ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА: САУРАНДА 240 МВТ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНАДЫ

Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында еліміздегі энергетика мәселесі туралы айтты. Жұмыс істеп тұрған 55 жылу көзін жөндеп, кемінде тағы 6,5 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту қажеттігіне баса назар аударды.

Осыған орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының «China Gezhouba Group Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Ма Йингинмен кездесті. Кездесуде Түркістан облысында 2 күн және 2 жел электр станцияларын салу мәселесі талқыланды.

– Біз сіздердің біздің өңірде жалпы қуаты 1 ГВт-тан астам күн және жел электр станцияларын салу бойынша ниеттеріңізді білдірген болатынсыздар. Ол ұсынысты жан-жақты қарап, зерделеп шықтық. Бұл ауқымды жоба болғандықтан, Үкіметке, энергетика саласына жауапты министрлікке тиісті хаттар жолданды. Жұмыс жүріп жатыр. Жобаның жүзеге асуына мүдделіміз. Бүгін осы жобаны іске асырудың алғашқы қадамы ретінде арнайы меморандум жасалады. Бұл әріптестік алдағы уақытта басқа да бірлескен жобаларды іске асырудың бастамасы болады деп үміттенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

«China Gezhouba Group Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Ма Йингин әріптестік орнатып, қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын жеткізді. Бұл электр станциялары Түркістан өңірінің ғана емес, Қазақстанның энергетикалық әлеуетін көтеруге серпін беретініне сенімді екенін жеткізді. Сонымен бірге экологиялық жағдайды жақсартуға да үлес қосатынын атап өтті.

Аталған компания Түркістан облысының аумағында жалпы қуаты 1,3 ГВт күн және жел энергетикасы нысандары бойынша 4 жобаны жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Атап айтсақ, Сауран ауданы, Ибата ауылында қуаты 240 МВт Күн электр станциясын салу жобасы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында қуаты 300 МВт Күн электр станциясын салу жобасы, Бәйдібек ауданы, Жүзімдік ауылында қуаты 300 МВт Жел электр станциясын салу, Түлкібас ауданы, Шақпақ баба ауылында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылады. Жобаларды жүзеге асыру және пайдалану кезеңінде жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады.

Электр энергиясын өндіретін 4 нысанды пайдалануға беру арқылы жылына 4 млн. тонна көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға және 900 млн. текше метр газды үнемдеуге мүмкіндік береді. Жалпы инвестор 1,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салады деп жоспарланған.

Кездесуде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен «China Gezhouba Group Overseas Investment CO., LTD» бас директорының орынбасары Ма Йингин арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Келіссөздер сәтті жүзеге асып, жұмыс басталса, электр станцияларының біріншісі 2025 жылы, ал соңғысы 2028 жылы пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар, Сайрам ауданында заманауи 1000 МВт бу-газ қондырғысы электр станциясы салынбақ. «Түркістан БГҚ» ЖШС-нің маневрлік генерациялау режимі бар бу-газ қондырғысы базасында электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға 700 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылады. Бірегей жоба тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы еліміздегі электр энергиясының қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған нысанда өткен жылдың қараша айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен бу-газ қондырғысының естелік капсуласы салынған болатын. Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе жүзеге асыруда.

Бас мердігері – Корей мемлекетінің «Doosan ENTERBILITY CО LTD» және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы. Шетелдік мамандармен бірлескен жұмыс қазақстандық инженерлердің, жобалаушылардың, құрылысшылар мен энергетиктердің тәжірибесін шыңдайды.

Облыс тарихындағы ең ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асады. Маңызды жоба жүзеге асқанда өңірімізде энергия тапшылығы толық шешіледі. Сонымен қатар ірі кәсіпорындар мен өндіріс те қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.

Бүгінде облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығын реттеп қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз ете алады.

Жаңа бу-газ электр станциясының ерекшелігі – қоршаған ортаға зияны жоқ. Электр станциясының негізгі жабдықтары европадан, яғни Германия, Италия, Чехия елдерінен әкелінеді. Станцияның құрылысын 2024 жылы бастап, 2026 жылы толық іске қосу жоспарлануда.

ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр станциясының құрылысы үшін Сайрам ауданынан 60 га жер бөлінді. Аталған жоба арқылы өңірдегі энергия тапшылығы реттеліп қана қоймай, өзге аймақтарды да сапалы энергия көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп күтілуде. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылса, қондырғы толық іске қосылғанда 370-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Айта кетейік, Бу-Газ Турбиналы Қондырғылы электростанцияның артықшылығы – өндірілген электр энергиясының бірлігіне суды аз тұтынып, сәйкесінше, көп электр қуатын өндіреді. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сондай-ақ электростанция жұмыс істеуі үшін оған қажетті отынды темір жол арқылы тұрақты тасымалдауды қажет етпейді. Бұл электр желілері мен электр энергиясын тасымалдау құнын төмендетеді.

Президент Жолдауында энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешу қажеттігі айтылған болатын. Қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал екені ескертілді. Энергия қорларын үнемдеу бүгінгі күннің аса маңызды міндеттерінің біріне айналды. Өнеркәсібі дамыған әлемнің барлық мемлекеттерінде энергия үнемдеу шаралары дұрыс жолға қойылған.

Мемлекет басшысы Жолдауда:
«2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз»,- деді Тоқаев.

Ал оны үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптар енгізілмек. Тиісінше энергияны тұтыну көлемі азаюы қажет.Яғни бүгіндей заманда суды үнемді пайдалану өте маңызды. Сол үшін үкімет энергетикалық тиімділік саясатын қайта қарауды тапсырды.
Бұдан бөлек газдың қолжетімді бағамен сатылуы да сөз болды. Компанияларға тиісті тапсырма да берілді. Дегенмен электр қуаты, жылу және суды үнемді пайдалануды да ұмытпаған жөн.

Жылу және энергиямен қамтамасыз ету жағдайы бойынша Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жауап берді. Жұмыс істеп тұрған жылу көздерін және коммуналдық инженерлік желілерді жаңғырту жұмысына тоқталды.

Қазір энергетикалық сектордың инвести­ция­лық тартымдылығын арттыру және үздік­сіз генерациялауды қамтамасыз ету үшін қайтарымды инвестициялардың жылдық лими­ті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін артқан. Оған қоса электр қуаты нарығында шекті тариф айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 1,065 млн теңгеге дейін ұлғайтылған. Сондай-ақ 24 энергия өндіруші ұйым үшін электр энергиясына шекті тарифтер түзетілді. Онда тарифтердің орташа өсуі 20%-ды құрады.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, аталған шаралар осы жылы салаға шамамен 327 млрд теңге қаржы тартуға мүмкіндік береді:

  • Электр энергиясына тариф есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 94 млрд теңге;
  • Электр қуаты нарығы шеңберіндегі инвестициялар 134,7 млрд теңге;
  • Амортизациялық аударымдар есебінен инвестициялар 98 млрд теңге.

Алдағы жылыту маусымына дайын­дық үшін электр стансаларында 10 энергоблок­ты, 55 қазандықты, 45 турбинаны күрде­лі жөндеу жоспарланған. Қазір 2 энергоблокта, 7 қазандықта, 4 турбинада жөн­деу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 1 турби­на­дағы жөндеу жұмысы аяқталды. Бұл жоба­лар­ды қаржыландыру электр және жы­лу энергиясының тарифі, сондай-ақ бюд­жеттік қаржыландыру есебінен қам­тамасыз етілген.

Биыл электр желілерінде жалпы ұзақтығы 20 857 км электр беру желілерін, 423 бірлік кіші стансаны, 4 057 бірлік тарату пункттерін және трансформаторлық кіші стансаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұлармен бірге жалпы ұзындығы 1 619 км ұлттық электр беру желілерін және «KEGOC» АҚ-ның 30 кіші стансасын күрделі жөндеу де жос­парда бар.

Бүгінде инвестициялық келісімдер бойын­ша Екібастұз ГРЭС-1-де №1 энергоблокты қалпына келтіру, Атырау ЖЭО-да №6 турбоагрегатты ауыстыру, Топар ГРЭС-те №3 турбоагрегатты ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алдағы уақытта Энергетика ми­нистрлігімен жасалған инвестициялық келісімдер шеңберін­де Екібастұз ГРЭС-те қуаты 600 МВт №3 блокты үш жылда салып бітіру көзделіп отыр. Ал Қарағандыдағы ЖЭО-3-те қазандық агрегатының жаңасын салып, турбинасын ауыс­тыру ісін жүзеге асыру екі жылға жоспар­ланған. Оған қоса қуаты 85 МВт енгізе отырып, жаңа қазандық агрегаты мен турбинаны салу арқылы Өскемен ЖЭО-ны кеңейту жобалары іске асырылатын болады. Ember талдау орталығының мәліметтері бойынша, Еуропалық одақ алғаш рет газды жағудан гөрі жаңартылатын көздерден көбірек энергия алды. ЕО-да ең көп жел және күн энергиясын Германия өндірді. 2022 жылы Еуропалық одақ алғаш рет газды жағудан гөрі жаңартылатын көздерден көбірек энергия алған. Мұндай дерек ЕО климат саясаты бойынша зерттеулер жүргізетін Ember талдау орталығы жариялаған есепте келтірілген. Оның есебіне сәйкес, өткен жылы ЕО-да электр энергиясының шамамен 22%-ы күн және желден өндірілген. Сонымен қатар, газ жағу шамамен 20% болды.

Еуроодақ елдері 2022 жылы 203 тераватт-сағат (ТВт сағ) күн энергиясын өндірді, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 39 Твтс-ға немесе 24%-ға көп. Осылайша, Ember сарапшыларының есептеуінше, газ сатып алуға жұмсалатын қаражатты шамамен 10 млрд еуроға үнемдеуге мүмкіндік туды. Жел энергетикасы ЕО-ға 420 ТВтс қуат берді, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 33 ТВтс артық. Жаңартылатын көздерден ең көп энергияны ЕО-да 2022 жылы Германия алған – 126 ТВтс желден және 59 ТВтс күн есебінен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *