, электр бағамдарын Энерго сетьтен келіп қалпына келтірілді. Жарық қалпына келтірілді, — деді Бабайқорған ауылдық округ әкімінің орынбасары Ақмарал Назарбайқызы.

PS: Кеңес Одағы ыдырап, мемлекетаралық қатынастар тұралаған кезде, жас тәуелсіз елдер өз алдына отау құрған тұсында, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен шақта, ауыл әкімдері көпке пана болуы мақсатымен ауыл тұрғындарына қалаған тұстарынан жеке үй салуға және қоражай салуға жер бере бастады. Алайда, көпті көрген қариялармен ақылдасып қай тұстан көктемгі қарғын су жүруі мүмкін екендігі ешкіммен ақылдасылмады. Енді міне, соның зардабын көріп отырмыз. Биылғыдай он күндік Наурыз мерекесін өткізу кезінде салтанатты шараларға көп ден бермей, ең басты мәселе өзен, су, арық бойларын тазалап, ауылдардың санитарлық жағдайын барынша жасауымыз керек еді. Былтырғы оқыс оқиғадан сабақ алмаған бабайқорғандықтар неге қамсыз отырған деген жай бәрімізді мазалайды. Аудан әкімдігі тиісті сала басшыларымен ақылдаса келіп, осындай төтенше жағдайлардың алдын алудың кешенді бағдарламасын, су жүйелерін жаңғыртудың жол картасын жасамаса болмайды.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *