ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ ІЛІМІ РУХАНИ МҰРА ҒАНА ЕМЕС, ҒАСЫР ДАНАЛЫҒЫ

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік маңызы бар мәселелерді көтерді. Онда Мемлекет басшысы мемлекеттің тірегі саналатын ұрпақ тәрбиесі, тіл, ұлттық киім, мәдениет, дәстүр, т.б. ұстанымдары жайлы пікірлерімен бөлісіп, халықтың көкейінде жүрген бірқатар мәселелерді сөз етті. Ол өз сөзінде: «Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық» деді.

Расында, киім кию мәдениеті – адамзат баласының өмір сүруі үшін аса қажет. Киім адамзат баласын өзін қоршаған ортада саналы көрсетуі, табиғаттың түрлі құбылыстарынан сақтануы үшін, түрлі жан-жануарлар мен жәндіктерден қорғану үшін де қажет. Оған қоса, киім қоғамның материалдық және рухани құрамдас бөлігі.

Президент ұлттық киім кию туралы «Еgеmеn Qаzаqstan» газетіне берген сұхбатында Ұлыстың ұлы күнін атап өту жайлы арнайы «Наурызнама» онкүндігін қабылдап, оның бірі ұлттық киім күні болатынын атап өткен еді.

Расында, бүгінде жалпы халықтың ұлттық танымына қозғау салған ұлттық үрдістер жақсы жолға қойылуда деуге болады. Ұлттық киім үлгісін дәріптеп, негізгі дәстүр сипаты ретінде киініп жүргендер осы сөзімізге дәлел. Олардың саны күн санап артып келеді. Бұл өз кезегінде ел ішінде қара киім киіп, тұмшаланып жүргендерге де сабақ болады деп ойлаймыз. Өйткені, ол – ұлттық нақыштағы таным сипаттарының бірі. Бұл да құрылтайда Мемлекет басшысы тарапынан сөз етілді. «Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек» деді Президент.

Жалпы, Президент мұндай ұлттық құндылықтарымызға шабуыл жасап жатқан топтарға бабаларымыздан жеткен діни білім мен рухани танымымыз енген дәстүрлі сунниттік бағыттағы ханафи мазһабына ден қою керектігін баса айтты. Сондай-ақ, қазақ топырағындағы ұлы ойшылдардың тарихи орнына ерекше тоқталды. Ислам дінінің Ұлы дала төріне таралуына ерекше ықпал еткен Қожа Ахмет Ясауи мұраларын зерттеп, зерделеуді айрықша назарға алу керектігін ескертті. Оған арнайы симпозиум өткізу қажеттігін сөз етті.

Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті тарапынан ұйымдастырылған Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның маңызы зор болды.

Конференцияның мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеп-зерделеу, осы конференция аясында отандық және шетелдік ғалымдардың ізденістерін бір арнаға тоғыстыру, сондай-ақ, тұлғаның даналық хикметтері мен өсиеттерін оқу жүйесіне енгізуге бағытталды.

Қожа Ахмет Ясауи – ислам қағидалары аясында халыққа кеңінен танылған тұлға. Ол жалпыхалықтың мәдениетін, дәстүрін сақтап, Алланы тану жолдарын ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, ислам дінімен енді танысқан түркі халқының дінді дұрыс түсінуіне барынша мол септігін тигізді. Халықтың өзіне тиесілі болған мәдени құндылықтарын ескере келе, басқа ислам түсініктерінен, оның ішінде араб дәстүрлерінен өзгеше ислам түсінігін қалыптастырды. Бастысы, түркі мәдениеті мен өркениетінің ислам дінінің негізгі қағидаларына қайшы келмейтін ұстанымдарын сақтай келе, ислам ережелері бойынша өмір сүру жолын көрсетті.

Бұл ретте біз тұлғаның танымын кеңейту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз еткен Ясауи зерттеулерін барынша кеңейтуді қолға алуымыз керек. Өйткені, Қожа Ахмет Ясауи мұрасының маңызын сөз ете келе біз келешек ұрпаққа жеткізу жолдарын және сол арқылы оның қазақ руханиятындағы орнын ашып көрсетуді мақсат етеміз. Бастысы, тұлғатану мәселесіне ерекше назар аударылады. Ал, ол өз кезегінде Қожа Ахмет Ясауидің өмірін, шығармашылығын, танымын, идеяларын қоғамға кеңінен түсіндіру және осы салада зерттеулер жүргізуді алға тартады. «Диуани хикмет», «Пақырнама», «Мират-ул кулуб», «Рисала дер Адабы Тариқат», тағы басқа да еңбектерін талдап, саралап, мазмұнын ашу, мәнін ұғындыру талап етіледі.

Міне, сондықтан «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты конференцияның басты ұстанымы – Қожа Ахмет Ясауи ілімін бүгінгі қоғамда адамгершілік, рухани таным, мәдени даму, діни бағыт сынды жетістікке жетелейтін негізгі тірек ретінде қарастыру. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысы сөз еткен өркениеттің қайта өрлеуіне мүмкіндік беретін бірден-бір жол болмақ.

Бір сөзбен айтқанда, Ясауи ілімінің негізі Ислам діні мен түркі дәстүрлері, наным-сенімдері мен өмір салтының ұштасуы нәтижесінде қалыптасқандығын көрсетеді. Ал, оның өмірін, шығармашылығын және көзқарастарын халыққа кеңінен түсіндіру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселелерінің бірі.

Нұрлан МАНСҰРОВ,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық  қазақ-түрік университеті, Ясауитану ғылыми-зерттеу

институтының директоры.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *