ТҮРКІСТАН: ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ – 2

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – Оңтүстіктегі іргелі оқу орындарының бірі. Осындағы медицина факультеті халықаралық стандарттарға сай білім беруімен ерекшеленеді. Оқытушы-профессорлар құрамы мықты. Қазақшадан бөлек ағылшын, түрік тілдерінде де дәріс беріледі. Студенттер Түркия мемлекетінде де сабақ алады. Бастау барын бұлақ та біледі дегендей, тексіз дүние жоқ. Шығыс медицинасының алтын тамыры Ибн Синада жатса, қазақ медицинасының атасы – шипагер Өтейбойдақ. Өркениет өздерінен басталардай көретін Батыс дәрігерлерінен бұрын шешекке қарсы дәрі еккен Өтейбойдақты ауызша мақтан қылғанымызбен, еске аларлықтай ештеңе жасай қойған жоқ едік. ХҚТУ-дың сол тұстағы ректоры, профессор Лесбек Ташимов медицина клиникасының алдынан медицина алаңын саларда ортаға Ибн Синаның мүсінін орнатып, қос қапталындағы қызыл гранитке Гиппократ пен Өтейбойдақтың өмірі, қызметі, сіңірген еңбегі жайлы жаздырды. Бұл – болашақ дәрігерлер үшін үлкен тәрбие. Осылайша тарихымыздың жадында қалған жоғын жаңғыртқан азаматтың халқымыздың түп-тұқиянын түгендеуге де атсалысқаны бар.

Жалпы, Ахмет Ясауи университеті биылғы жылы бұған дейін университетте жемісті еңбек еткен ұстаздар,ғалымдар,  бұрын басшылықта болған тұлғалардың есімдерін дәріптеп олардың атына дәрісхана ашуды дәстүрге айналдыруда.  Қазан айында профессор С.Пірәлиевтің атына дәрісхана ашылған болса, сәуірде Спорт және өнер факультетінде ҚР Халық артисті, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залының, ҚР Халық артисті, профессор Қажыбек Бекбосынов пен ҚР Халық артисті, профессор Рахима Жұбатырова атындағы қос аудиторияның ашылу салтанаты өтті.

Райымбек Сейтметов – Қазақстан Республикасының халық артисті, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және Жастар Одағы сыйлықтарының иегері, «Кафка» атындағы сыйлықтың иесі, профессор Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов қазақ театр сахнасының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға. Кіндік қаны тамған жері, түркі халқының рухани астанасы Түркістанда театр ашып, мәңгі тарихта қалды. Сонымен қатар, Ахмет Ясауи университетінде өнер бөлімін ашылған болатын. Бұл ұлағатты ұстаз-ғалымдардың университет тарихында әрқайссының алатын орны ерекше.

Қажыбек Бекбосынов – халық әндерін кәсіби орындаушы өнер қайраткері, ҚР халық әртісі. Мұхит, Ақан сері, Біржан, Әсет, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаев, Естай әндерін нахышына келтіре орындап, көпшіліктің жүрегінен орын алған. Өмірінің соңғы жылдарында шәкірт тәрбиелеп, еліміздің бірқатар оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарды. Қажыбек Құдайбергенұлы дәстүрлі әншілер арасында өзінің бай репертуарымен көзге бірден түсетін, Жетісу, Арқа және Батыстың әндерін орындап, талай жүректі толқытқан, Үш жүздің басын қосқан Абылай хандай, үш жүздің ән мектебін бір жүрегіне сыйғызған.

Рахима Жұбатырова – танымал әнші, ҚР Халық артисті. Қазақ опера және балет театрының лирико-драмалық сопрано әншісі, атақты Нәдия Шәріпова, Ирина Архипова, Тамара Милашкина, Фуат Мансуров, Белла Руденкодай ұстаздардан тәлім алған, өнер жолында талмай еңбек етіп, көптеген шығармаларда басты партияларды, соның ішінде Татьяна, Амелия, Тоска, Сара, Дана, Қамар сұлудың арияларын шырқап, бейнесін сомдаған. Осылайша, үш алыптың, үш өнер тұлғасының өнегелі өмір жолын, өнерін, асқақ рухын жас ұрпаққа насихаттау барысында оқу ордасында арнайы аудиториялар ашылып, құрмет көрсетілді. Міне, осының бәрі университетте бар жоғы бірер айдың кһлемінде өтіп жатқан игі шаралар.

Аталмыш жоғары оқу орнынан тағы бір тілге тиек етер жайт, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан облысы бойынша «Мамандығым – болашағым» өңірлік жобалық кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. «Мамандығым – болашағым» жобасы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – аймақтың еңбек нарығындағы өзгерістерін болжау және оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру.

Кеңсенің тұсаукесеріне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Қожа Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова бастаған басшылық құрам, «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкенов, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы жобалық кеңсесінің өкілдері және оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. Жиында сөз бастаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беру жүйесін кадрлық қажеттіліктерге неғұрлым нақты бағдарлау мақсатында форсайт-зерттеулер жүргізудің, кадрларға өңірлік қажеттілік карталарын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, кадрларды даярлаудың өңірлік жүйесін жергілікті сұраныспен байланыстыру, университетте ғылымды дамыту, жастарды ғылымға тарту, жоғары білім беруді интернационалдандыру және цифрлық экожүйені қалыптастыру қажеттілігіне тоқталды. Жобаның бүгінге дейінгі негізгі көрсеткіштерін жіктеп атады.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жобаның берері мен маңызы туралы кеңінен баяндады. «Облыста елдің болашағы үшін маңызды жиынды өткізіп жатқандарыңыз үшін қуаныштымыз! Осы себепті облыс әкімдігі мен университет атынан сіздерге шынайы алғысымызды жеткізгіміз келеді. Бұл мәселе біздің өңіріміз үшін өте өзекті. «Мамандығым-болашағым» жобасы бойынша арнайы жол картасы әзірленіп, облыс әкімдігінің бекітуімен 2022 жылдан бері іске асырылуда» деген облыс әкімінің орынбасары өңірдегі кадр тапшылығы басым салалар туралы айтты. Сонымен қатар, қоғамның кез келген экономикалық саласынан бастап, әлеуметтік, рухани-мәдени салаларына үлкен серпін беретін жастарды дұрыс мамандықтарға, іске бағыттаудың маңызы жайлы тілге тиек етті.

Университет ректоры Жанар Темірбекова жобаның маңыздылығына тоқталып, оның Түркістан облысын кадрлармен қамтамасыз етудегі құндылығын атап өтті және қатысушыларға жаңа қажетті дағдыларды меңгеруде сәттілік тіледі. «Аталған жобаға қатысты университеттегі әріптестеріміз былтырдан бері белсенді жұмыс істеді. Астана мен Алматы қалаларында түрлі оқыту семинарларына кеңінен қатысты. Ендігі кезекте, екінші кезеңге – өңірлік жобалық кеңсені құруға, өз командамызды қалыптастыру кезеңіне жеттік. Бұл барлығымыз үшін аса маңызды. Себебі, Түркістан облысының негізгі кадрларын даярлайтын өңірлік орталық – Ахмет Ясауи университеті» — деді. Ал «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкенов аталмыш жобаның мақсаты мен маңызын саралады. Көптің көкейіндегі жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

Аталған жоба шеңберінде университет қызметкерлері 5 күн бойы интенсивті режимде форсайттық зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттау курсынан өтеді. Тренинг нәтижелері бойынша курс түлектері өңірлік жобалық кеңсе командасын құрып, Түркістан облысының кадрлар қажеттілігінің өңірлік картасын жасауға бағытталған аймақтағы негізгі сала мамандарының қатысуымен форсайттық зерттеулер жүргізеді. Өткен  2022 жылдың тамыз айында Қазақстан халқының табысын арттырудың 2022-2024 жылдарға арналған «Мамандығым-болашағым» бағдарламасы іске қосылатындығы жөнінде сөз болған. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елордада өтіп жатқан «Адами капитал – жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» атты ғылым және жоғары білім форумында мәлім еткен еді.

«Қазір халық табысын арттырудың 2022-2024 жылдарға арналған «Мамандығым-болашағым» бағдарламасы бойынша қаржыландыру жұмысы жүріп жатыр. Аталған жобаға қатысатын 20 жоғары оқу орындарының тізімі жуықта хабарланады. Жоба мақсатына сәйкес өңірлік және салалық жоғары оқу орындары сұранысқа ие мамандарды даярлауды өз мойнына алып, жергілікті озық тәжірибе тарату орталықтарына айналуы тиіс», — деген еді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, халық табысын арттыруға арналған «Мамандығым-болашағым» жобасы аясында мынадай жұмыс қолға алынатын болған:

  • Алдағы 5 жылға өңір немесе сала инновациялары мен кадр қажеттілігіне форсайт-зерттеулер және болжам жүргізіледі;
  • 2) Әр өңір мамандықтар бойынша кәсіптер атласын әзірлеп, мамандар даярлайды:
  • 3) Кәсіптер атласына сәйкес жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу және өзекті ету;
  • 4) Жаңарған білім беру бағдарламалары үшін профессорлық-оқытушылық құрам даярлау.

«Тұтастай алғанда, жоғары оқу орындары сол өңірдегі инновациялық, ғылыми-технологиялық, кадрлық және өндірістік белсенділікті жинақтайтын орынға айналдыру керек. Өзара іс-қимыл үшін стратегиялық тұғырнама болуы тиіс. Осы тұрғыда, бізде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен олардың аймақтық хабтарын өңірлік университеттерді дамыту бағдарламасымен ұштастыру жөнінде алдын ала уағдаластық бар екенін атап өткім келеді», — деген болатын Саясат Нұрбек. Айта кетейік, қазіргі таңда «Мамандығым – болашағым» жобасы еліміздің 17 өңірінде жүзеге асырылуда. Соның ішінде Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды облыстары және Алматы мен Астана қалалары өңірлік кадрларға қажеттілік картасын әзірлеуді аяқтап, осы өңірлердің басым секторларының қатарынан келешегі бар кәсіптерді анықтады. Сондай-ақ оқушылардың кәсіби диагностикасы жүргізілді, оның нәтижелері бойынша оқушылар өздерінің бейіні мен кәсіби қызметте жүзеге асыру мүмкіндіктерін анықтады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *