ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУҒА ЖАҢА ҚАДАМДАР

Мемлекет басшысының халыққа арнаған кезекті Жолдауын әр азамат өзінің ұғып-түйгеніне, іскерлік бағытына сай таңдап, талдайтыны анық. Сондықтан, мен де мемлекетіміздің бүгінгі және алдағы уақытта атқаруға тиісті іс-әрекетіне бағдар ретінде ерекше ықыласпен қабылдаған Жолдауды мұқият тыңдап, ой елегінен өткіздім.

Негізі, Жолдауда мән-маңызы терең көптеген мәселе қарастырылды. Мәселен, солардың ішіндегі елеулілерінің бірі – кәсіпкерлікті қолдау. Неге десеңіз, дамыған мемлекеттердің көбісі әуелгі кезекте шағын және орта бизнеске баса көңіл бөліп, әркез дамытып отырады. Ол тарихи дәлелденген үрдіс. Сондықтан Перзиденттің осы саланы сөз ете келіп, «жеткілікті деңгейде қаржыландырылмаған» деуінің өзі бұл бағытта әлі де олқылық бар екенін аңғартады. Тағы да өзгерістер және қаржылай көмек қажет екенін айқындап айтты. Агроөнеркәсіпті дамыту да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Бұл салада ғылыми тұжырымдамаларды кеңінен қолдану керек. Өйткені сапасы сын көтермейтін инфрақұрылым бұл саланың өрістеуіне тұсау салып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, бұл салаға ғылыми тұжырымдаманы кіріктіре отырып, инфрақұрылымды жаңарту өте өзекті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға қатысты да көп жаңалық жария етті. Елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінің көтерілуі, жемқорлардың желкесінен сығып алынған қаржыны ең алдымен мектеп салуға жұмсау – жақсы бастамалар. Онымен қоса, әлеуметтік әмиян жобасы да халық күткен жаңалық деп есептеймін. «Балалардың ұлттық қорын» құру шешімі әлеуметтің көңіліне медеу болғаны сөзсіз. Өмірге келген әр сәбиге арнайы шот ашылып, 18 жасқа дейін жеке жинағы жүргізілмек. Мұны депозит түріндегі шот деп түсіндім. Кәмелетке толған әр азаматтың есепшоты, мемлекет жинап берген қаржысы болса, бұл дегеніңіз үлкен жеңілдік, зор ғанибет емес пе.
Өзім де анамын. Мен секілді біраз отбасы мұны ерекше қуанышпен қабылдады деп ойлаймын. Өзіме тағы бір ұнаған бағыт – әр салаға білікті маман тарту. Өз басым өте қолдаймын. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олар жан-жақтан, бүкіл әлемнен мықты деген ғалымдарды, тіс қаққан білімді мамандарды тартумен айналысқан. Бұл «тиімді көші-қон саясаты» деп аталады. Шынымен де, мемлекет үшін қажет орасан зор пайдасы бар саясат – осы. СІМ-нен бастап, бүкіл министрлік жұмыла істеуі тиіс бағыт дер едім. Кез келген салаға ғалымдарды, өнертапқыштарды шақыру үшін, әрине, тиісті жеңілдіктер, қаржылай преференциялар секілді қажетті жағдайлар жасалуы шарт. Осыны жақсы жолға қойса, жемісті мемлекеттік саясатқа айналары сөзсіз.
Ел экономикасының дамуы қашанда қарапайым тұрғындардың әл-ауқатының өсуінен көрінеді. Ал, тұрғындардың әлеуеті ең әуелі олардың табыс көлемінің артуына байланысты екені анық. Жолдау жүктеген міндетке сай алдағы уақытта бұл мәселе де оңтайлы шешілсе нұр үстіне нұр болмақ.
Расында да, Жолдаудың әр сөзі халыққа керекті мәселелерді қамтыды. Еліміздің тағдыры – біздің тағдырымыз, еңсесі биік, тұтқасы берік еліміздің алға қойған мақсаттары орындалады деп сенемін. Бүгінгі таңда біздің жұмысымызда қоғамдық диалог, ашықтық, халықтың сұранысына жедел жауап беру басым бағыт болуы керек. Осының арқасында біз жоспарлағанның бәрін бірлесіп жүзеге асыратын боламыз.
Инара НАМАЗБАЕВА,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған