Біраз жыл бұрын еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы өзгеріп, Түркістан облысы құрылғаны белгілі. Қоңыртөбел тірлік кешіп жатқан қаланың бір күнде өңір орталығына айналуы, қоржыны тоқ мегаполистен бөлінуі бастапқыда тұрғындарды алаңдатқаны да рас. Алайда қайта құрылымдау дамуға тың серпін бергенін аймақтың бүгінгі келбеті айғақтап тұр. Осы ретте бүгінгі ілкімді істер мен алдағы межені білмек ниетпен облыс әкімі Дархан САТЫБАЛДЫНЫ әңгімеге тартқан едік.
Инвесторды қолдау – маңызды басымдық
– Дархан Амангелдіұлы, өткен жылғы есебіңізде өңір дамуы қарқынды екенін айттыңыз. Дегенмен осы көрсеткіштерді кейінгі бірнеше жылмен салыстыра айтсаңыз. Облыс мәртебесі Түркістанға не берді?
– Өздеріңізге мәлім, облыстың құрылғанына 6 жыл болды. Түркістанды рухани астана ретінде дамыту іс-шаралары өңір экономикасына тың серпін берді. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер өсімі қалыптасты. Жалпы өңірлік өнім 6 жылда 2,5 есе өсіп, былтыр 4,2 трлн теңгеге жетті. Биыл 6 трлн теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз.
Жалпы, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 2,3 есе артып, өткен жылы алғаш рет 1 трлн теңгені құрады. Былтыр өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылды. Түркістан түркі әлемі көз тіккен қалаға айналды. Мұнда 250-ден астам заманауи ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім, медицина, инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді.
Дегенмен проблема жоқ деп айта алмаймыз. Өңірдің өзіндік кірісі әлі де төмен. Жұмыссыздық та – басты проблеманың бірі. Облыс негізінен республикалық трансферттерге тәуелді. Қазба байлық табысымен өңірді дамыту қиын. Тағы бір мәселе, кейінгі жылдары елімізден Корея Республикасына жұмыс істеуге барғандар саны артқаны белгілі. Кейінгі 5 жылда облыстан 484 мың тұрғын басқа өңірлерге қоныс аударған. Оның 56 пайызы – жастар. Сондықтан бізге экономиканы дамыту бағыттарын өзгертуге күш салу маңызды. Бұрынғы таптаурын жолмен елдің әлеуетін көтере алмаймыз. Түбегейлі өзгеріс керек. Қазір осыған баса мән беріп отырмыз. Мақсатымыз – облыстың жалпы өңірлік өнім көлемін екі есе арттыру. Экономиканы әртараптандырып, жұмыс орындарын ашуға, кіріс көздерін ұлғайтуға күш саламыз. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, кәсіпкерлік салаларын дамытуға басымдық бере бастадық. Тағы бір мәселе, жаңа зауыттарға маман қажет. Облыста екі ірі оқу орны ғана бар. Біз білікті кадр даярлап, жастарды өңірде тұрақтандыру үшін Оңтүстік Кореямен бірлесіп, Түркістанда оқу орнын ашамыз. Сарыағаш колледжінде заманауи ІТ саласы маманын даярлаймыз. Мұның бәрі өңірде жас кадрлар, кәсіпорын санын арттырып, жаңа зауыттар салынуына серпін береді.
– Мемлекет басшысы «Аймаққа инвестиция тарту – әкімнің басты міндеті» дей келе, қомақты қаржы салуға дайын инвесторларға жағдай жасауды тапсырды. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсаңыз?
– Дұрыс айтасыз, біз инвестиция тарту жұмысын бірінші орынға қойдық. Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Әрбір инвестормен жеке кездесіп, қолдап, әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылап отырмыз. Барлық аудан, қала әкіміне нақты индикаторлар бекітілді. Оларды кәсіпкерлермен бірге Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапарға жібердік. Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралады. Алпауыт компаниялармен келісімдер жасалды.
Алты жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция 3 есе артып, 2023 жылы 972 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. Былтыр жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұл тұрғыда инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз.
Біріншіден, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриялық аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Екіншіден, шағын өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Бірінші кезеңде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 млрд теңге болатын 10 жоба жоспарланса, соның 7-еуі (24,2 млрд теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесін шығаратын «BNK group» компаниялары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 млрд теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осындай паркті аудандарда да салуды жоспарлап отырмыз.
Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы айрықша назарда. 2024–2027 жылдар аралығында 2,1 трлн теңгеге 145 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде «ПГУ Түркістан» қуаттылығы 926,5 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы, «Standard Petroleum» мұнай өңдеу зауыты, «Қазатомпромның» күкірт қышқылын өндіру зауыты, «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауыты бар. Мәселен, «Beibars-Bottlers» ауыз су және түрлі түсті сусындар зауытында жылына 85–100 млн литр өнім шығару көзделіп отыр, 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Ал «Global textile» зауыты іске қосылғаннан кейін 10 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Сонымен қатар 2000 жұмыс орны ашылмақ. «Lihua xinjang group» текстиль кластері жобасының құны – 180 млрд теңге. Мақта кластерін дамытып, оны өңдеу, жіп иіру, мата шығару және мақта егу өндірісін жүзеге асырады. 2500-дей жұмыс орны құрылады. Зауыт ашып қана қоймай, одан шығатын тауар мен өнімді өткізуге де ерекше көңіл бөлінген.
Инвестиция тарту оңай емес. Түркістан қаласында халық саны, жұмыс күші аз. Оған қоса, инвестор инфрақұрылымға, білім, медицина сапасына мән береді. Олар мамандарын әкелуі үшін балаларына шет тілінде білім беретін бәсекелі мектеп іздейді. Мұндай білім ұялары өңірде жоққа тән. Сондықтан инвестор тартуда көрші елдерден еке есе көп жұмыс істеуіміз керек. Инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу арқылы елдің әл-ауқаты ғана жақсармайды, халықтың санасы, мәдениеті, тұрмысы көтеріледі. Сол арқылы елімізде саяси тұрақтылық беки түседі.
Суды үнемдеп, қорды молайтуға кірістік
– Түркістан – агроөнеркәсібі қарқынды өңір. Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығымен шұғылданатындар санын мейлінше көбейту керек», деді. Бұл бағытта қандай жұмыстар іске асып жатыр?
– Президент 2023 жылы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығындағы көкейкесті мәселелерге тоқталып, осыған қатысты нақты тапсырма берді. Түркістан өңірі үшін бұл аса маңызды. Себебі халықтың 80 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан біз жаңа технология енгізу жұмыстарын күшейттік. Нәтиже де бар. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 2023 жылы 1,2 трлн теңгеден асып, республикада көш бастадық. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде рекордтық 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімі жиналды.
Еліміздегі жылыжайдың 70%-ы Түркістан облысына тиесілі. Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Республика халқының 42%-ы көкөніспен қамтамасыз етілді. Жүйелі жұмыс нәтижесінде арнайы стандарт әзірленіп, 801 жылыжай сертификатталды. Бұл шаруашылықтарды субсидиялаудың жаңа ережесі бекітіліп, өндірушіден тікелей көмір сатып алу келісілді.
Облыста мақта өсірумен шұғылданатын 25 мың агроқұрылымда 75 мың адам еңбек етеді. Жиналған 98 мың тонна мақта талшығының 82%-ы экспортқа бағдарланған. Тиісінше әлемдік биржа бағасына тәуелділігі жоғары. Осыны ескере отырып, мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленді. Онда алқапты 25%-ға азайтып, егістікті әртараптандыру көзделген. Сондай-ақ сапалы тұқым шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу және мақтаны қайта өңдеу үлесін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылды. Оған 19,8 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлініп, 3256 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 3517 жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алушы саны қысқарды. 19 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 75 кооператив құрылды.
Жалғасы бар.