ЕҢ ҮЛКЕН БАҚЫЛАУШЫ – ХАЛЫҚ

Бүгінгі қоғам жаңашылдықты, өзгерістерді қажет етеді. Былтырғы еліміздегі конституциялық реформалар, биылғы  наурызда өткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауы осы өзгерістер жолындағы маңызды қадам саналады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев  киелі шаөһарда өткен Ұлттық құрылтайда:  «Қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек» деді.

Осы орайда Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары да өңірдің дамуына үлестерін қосып, өзгерістердің  бел ортасында жүргенін айта кеткен жөн. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының басшылығымен өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.  Халықтың талап-тілегіне құлақ түру, кемшіліктермен жұмыс істеудің жаңаша әдіс-тәсілдері қалыптасты. «Депутаттарға тұрақты түрде сайлаушылармен кездесу өткізу керек. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, соны жергілікті билікпен бірлесіп шешу – басты мақсат. Сіздерді тұрғындардың өзекті мәселелерін шешіп, ел игілігі үшін бірлесе қызмет атқаруға шақырамын» деген болатын өңір басшысы  осы жолы сайланған сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттарының алғашқы сессиясында.

Халықтың талап-тілегіне дер кезінде назар аудару мақсатында  «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі  Жол картасының таныстырылымы жан-жақты талқыланды. Партияның облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің басшылығымен 4 бағыт бойынша 136 іс-шара жоспарланды. Ондағы әрбір көрсеткіштің орындалуына жауапты мәслихат депутаттары бекітілді. Соның ішінде қоғамдық қабылдауда тұрғындар тарапынан қозғалған мәселелердің оңтайлы шешілуін бақылау ісіне баса назар аударылып отыр.

 

Кабинетте емес, көпшіліктің ортасында

Жеке басыма келсем, депутат ретінде қоғамдық қабылдауды кабинетте емес, елді мекендерге барып, қарапайым көпшіліктің ортасында өткізуге, дәлірегі, халықтың талап-тілегін тыңдап қана қоймай, көзбен көре отырып мәселелерді жедел шешудің көшпелі форматына бет бұрдым.

Оған қоса «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағидамен  сол көшпелі қоғамдық қабылдауды бір емес, бірнеше депутат бірлесе өткізуге бастамашы болып жүрмін. Жуырда бір-екі жыл емес, бірнеше жылдан бері елдің жанайқайы жар басындағы жаңғырық болудан әріге аспай тым шиеленісіп кеткендігіне байланысты «майшаммен қарайтын мәселені оңынан шешуге ой қоссын, ұтымды ұсыныстарын тыңдайық, біріге қимылдасақ бір дұрыс шешімі табылар» деген мақсатпен Төлеби ауданының Қаратөбе ауылдық округінде өткізген көшпелі қоғамдық қабылдауыма депутаттық корпустағы бір топ әріптестерімнен арнайы келіп қатысуын өтінген болатынмын. Өтінішім орындалды. Белгілі бір партия атынан емес, өз-өздерін ұсынуға жол ашқан мажоритарлық жүйемен, яғни жеке мандат бәсекесінде жеңіп шыққан облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қозыбақов пен Төлеби аудандық мәслихатының депутаты Нұрман Ералиев, «Ауыл» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Төрегелді Қалмұратов, «Ақ жол» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаттары Қанат Нышанов пен Жандос Тоялиев,  «Аманат» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына сайланған Ханай Әшірбеков, бәрімізді қосқанда 7 депутат болып, көшпелі қоғамдық қабылдауға үлкен үміт арқалап келген азаматтардың арызына құлақ астық. Депкорпустағы өзге әріптестеріміз де осы бағытты қолдайды деген сенімдеміз.

Көшпелі қоғамдық қабылдау Қостөбедегі апатты мектепке барудан басталды. Салынғанына он жыл өтер-өтпес мерзімде апатты деп танылып, көпшіліктің көңілін алаңдатқан мектепті тағы бір аралап, тағы бір рет талқыладық. Тағы бір деудің себебі, бұған дейінгі жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларында бұл апатты мектептің тағдыры бірнеше дүркін талқыланған еді.

Тартысқа толы үлкен талқылаудан кейін мектеп күрделі жөндеуден өтетін болып келісілді. Құрылыс басқармасының басшысы Т.Үсіб-алиев 1 қыркүйекте балалар жаңа оқу маусымын күрделі жөндеуден өткен мектепте бастайтынына күш салатынына уәде берді.

 

Түркістанның футболына төңкеріс керек 

Халықтың ең көп назар аударып, қызығушылық танытатын спорт түрі футбол десек, Түркістан өңіріндегі футбол клубтарының біраз жылдан бері сүреңсіз ойындардан көз ашпауы жанкүйерлердің орынды ренішін туғызып келе жатқаны айтпаса да түсінікті. Түркістан өңірінің футболын дамытуды кеңінен талқылау үшін облыстық депутаттық корпустың басшысы  Нұралы Әбішевтің төрағалығымен үш мәрте арнайы алқалы жиын өткіздік. Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары, футбол клубтары мен орталықтарының өкілдері қатысты.  Түркістан облыстық футбол федерациясының президенте Хакім Көшқалиев те баяндама жасап, бірқатар өзекті мәселелер қозғалды.

Футбол тақырыбын талқылаған жиынның ұйымдастырылуына ұйытқы болушы ретінде мен де баяндама жасадым. Өз сөзімде облыстағы футбол инфрақұрылымының сапасы сын көтермейтіндігіне, футболға бөлініп жатқан қаржының тиімсіз жұмсалып жатқанына нақты айғақтармен тоқталдым. Өңірдің футболын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын қабылдау қажеттігін айттым.

Жиынға қатысушылар тақырып төңірегінде ой-пікірлерін білдірді. Футбол алаңдарының, жалпы спорт нысандарының осындай сапасыздығына, бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына  жол берген басшыларды жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілді. Командалардың санынан гөрі сапасына көбірек көңіл бөліп, жеті клубтың арасынан жетістік әкелетін команданы іріктеу, бәлкім біріктіру дұрыс болар деген ой да айтылды. Алдағы уақытта ұсыныс-пікірлер жинақталған, облыстық мәслихат депутаттары қол қойған қызметтік хатты облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өз қолына тапсыру туралы бірауыздан шешім қабылданды. Келесі кезекті сессияда облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев депутаттар алдында есеп бергелі отыр. Спорт саласына қатысты тұрақты комиссия құрамына кіретін депутаттардың облыстың әр аудан, қаласын аралап көзбен көрген, көкейге түйгеннен кейін жасаған сараптамасы да басқарма басшысының осы есеп беру жиынында електен өтпекші.

 

Ең үлкен бақылаушы – халық

Келесі кезекті сессияда облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп беретін тағы бір басқарма, ол – Роллан Ибрагимов басқаратын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Жолға қатысты да жұрттың арыз-шағымы жетерлік. Нақты мысалға жүгінейік. Таяуда ғана  Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округінде өткізген көшпелі қоғамдық қабылдауымда тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің бірі – жол сапасы болды. Жоғарғы Қасқасу ауылы маңындағы облыстық маңызы бар жолдың құрылысы былтыр аяқталып, қабылдауға беріліп қойған. Алайда, құрылыс барысында біраз кемшіліктердің жіберілгені анықталып отыр. Оның ішінде ирригациялық арықтар (лотоктар) дұрыс орнатылмаған. Көшпелі қоғамдық қабылдауға шақырылған мердігер компания өкілдері кемшіліктердің орын алғанын жоққа шығарған жоқ. «Біз жобалау-

сметалық құжаттарда не көрсетілді, соны орындадық. Тіпті, артық шығындалдық, ел қанша шуласа да ештеңе істей алмаймыз» деп ашығын айтты.

Қасқасу ауылдық округінде көшеге жарықтандыру шамдары орнатылғанымен, әлі жанбай тұр. Жергілікті әкімдік алдағы он күн ішінде жарықтандыруды толық іске қосуды өз міндетіне алды. Осындай кемшіліктердің алдын алуға әбден болар еді. Бұл халықтық бақылау мәселесіне келіп тіреледі.

Облыс әкімі  Дархан Сатыбалды жиындарда мердігерлер мейлі жол салсын, мейлі мектеп пен тұрғын үй соқсын, қандай  құрылыс жүргізілсе де нысандар бойынша халықпен санасу қажеттігін жиі айтып жүр. Алайда, бұдан тиісті қорытынды шығарып, облыс әкімі қойған тапсырманы орындауға құлықсыздық танытатындар да аз емес. Кез келген мердігер жұмыстарға кірісерден бұрын жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, олардың талап-тілектерін тыңдауы тиіс. Халықтың ой-пікірі ескерілсе, қолдан туындаған проблемалар да күрт азаяр еді. Жалпы, халықтың қаржысына, яғни бюджет есебінен салынып жатқан нысандардың сапасын бақылау өзекті мәселеге айналып отыр.

Ауылдарды аралағандағы байқалатын бір мәселе – жалпы ортақ мәселеге келгенде көпшіліктің немкеттілігі басым, белсенділігі бәсең. Ал, шын мәнінде елді мекендердегі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бірінші кезекте халықтың өзі қадағалауы тиіс. Халықтан үлкен бақылаушы болмауы керек. Бізге Жаңа Қазақ-станды біреу сырттан келіп құрып бермейтінін, оның жалпы ортақ мақсат, ортақ мүдде екендігін ұмытпасақ деймін.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

облыстық мәслихат депутаты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *