Жуырда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Алматы филиалындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институты және Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты Халықаралық конференциясы өтті.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD, доцент Суат Бейлур «Орталық Азияның тарихи географиясы» бағдарламасы туралы баяндама жасады. Ал конференцияның негізгі баяндамасын АҚШ-тың Гарвард университетінің Халықаралық істер жөніндегі вице-ректоры, зерттеуші-ғалым Марк Эллиотт оқыды. Оның «Еуразияның тарихи географиясындағы «Жібек жолы» және өзге де тұжырымдамаларды талдау» тақырыбындағы зерттеу жұмысы өзекті мәселелер мен тарихи тың деректерімен көпшіліктің қызығушылығын оятты.
Бұдан әрі басқосу сессиялық отырыстарға жалғасты. Ғалымдар негізгі 6 тақырып бойынша өзара талқылау жиынын өткізеді. Атап айтар болсақ:
- Тарихи географияның негізгі ұғымдары мен мәселелері;
- Орталық Азияның тарихи географиясы: еуропалық және орыс деректерінде;
- Орталық Азияның тарихи географиясы: араб, парсы және түркі деректерінде;
- Орталық Азияның тарихи географиясы: қытай, маньчжур және моңғол деректерінде;
- Орталық Азияның топонимикалық географиясын картаға түсіруі және ГИЖ (геоақпараттық жүйелер);
- Орталық Азияның тарихи-мәдени географиясы.
Халықаралық конференция барысында Орталық Азиядағы тарихи географиялық дәстүрлердің қалыптасуы, тарихи географияның әртүрлі тәсілдері мен дәстүрлері, сондай-ақ карта жасау мен картографияның даму үдерісі қарастырылады.
Маңызды жиынға Гарвард университетінің Халықаралық байланыстар жөніндегі вице-ректоры, профессор, доктор, белгілі қытайтанушы-ғалым Марк Эллиотт арнайы келіп, баяндама оқыды деп жоғарыда айтып өттік.
Қазақстанға әлемдік жоғары білім және ғылым саласының белді өкілі келгенінен хабардар болған, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин профессор Марк Эллиотты елордаға шақырып, арнайы кездесу ұйымдастырды. Басқосу барысында Гарвард университетінің әлеуеті мен қазақстандық зерттеу институттары, ғылым ордасы, сондай-ақ университіміздің ғалымдары арасында ортақ жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, белгілі ғалым Алматы қаласындағы ЖОО және ҚР Ұлттық ғылыми академиясының жұмысымен танысты.
Конференциядан кейін, келесі күні профессор Марк Эллиот бастаған Гарвард университетінің делегациясы Алматыдағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен кездесті. Жиынды ХҚТУ-дің Еуразия ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.
Кездесудің басты мақсаты – жоғары білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және тәжірибе алмасу.
Басқосу барысында университеттер мен институттардың басшылары білім беру жүйесіндегі инновациялар, ғылыми зерттеулердің қаржыландырылуы, халықаралық ынтымақтастық және академиялық алмасу бағдарламалары сияқты маңызды тақырыптарды қозғады. Бұл тақырыптар қазіргі заманғы жоғары білім беру жүйесінде ерекше орын алып, ғылым мен білімді дамытуда маңызды рөл атқарады.
Гарвард университетінің делегациясына жетекші ғылыми зерттеулер мен білім беру саласындағы тәжірибесі мол профессорлар мен мамандар кірді. Делегация құрамында болған профессор Марк Эллиотт пен басқа да Гарвард өкілдері қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен болашағы туралы пікір алмасты. Олар ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыру, студенттер мен оқытушылар арасында академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, сондай-ақ бірлескен ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру сияқты мәселелерді талқылады.Сондай-ақ, екі жақтың өкілдері білім беру жүйесін дамытуда тәжірибе алмасудың және әріптестік байланысты нығайтудың маңызын атап өтті. Алдағы уақытта қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары Гарвард университетінің алдыңғы қатарлы тәжірибесін өз жүйесіне енгізу арқылы білім сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеруге және халықаралық аренада өз позицияларын нығайтуға мүмкіндік алады. ХҚТУ-дің Аматы бөлімшесінде өткен кездесу Қазақстан-Америка арасындағы ғылым, білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми және білім беру салаларындағы өзара байланыстарды тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды. Қатысушылар білім беру мен ғылым саласындағы жаһандық үрдістер мен мәселелерді талқылап, болашақтағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледі.
Басқосу соныңда университет Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҰТУ Сенатының қаулысына сәйкес, білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін доктор Марк К. Эллиоттқа «Құрметті профессор» академиялық атағы берілді. Марапатты оқу орнының ректоры Жанар Темірбекова табыс етті.