ТҮРКІСТАН: «ЯСАУИТАНУ»  ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ  ЯСАУИ ІЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ ІРГЕЛІ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖҮРГІЗУДЕ – 2

Түркі жұртының жастарын бір шаңырақ астына біріктіріп, білім беріп отырған университеттің  атауы да Ясауидің атымен аталуы тегін болмаса керек. Сондықтан ғұлама тұлға Қожа Ахмет Ясауиді таныту, зерттеу жұмыстарын білу мақсатта Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің  «Ясауитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Мансұровпен сұхбаттасқан едік.

Қожа Ахмет Ясауи шығармаларының тілдік сипаттамасы. Қожа Ахмет Ясауи шығармасын терең түсіну үшін оның хикметтерінің мәнін ұғынуымыз керек. Бұл ретте сонау көне заманда жазылып, хатталған шығарманың тілдік қолданысын, ондағы мазмұны мен мәнін ашу қажеттігі туындайды. Бұл өз кезегінде хикметтерді талдауды талап етеді. Расында, хикметтер қазақша аударма түрінде жарияланды. Алайда оның айтар тұжырымы мен мақсаты толығымен ашылды ма?! Осы өте маңызды. Сондықтан хикметтерді тілдік тұрғыда талдау аса қажет. Онда келтірілген қасиетті Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистеріне түсінік беру, олардың Ясауи шығармаларындағы сабақтастығының мәнін ашу бүгінгі заман талабы. Ал мұндай бастамалар «Ясауи тілінің сөздігі» атты еңбектің құрастырылуын қамтамасыз етеді.

Ия, тілі жайлы айтылған ғалымдар тарапынан пікірлер өзіміздің отандық әрі шетелдік ой-тұжырымдар жайлы біршама еңбектерді атауға болады. Белгілі ғалым, әйгілі тіл маманы Р.Сыздықова «Ясауи шығармаларының тілі» атты еңбегін ұсынды. Онда ғалымның айтқан мынадай пікірі маңызды: «Ислам діні ағымдарының бірі – суфизмнің ірі өкілі – Ясауи мұрасын танып-білуге ұмтылыс жасауда тек діни оқу орындарында ғана емес, қалың көпшілікке ислам уағыздары түсіндіріліп жатыр. Ясауи мұрасы қазақшаға аударылып та, ХІХ-ХХ ғасырларда жарық көрген немесе қолжазба түрінде сақталған түпнұсқа бойынша да жариялануда. Демек, бұл күндерде қалың қазақ оқырмандары бұлардағы әрбір діни атаулардың, суфизм терминдерінің мағыналарын дұрыс танып-білулері қажет, өйткені араб, парсы сөздерінің бұдан 7-8 ғасыр бұрынғы белгілі бір діни ағым қолданысындағы мағынасы мен қазіргі қазақ тілінде қалыптасқан мағыналары бірдей еместігі түсінікті. Сондықтан сопылық әдебиетте кездесетін кейбір араб пен парсы сөздерінің діни терминдік ұғымын түсіндіріп беруді де жөн көрдік» дейді. Демек, хикметтердің тілдік мазмұны әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді. Терминдік тұрғыда қолданыс тапқан әр сөздің мәнін ашуда хикметтердің мағыналық сипаты анықталады. Бұл да Ясауитанудың өте маңызды бір қыры.

Алтыншы, Қожа Ахмет Ясауидің энциклопениясын жарыққа шығару. Қожа Ахмет Ясауиді таныту үшін оның шығармаларын бүгінгі әлемдік деңгейде ерекше орын алатын шет тілдеріне аударма жасалса орынды болар еді дедік жоғарыда. Әрине, ол алдағы уақыттың еншісіндегі дүние. Бірақ оның энциклопедиясын жасауға толық мүмкіндік бар. Ол келелі әрі мән-мазмұны кең қамтылған «Ясауи энциклопедиясы» атты еңбек болуы керек. Орталық ұжымы, қала берді университет ұжымын толық тарту арқылы осындай игі бастамаларды қарастыруға болады. Сондықтан университет есімі танымал тұлғаның беделін арттыру мақсатында мұндай жұмыстарды ұжым болып қолға алуы тиіс.

Басты мақсат – бүгінгі  ғаламдық өркениет дамуында Қожа Ахмет Ясауидің рухани танымын әлем сахнасына таныту.

— Ахмет Ясауиді зерттеуге ден қойылмай жатқан сияқты көрінеді. Қандай ғылыми орталық немесе институттар бар?

— Бүгінде «Ясауи» зерттеулері жайлы сөз болғанда бірінші кезекте оның атымен тікелей байланысты Түркістан топырағында тұлғаның қолжазбалары, еңбектерінің қолжетімді жинақтары (қазақша мазмұнымен), біз мақсат еткен ізбасарларының да еңбектері, олардың Ясауи жайлы жазған еңбектеріндегі мәліметтер, сондай-ақ осы дүниелердің барлығының шет тілдеріндегі басылымдары болуы тиіс деп санаймыз. Сонда ғана біз Қожа Ахмет Ясауи тұлғасын толық таныта алдық деп білеміз. Ең басты мәселе, оның қолжазбаларының көшірмелерін жинақтау қажет. Ол бір орталықтанған ғылыми орталықта тұруы керек әрі қолжетімді болғаны дұрыс. Кез келген ясауитанушы ретінде оның қолжазбаларын, еңбектерін, ізбасарларының мұраларын, т.т. көруге толық мүмкіншілік жасалуы тиіс. Міне сонда ғана Ясауи тұлғасының сыры жан-жақты қарастырылатын болады. Олай етпегенде біз бар болғаны кесене, қылует, жазбалары саналатын «Диуани хикметпен» шектелеміз, яғни оның бар болмысы мен еңбектері, тарихи тұлғалық танымы толық ашылып, зерттелуге мүмкіндік болмай қалуы кәдік. Ясауиді зерттеу орталықтарына келер болсақ, ол бар болғаны осы университеттегі ғылыми-зерттеу орталығы мен қаламыздағы музейді атауға болады.

Кеше ғана 1150 жылдығын тойлап, ауқымды, яғни мемлекеттік деңгейде ісшаралар өткізген әл-Фараби атында ұлттық университет қабырғасында арнайы ұйымдастырылған ғылыми орталық бар. 175 жылдық мерейтойды тойлаған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Абай» ғылыми-зерттеу орталығы, Абай студиясы жұмыс істеп келеді. Олай болса Ясауи университетінде де «Ясауи» ғылыми-зерттеу орталығының да қызметін жандандыру керек. Мүмкін бұл алдағы уақыттардың еншісіне тиер.

Жуырда облыс әкімшілігі мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек мырзамен кездесу барысында қомақты қаражат бөлінетінін, оның оқу орнын жаңғырту жобаларына жұмсалатынын, яғни университет клинакасын заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, білікті мамандарды тарту, түркиялық білімді мамандармен тәжірибе алмасу, т.т. мәселелер қаралып, соның ішінде университеттегі түркология, ясауитану орталықтарын да жандандыру қажеттігін сөз еткен болатын. Міне сондықтан осы айтылған жобалар алдағы уақытта толығымен шешімін табады деуге болады.

 ТҮЙІН

 Түркістанға ежелден Әзірет Сұлтан кесенесіне зиярат етушілер арнайы келіп жатады. «Арыстанбапқа түне, Әзірет Сұлтаннан тіле» деген халық арасында жүрген сөз де бар. Бұл сөздер кесененің қасиетіне байланысты айтылса керек. Қаламызда туристерді қызықтыратын басты нысана түркі әлемінің ұстазы Ахмет Ясауи  бабамыздың кесенесі екені де рас. Өкінішке орай, тастан басына кесене тұрғызылғанымен, бейнесін еш жерден көре алмаймыз, бабаның бір ескерткіші кем болып тұрғандай. Сонымен қатар, Ясауидің ғибратты сөздерін қала көшелеріне, кесененің маңайына жаздырып қойса ұрпағы оқып, біліп, тәлім алып жүрер еді.  Қазір тек ислам дінін таратушы тұлған екені ғана айтылып жүргенін ғалым тілге тиек етті. Түркістанды әлемге танытып тұрған Ясауи бабамыздың жазбаларын жинақтап, тереңдей зерттеу жұмыстарын жасау кезек күттірмейтін іс.   

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *