Жуырда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Алматы филиалындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институты және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты Халықаралық конференциясы өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл конференцияның тарихи мәні зор. Себебі, айтулы іс-шара – Орталық Азияның тарихи географиясына арналған ең алғашқы басқосу.
Жиынға Гарвард университетінің Халықаралық істер жөніндегі вице-ректоры және Қытай мен Ішкі Азия тарихы бойынша Марк Шварц профессоры, PhD Марк Эллиотт арнайы қатысты. Сонымен қоса: АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Катар, Моңғолия, Ресей, Қытай, Түркия, Чехия және Орталық Азия мемлекеттерінен 45 эксперт- ғалым қатысуда.
Орталық Азияның тарихи географиясына арналған халықаралық конференция аймақтың тарихи географиясының көпқырлы бейнесін терең түсінуге және тарихи ландшафттар мен білімнің өзара байланысын талқылауға бағытталған.
Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки бүгінгі конференция – тек Қазақстан тарихында ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдерінің тарихында алғаш рет ұйымдастырылып жатқан арнайы ғылыми шара екенін атап өтті.
«Соңғы жылдары Қазақстан ғылымына бөлінетін қаржы көлемінің ұлғаюы елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайтатын, экономиканың қарқынын арттыра түсетін, халықтың мәдениеті мен рухын жаңғыртуға елеулі үлес қосатын бірқатар ауқымды ғылыми бағдарламалар мен жобалар іске асырылып жатыр. Соның бірі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институтында атқарылып жатқан «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты мемлекеттік ғылыми бағдарламасы. Бұл жобаны қаржыландыру арқылы Ұлттық Үкімет Мемлекет басшысының тарихи сананы қалыптастыру, тарихи мұраны сақтау мен таныту, ұлттық мүдде тұрғысынан тарихты қайта жазу, көпшілік қауым мен жас ұрпақты қазақтың шынайы төл тарихымен таныстыру бағытындағы тапсырмасын орындауға күш салып жатқанымыздың дәлелі мен көрінісі»,- деп, алқалы жиынның маңызын саралады.
Айтулы жиынға университетіміздің Өкілетті Кеңесінің төрағасы Мұхиттин Шимшек онлайн түрде байланысқа қосылып, сәттілік тіледі.
Университет ректоры Жанар Темірбекова: «Тарихи география – әртүрлі тілдердегі ежелгі тарихи жазбалар мен тарихи карталарды зерттейтін күрделі сала. Отандық тарих ғылымының қазіргі ландшафтында тарихи-географиялық зерттеулер маңызды, бірақ әлі жеткілікті түрде ізденістер жасалып жатқан жоқ. Екі күнге созылатын конференциямыз аймақтың тарихи географиясының көпқырлы бейнесіне тереңірек үңіліп, тарихи ландшафттар мен білімнің өзара байланысын талқылайтын ашық және маңызды пікірталас алаңы болады деп сенеміз. Орталық Азиядағы тарихи-географиялық дәстүрлердің объективін қалай қалыптастырғаны туралы пікірталастарды ынталандыруға тырысады. Халықаралық конференция тарихи географияның әртүрлі тәсілдері мен дәстүрлерін зерттей отырып, Орталық Азияның ХІ-ХІХ ғасырлар аралығындағы географиялық бейнесі мен ерекшеліктерін анықтайды»,-деді. Сонымен қатар, ректор Жанар Темірбекова конференция қатысушыларына университетттің қызметі мен жетістіктері туралы кеңінен таныстырды. Соңғы үш жылда ХҰТУ ғалымдарының жалпы қаржыландыру сомасы 2,6 млрд теңгеден асатын 34 гранттық жобаны іске асырғанын атады. Оның ішінде бюджеті 450 миллион теңге мен 1 миллион доллар болатын «Орта Азия мен Қазақ даласының тарихи географиясы мен топонимдерін салыстырмалы зерттеуге арналған XIX ғасырға дейінгі Орталық Азияның тарихи географиясы» гранттық бағдарламасын университет ғалымдары жеңіп алғанын тілге тиек етті.
-Реті келгенде айта кетейік, QS World University Rankings әлемдегі ең әрі ықпалды әлемдік университет рейтингтерінің бірі болып саналады. Біздің университет бұл рейтингке 2022 жылдан бері қатарынан үшінші жыл қатысып келеді. Өткен жылдан бастап QS World University Rankings критерийлеріне өзгерістер мен жаңа критерийлер енгізілді.
2024 жылғы 4 маусымда QS World University Rankings 2025 деректері негізінде 2022-2023 жылдың қорытындысы бойынша рейтинг нәтижелері жарияланды. Рейтингке әлемнің 104 елінен 1503 университет қатысты. Биылғы жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті QS World University Rankings рейтингінде 801-850 аралығындағы позицияда. Бұл позициямен қоса, «Жұмыс берушілердің беделі», «Академиялық бедел», «Шетелдік студенттер» сияқты рейтинг көрсеткіштері бойынша күшейе түсті. Алдағы уақытта QS World University Rankings-тің «ПОҚ-мен студенттердің арақатынасы» және «Тұрақты даму» сияқты көрсеткіштерімен жұмысты жандандыру қажет. Биылғы жылы QS World University Rankings 2025 рейтингіне енген қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 19-дан 21-ге дейін артып, біздің университет ұлттық және зерттеу университеттерімен қатар 7-орынды сақтап қалғаны бізді қуантты, әрі шабыттандырады, ректор Жанар Темірбекова .
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев шараның өзектілігі туралы түсіндіріп, конференция аясында саладағы бірқатар мәселелердің шешімі табылады деген сенімін айтты.