Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бізге оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалуын бақылау және бағалау жұмысын да қайта қарауымыз керек. Бұл – жұртшылықтың сұранысы. Басқаша айтқанда, қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында «қосымша кадрлар тобы» қалыптасады.
Қазір кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрған кезде мұндай қадам өте маңызды. Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді. Демек, кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн.
Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз.
Еліміздің экономикасын дамытуға қатысты бүгін айтылған жоба-жоспардың бәрі нақты зерттеліп, есептеліп жасалды.
Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз.
Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу. Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет.
Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе.
Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз.
Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді.
Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз.
Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады.
Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды.
Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үлгісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз.
Жалпы, әлемдегі ахуалдың күрделі екенін көріп отырсыздар. Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Мамандардың айтуынша, биылғы шілде әлем тарихындағы ең ыстық ай болды. Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді. Бірақ біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз.
Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ.
Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым.
Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.
Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы.
Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды.
Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды.
Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз.
Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын.
Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!