«Қазақстан туристік саланың үлесін 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 8 пайызына дейін жеткізуді көздеп отыр. Біз Орталық Азия елдері мен күллі түркі әлемі үшін қасиетті саналатын Түркістан қаласын белсенді дамытып жатырмыз. Тек 2020 жылдың өзінде қаланың инфрақұрылымына, Түркістанның туризмі мен логистикасына құйылған ішкі инвестиция шамамен 1 миллиард долларды құрады. Түркістан Қазақстанның ТОП-10 туристік бағытына кірді. Бұл сіздердің елдеріңіздің инвесторлары мен туристері үшін тартымды өңір болмақ» , — деген болатын Президент Қ.Тоқаев 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай жиынында.
Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына ден қою керегін айтты:»Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет».Сонымен қатар туризм саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды: «Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ».
«Түркістан елдегі ірі туристік орталық ретінде дамып келеді. Түркістан қаласында қолөнер бұйымдарын жасау – ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан үрді- Түркістандағы түркі әлемінің ойшылы, ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әлемдегі ең үздік сәулет туындыларының бірі. Шаһарымызға жыл сайын түркі елдері мен шетелдерден мыңдаған саяхатшы келеді. Тарихына қызығады. Бұл қала ежелден-ақ Еуропа саяхатшыларына да таныс болған. Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығының бірі ретінде дамығанын білеміз. Түркістан – Еуразияның жауһары.
Екіншіден, Түркістан бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Мұнда тарихымыздағы тағдыршешті шешімдер қабылданған. Түркістанда қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, елуден астам қол бастаған батыры жерленген. Ал, жалпы Түркістан облысының барлық аудан, қаласының өзіндік тарихы бар.
Оны зерттесеңіз көне замандарға тереңдейсіз. Осынау тарихи аймақта басшы болу – мен үшін зор жауапкершілік. Аймақты дамыту, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеп отырған міндеттер мен бағдарламаларын орындау бағытында бар күш-жігерімді салуға міндеттімін», -деген болатын облыс әкімі Д.Сатыбалды «Қазинформ.кз» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.
Қалада «Turkistan Qol oner» одағы қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Құрамында 115 мүше тіркелген. Сонымен қатар, «Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебі» жұмыс істейді. Мектепте 475 оқушы өз өнерін шыңдап, ата дәстүрді игеруде. Түркістан қаласында қолөнершілерді қолдау мақсатында тұрақты түрде қолөнершілер көрмелері, сайыстар, іс-шаралар ұйымдастырылады. Иә, Түркістан туризмі мен тарихи мәдение орталық ретінде оның баға жетпес құндылықтары туралы ғалымдардың зерттеуіне сүйеніп жазылған мақалада тарқатып айтпақпызү
1-КЕРЕМЕТ:
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КЕСЕНЕ ӘЛЕМДІК ТОП-100 МИСТИКАЛЫҚ ОРЫНДАР ҚАТАРЫНА ЕНДІ
Испанияның ең танымал газеттерінің бірі саналатын «El País» газетінде американдық фотограф Мартин Грейдің әлемдік мистикалық жерлерді іздеудегі 40 жылдық саяхатына негізделген «Secret Sacred Sites» кітабы туралы мақала жарық көрді. Оның таңғажайып 100 жерді сипаттайтын жаңа кітабы саяхатшылар мен жұмбақ іздеушілер үшін шабыт көзі болып отыр. М.Грэй ұсынған орындардың ішінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ерекше орын алады. 2008 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне Қазақстаннан бірінші болып енген бұл кесене киелі өнер мен руханияттың символы деп бағалануда. Мартин Грей: «1389 жылы Темірлан салдырған кесене 12 ғасырдағы бұрынғы кесененің орнын толтыруға арналған аяқталмаған ғимарат. Бұл орын Орталық Азияның түкпір-түкпірінен келетін діндарлар үшін әйгілі түркі ақыны және сопы мистигінің мұрасын зерттеу үшін зиярат орталығына айналған. Менің кітабым нұсқаулық емес, керісінше киелі жерлерді іздейтіндерге шабыт көзі деп бағалаймын. Саяхатшыларға алдымен елді таңдап, сосын кітаптан зиярат ететін киелі жерлерді іздеуге кеңес беремін».
«El País» газетінде жарық көрген мақала мен Мартин Грейдің кітабы біздің жаһандық мәдени мұраларымыз тек өткенді ғана еске салмай, бізді шабыттандыратын теңдесіз қайнаркөз екенін еске салады. Грейдің айтуынша, біздің ортақ мәдени және рухани мұрамызды түсінудің кілті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты жерлерде жатыр. Бұл әрбір саяхатшы өзінің бір бөлігін таба алатын тыныштық пен рефлексия оазисі екені сөзсіз.
2-КЕРЕМЕТ:
ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИДІҢ АМЕРИКАДАН ТАБЫЛҒАН ҚОЛЖАЗБАСЫНЫҢ КӨШІРМЕСІ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары ұлы ойшыл, ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің Америкадан табылған қолжазбасының көшірмесін жарыққа шығарғандығын мәлімдеді.
«Рисала Мират әл Кулуб» кітабының түпнұсқасы ХІІ ғасырда араб графикасымен түркі тілінде жазылған. Қолжазба «Диуани хикметке» қарағанда проза түрінде жарық көрген. Үш тараудан тұратын шығарма әділдік, адалдық, ізгілік сияқты гуманистік құндылықтарды сипаттайды. Қазіргі уақытта мамандар Вашингтондағы АҚШ Конгресінің кітапханасынан табылған XVIII ғасырда көшірілген нұсқа мен бұрыннан бар түпнұсқаның ерекшелігін зерттеуде. Кітапты түптеу жұмыстары 3 аптаға созылды. Факсимильді көшірменің жекелеген беттері блок түрінде тігілген. Мұқабаға 3 мм картон қағазы мен ашық қоңыр түсті былғары қолданылған. Қолжазбаның ХІІ ғасырдағы түпнұсқасы ҚР Ұлттық кітапханасында сақталған.
Көнеден түркі халықтарының астанасы саналған Түркістан қаласы бүгінгі таңда облыс орталығы. Жаңа дәуірде жаңаша кейіпке енген тарихтың тұмар қаласы туралы түрліше құпиялар бар. Солардың ғылымға негізделген, тарихи тамыры айқын жеті құпиясын бұған дейін тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев ашқан болатын. Осы зерттеу мақаланы жастарға ашып көрсетуді ниет қылдық.
3-КЕРЕМЕТ: КҮЛТӨБЕ
Күлтөбе дегеніміз Әзірет Сұлтан кесенесінен 300 қадам жерде орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе де, беткі бөлігі ғана қазылған. Қазба жұмыстары Түркі кезеңіне дейін ғана жетті. Бұл Күлтөбенің ескі атауы – Яссы. Оның төменгі қабаттары Тұран дәуіріне дейін барады. Бұл дегеніміз, біздің жыл санауымызға дейінгі 2 мыңжылдыққа апарады. Орыстың П.И.Рычков деген зерттеуші ғалымы 1730-1740 жылдары жазылған еңбектерінде Түркістан тарихына тоқталады. Сонда Түркістанның тарихы – бүкіл Орта Азия, Бұхара, Мауереннаһр мәдениетінен де ілгері болғанын ғұламалар айтқан екен.
Демек, адамзат өркениеті Түркістаннан, яғни Күлтөбе, Яссыдан басталғаны жазылады. Тіпті, мемлекеттердің осы жерден ескі құрлыққа тарағаны көрсетіледі. Мұның барлығын алдағы уақытта жүргізілетін қазба жұмыстары дәлелдесе керек. Мұны Түркістанның басты құпиясы санауға болады.
Жалғасы бар.