Түркістан облысы Қазақстанның экологиялық қолайсыз алты аймағының бірі. Қазақстанның оңтүстігіндегі шөлді дала жағдайлары өсімдік ағзаларына әсер ететін қолайсыз факторлардың ерекше күрделі жиынтығымен ерекшеленеді. Осыған орай, экологиялық ауыртпалықты азайту және өсімдіктерді көбейту жағдайын жақсарту мақсатында 1994 жылы Түркістанда ашылған университетте жалпы ауданы 88 гектарды құрайтын ботаникалық бақ құрылған болатын.
Бүгінде Түркістан ботаникалық бағы биологиялық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған танымдық ғылыми орталық болып танылды. Бұл пікірді Қазақстан ғана емес, Ресей және Өзбекстан ботаниктері мақалаларында жазып, түрлі мінберлерден айтып та жүр.Ботаникалық бақта сәндік ағаштар мен жеміс-жидек дақылдарын өсірудің ғылыми негізделген әдістері, сондай-ақ осы ағаштарға сапалы тұқымдық материал алудың жеделдетілген технологиялары әзірленеді. Бүгінгі таңда университет ғалымдары Түркістан қаласын абаттандыру әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Мәселен, коммерцияландыру жобасы аясында 26 сәндік өсімдіктердің көшеттері дайындалды.
Ахмет Ясауи университеті базасында орналасқан бірегей ботаниқалық бақ – түркістандықтар үшін үшін баға жетпес байлық. Жалпы ауданы 88 гектар аумақты алып жатқан ботаниқалық бақтың коллекциялық қорында декоративті және жеміс өсімдектерінің 150-ге жуық түрі мен сорты бар.
Жылдағы дәстүрге сай, жаз мезгілінің алғашқы күнінен оқу ордасының ботаникалық бағындағы жеміс ағаштары өнім бере бастайды.
Өткен апталарда бақтағы шие ағаштарының өнімдерін жинап, жидектен жасалған шырын университет орталық асханасы факультеттеріне таратылып, студенттер мен оқытушылардың игілігіне жаратылғанынан хабардармыз. Міне, енді биылғы маусымның піскен өріктерін жинау және өңдеу жұмыстары да басталды. Бақтың жалпы аумағының 15 гектарын өрік ағаштары құрайды.
«Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының бағалы гендік қорын сақтау» жобасы аясында өндіріс цехы ашылып, оны университетте өткен халықаралық симпозиумға келген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев және университет ректоры Жанар Темірбекова қатысып, цехтың лентасын қиған болатын.
Қорды сақтау және қалдықсыз өнім өндіруді мақсат еткен өндірістік цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Осылайша жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. 1 тəулікте 5-7 тонна өнім қабылдап, қайта өңдеуге мүмкіндігі болатындығы туралы ақпарат еліміздің бірқатар медиалары мен БАҚ-дарында хабарланды.
Міне, сол аталған жоба аясында өріктерді жинауға күніне 30-ға жуық адам жұмылдырылды. Мамандар биыл шамамен 30 тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Жиналған өнімдерді жеміс жидектерді өңдеу өндірістік цехінде сапасына қарай сұрыптап, одан кептірілген өрік әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, қазіргі таңда ботаниқалық бағымызда 650 млн теңгеден астам сомаға 3 ірі жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында жаңа цех құрылып, өсімдіктерді Түркістан өңірінің климатын бейімдеп, өсіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.
Университтетің Ғылымды коммерцияландыру бөлімінің басшысы Азат Искаков бұл жобаның ботаникалық бақтың гендік қорын сақтауға байланысты қолға алынғандығы туралы таратып айтып өтті.
«Ботаникалық бақты ғылыммен дамытпаса, ол жай ғана саябақ болып қалуы мүмкін. Сондықтан түрлі тәжірибелерді пайдаланып, лабораториялық жұмыстарға көптеп мән беру керек. Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын кейбір ағаштардың түрлері сиреп, жоғалып кетіп жатыр. Оның ішінде, сәндік ағаштар да, жеміс ағаштары да бар. Солардың гендік қорын сақтау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.Ал, енді оны биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы сақтап қала аламыз. Яғни, қалдық ағаштарымызды қайта өңдейміз, сатамыз. Жемістерімізді қайта өңдейміз. Ол үшін арнайы өндірістік цехты іске қосып жатырмыз. Цех қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жемістерді жуу, кесу, қаптап-орау және сақтау. Барлық қызмет түрлері орындалады. Цехтың кептіру аппараты тәулігіне 7 тонна өнім қабылдауға мүмкіндігі бар. 2023 жылы техниканы іске қосып көріп, тестілеуден өткіздік. Тестілеу кезінде он екі түрлі өнімді кептіріп көрдік. Оның ішінде көкөністер бар. Жемістер де бар. Қызанақтан бастап қарбызға дейін кептіріп көрдік. Өнімнің алғашқы партиясын шығардық, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өнімнің сапасы өте керемет. Жалпы, жұмысшы қолы азайған сайын , аппараттармен жұмыс істеген сайын өнімнің бағасына оң әсер етеді. Бағасы соған қарай бекітіледі. Қазіргі уақытта жартылай аппаратпен жұмыс істеудеміз. Біраз жұмыстар қолмен атқарылды, жұмысшыларға ақша төледік. Қыста да жартылай аппаратпен жұмыс істеген едік. Енді толыққанды аппаратпен жұмыс істеуді қол жеткіздік. Ендігі жерде цех жұмысына екі адам бас-көз болса жетеді. Жалпы жоба 3 жылға жоспарланған. Әлі бұл жоба аяқталған жоқ. Негізгі талаптар орындалғаннан кейін ғана, яғни цехтың жұмысы бар, бау-бақшада орындалып жатқан күтіп- баптау жұмыстары бар, барлығы аяқталғаннан кейін толыққанды кешенді түрде жоба жүзеге асады. Міне, жемістердің алғашқы бөлігі пісе бастады. Өнімдерді қабылдауға цех дайын. Қазір ботбақта өрік теру науқаны жүріп жатыр, жинап болған соң қайта өңдеу жұмыстары басталады. Жобаның нәтижелері жаман емес»- дейді ғалым бізбен әңгімесінде.
– Жалпы кафедра жоспарында бес гранттық жоба бар. Химиялық технология бойынша екі, биотехнология бойынша бір гранттық жоба коммерциялық негізінде ғылым қоры тарапынан қаржыландырылатын жоба.
Ал, бүгінгі 360 млн теңгені құрайтын жоба жетекшісі Мұрат Ерденов, орындаушылары Азат Искаков, Нұрдана Салыбекова және Ануар Мамадалиев. Бұл жобаны қолға алудағы басты мақсат – ботаникалық бақтағы өнімді ысырап етпеу, оны қайта өңдеу. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу күн тәртібінде тұр. Біздің шығып жатқан өнімдердің барлығы адам ресурстары арқылы жүзеге асады. Мына жоба бойынша жұмыстың басым бөлігін техника атқарады. Бұл- бір. Екіншіден, өңделген өнімдеріміз тым болмағанда өзіміздің асханаларымызды қамтамасыз етіп, студенттер игілігіне жарайтын болса, оның пайдасы шаш-етектен. Үшіншіден, бұл ғылыми зерттеулердің өндіріске енгендігі, пайдаға асқандығын көрсетеді. Осылайша ғылым мен өндірісті ұштастырып жатырмыз. Зерттеу нәтижелерін өндірісте қолданып жатырмыз. Коммерциялық игеру осы мақсатта құрылған, дейді Биология кафедрасының меңгерушісі доцент Ғани Исаев.
Түйіндей келе айтарымыз: университетте бастау алған жобалардың бәрі рет- ретімен іске асса, түркістандықтардың табиғи таза жолмен өндірілген өнімдерімен қамтамасыз етілетіні сөзсіз. Сонымен қатар, жалпы ауданы 88 гектарды құрайтын ботаникалық бақ қорында декоративті және жеміс өсімдектерінің 150-ге жуық түрі мен сорты, көптеген сәндік ағаштар мен жеміс ағаштарының гендік қорын сақтау арқылы өңірдің табиғи байлығын жаңғыртып, экологиялық ахуалын аз да болса түзеуге, жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізері анық.