Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында ішкі туризмді дамыту және кәсіпкерлікті дамыту, диверсификация мен технологияға негізделген экономика құру жай қажеттілік қана емес, бұдан басқа дамудың жолы жоқ екенін атап өтті.
Сауран ауданын туристік ауданға, туризм орталығына айналдырудағы мақсат — туристік нысандарды көбейту, туризмнің даму деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу, туристік саладан түскен табысты көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Сондықтан, бұл мәселе күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Сол мақсаттарға жету үшін туризммен байланысты салаларды және инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет саласын жақсарту, туризм саласындағы білімді жетілдіру міндеттері қойылып отыр.
2021 жылғы 30 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органдар 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік субьектілері шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша мынадай мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыратыны белгілі:
Туристік қызмет обьектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субьектілері шығындарының бір бөлігін өтеу;
Кәсіпкерлік субьектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу;
Кәсіпкерлік субьектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындардың бір бөлігін субсидиялау;
Туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субьектілеріне жүргізушінің орнын қоспағанда, сыйымдылығы сегізден астам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу болып табылады. Туризм саласындағы туристік нысандарды көбейту бойынша да бірқатар істер атқарылуда. Келген туристерді орналастыру орындарымен қамтамасыз ету мақсатында әртүрлі дәрежедегі қонақ үйлер, хостел және тағыда басқа нысандарды көптеп ашу үшін кәсіпкерлерге туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды. Оның ішінде туристік нысандарды салу және реконструкциялау 10%, жол бойындағы сервис объектілерін салу 10%, туристік кластағы көлік құралдарын сатып алу 25%, тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу 25% көтеріледі. Санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға 83300 теңге, әрбір шетелдік турист үшін 15000 теңге жұмсау көзделеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қаржыландыруымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК тарапынан Ескі Сауран қалашығының басынан «Сапар орталығы» құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ үстіміздегі жылы Ораңғай ауылдық округінде жеке кәсіпкер тарапынан, жобалық құны 2 млрд 200,0 млн теңгені құрайтын қонақ үй құрылысы басталды.
Ал Ескі Иқан ауылдық округінде жоба құны 50,0 млн.теңгені құрайтын Жүсіп ата кесенесінде «Сапар» орталығы мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Айта кетерлігі бұл орталық ауданымыздағы жеке кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының демеушілігі есебінен бой көтеруде.
Аталған орталық ағымдағы жылдың қыркүйек айында ашылуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Бабайқорған ауылдық округінде жоба құны 50,0 млн теңге құрайтын демалыс аймағы салынып жатыр. Бүгінгі таңда құрылыстың 60% аяқталды.
Мұның барлығы айтуға оңай болғанымен қыруар ұйымдастыру шараларын қажет етеді. Басты мақсатымыз – Сауран өңіріне туристерді көптеп тартатындай көрікті ету. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасын да көтеру көзделуде.
Қазіргі таңда ауданымыздың негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлік және туризм саласы болып табылады. Әр қаланың, ауылдың, кез-келген елді-мекеннің тіршілік көзі орта және шағын бизнеске негізделген. Соның арқасында тұрғындар тұрақты табыс тауып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Басты мақсат – кәсіпкерлікті қолдау. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін, мемлекеттік бағдарламаларын түсіндіру мақсатында аудан әкімінің іс-шара жоспары бекітілген. Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімі және өңірлік «Атамекен» Кәсіпкерлер Палатасымен 12 ауылдық округтерді аралап ауданымызда кәсіпкер болуға ниетті немесе кәсіпкерлерге, бизнес үшін маңызды қаржылай қолдау болып табылатын «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы 2025», шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары бойынша түсіндірілген болатын. Бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін кәсіпкерлерге арнайы бағыт-бағдар беріп отыратын «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы құрылған. Онда кәсіпкерлерге қаржы ұйымына дейін кеңестер беріп, жобаларды сүйемелдеу қызметі атқарылады.
Үдемелі индустриялық –инновациялық даму бағдарламасы аясында «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» құны 9422,0 млн теңгені құрайтын 5 жоба енгiзiлген. Осы кәсіпорындарда 218 жұмыс орнын ашу көзделген. Осыдан 2010-2021 жылдар аралығында құны 889,0 млн. теңгенi құрайтын 4 жоба iске қосылып, 164 жұмыс орны ашылды. Өндiрiлген өнiм көлемi 121,0 млн. теңгені құрап, жалпы өнеркәсiп өнiм көлемiндегi үлесi 3,3 пайызды құрады. Кәсіпкерлік және туризм саласында жетістіктер жоқ емес. Алайда, атқарылатын жұмыстар одан да ауқымды.