Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында:
Қазір көптеген елдер ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан, біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек.
Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек.
Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс», — деген болатын.
ӘКІМНІҢ ҚЫЗМЕТІ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУЫМЕН БАҒАЛАНАДЫ
Міне осыған орай, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров барлық ауылдарды аралап, ауыл әкімдерінің есептерін тыңдап, жаңа жобалардың жүзеге асу барысын қадағалап, елдің өзекті мәселелерді шешуге мүдделі екендігін жеткізді. Оранғай тұрғындарымен кездесуде Мақсат Асылбекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай барлық деңгейдегі әкімдердің қызметі алдымен сол өңірге тартылған инвестиция арқылы бағаланатындығын жеткізді.
Сауран «аудан» мәртебесіне ие болғаннан бастап инвестициялық әлеуеті көтеріліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Жеке инвесторлардың аудан аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығы артқан. Өткен жылы ауданға 34,6 млрд. теңге инвестиция тартылған болса, биыл инвестиция көлемін 42 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, Сауран ауданы бойынша 2024-2025 жылдар аралығында жалпы құны 61,4 млрд. теңгені құрайтын 102 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзгеге аспақ. Оның ішінде, жиһаз жасау бағытында 12 цехті іске қосу жоспарланса, бүгінгі таңда 9 цех өз жұмысын бастап кетті. Жыл соңына дейін тағы 3 жиһаз жасау орны пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін, трансформатор құрастыру және жөндейтін, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында, жаңбырлату қондырғыларын өндіретін, тері, мақта және мақта шитін өңдейтін, жылыжай жабдықтарын өндіретін, тігін цехтары мен өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін кәсіпорын алдағы уақытта іске қосылады. Демалыс аймағы және қоғамдық қызмет көрсету бойынша 22 нысан салу жоспарланып, 2 нысан іске қосылды. Қалған 20 нысан 2025 жылы аяқталады.
Әлеуметтік салада кәсіпкерлер есебінен 15 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласында 41 жоба бар. Сy ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында 1051 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару құрал-жабдығын орнату бойынша 5 жоба жоспарланып, орнатылды. Тамақ өнімдері бойынша 3 жобаны жүзеге асыру көзделсе, сүт тауарлы фермасы бойынша 3 жоба іске асырылмақ.
Ауданда мал шаруашылығын дамытуға ден қойылған. Бұл бағытта мал бордақылау және мал сою алаңдары мен құс фермасын салу, балық шаруашылығы мен мал азығын дайындайтын комбикорм цехын ашу жоспарда бар. Сонымен қатар, 4 гектар жерге өнеркәсіптік жылыжай және 1,7 гектарға фермерлік жылыжай салу көзделіп отыр. Қазіргі таңда осы аталған жобалар бойынша барлығы 39 жоба іске қосылып, 650 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан аумағындағы ауылдарда да он гектарден арнайы жер бөлініп, кәсіпкерлердің еркін жұмыс жасауы үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатқандығын мәлімдеді. Оның айтуынша, Сауран ауданы аумағында жұмыс жасауға, кәсібін ашуға ниетті азаматтарға жер беріліп, оның суы, жарығы, асфальты секілді инфрақұрылымы толығымен жабдықталатындығына тоқталды.
-Қазір, жасыратыны жоқ, үлкен мегаполистерде үйсіз-күйсіз ауылдағы қарт ата-анасына алаңдап жүрген ұл-қыздарымыз көп. Соларды ауылға қайтарудың барлық мүмкіндіктерін жасаудамыз. «Ауыл- ел бесігі», «Ауыл аманаты» атты үлкен жобаларымыз бар. Мемлекет басшысы ең алғашқы Заңын да ауылды дамыту туралы мәселеден бастағаны тегін емес,-дейді Мақсат Асылбекұлы.
ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандықовтың баяндауынша, Оранғай ауыл округі үш елді мекеннен тұрады. Оранғай, Қосқорған, Бостандық елді мекендері. Жалпы халық саны 9189 адамды құрап, оның ішінде 1 441 отбасы бар. Оранғай ауылында 925 отбасы, 5 691 адам, Бостандық елді мекенінде 271 отбасы, 1 614 адам, Қосқорған елді мекенінде 245 отбасы,1884 адам тұрады. Халықтың негізгі күн көріс көзі ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы болып табылады.
— Жетпіске жуық отбасы несие алуға ниет білдірсе, оның ішінде 14 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 496,8 млн.теңгеге жетеді. Оранғай ауылдық округінде көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдеу және сақтаумен айналысатын «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшелер саны – 130 адамға жетті. Оларда көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдейтін цех және дайын өнімді сақтау қоймасы бар. Көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын өңдеу қуаттылығы жылына — 1200 тонна консерві, 1500 тонна шырын сығындысын жасау алады. Сақтау қоймасының сыйымдылығы — қазіргі таңда 20 тоннаға жетіп отыр.
Бүгінгі күнге — жылыжай кешенін салу және жаңарту бағыты бойынша – қырықтан астам адам және құс шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша тоғыз адам, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша жиырмаға жуық адам несие алуға ниет білдіріп отыр. Бұл дегеніңіз киелі қала іргесіндегі азық-түлік түрлерін өңдеудің жаңаша бағыт алып, өрісін кеңейтіп келе жатқандығын көрсетеді. Себебі, бұл екі Қарашық пен Оранғай екеуі де Түркістан қаласына жапсарлас орналасқан ауылдар. Таяу болашақта бұл екі ауылдың да Түркістан қаласының құрамына кіріп кету мүмкіндігі бар. Сондықтан олардағы азық-түлік өнімдерін өңдеу мен ұқсата пайдаланудың жаңа нұсқалары біз үшін аса қажет. Себебі, киелі шаһардағы халық саны күн санап көбейіп келе жатқандықтан мұндағы тұрғындар мен қала қонақтарына сапалы азық-түлік өнімдері мен көкөністерді дер кезінде жеткізу уақыт талабы болып табылады. Сондықтан алдымен осы екі ірі шаруашылықтағы үлгі-тәжірибе ретіндегі қанатқақты жобамыз сәтті жүзеге асырылса, басқа да елді мекендерге таратуды жоспарлап отырмыз,-дейді Берік Қуандықов.
ОРАНҒАЙДЫҢ ОН ЖОБАСЫ ОЙЛАҒАНДАЙ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында:
«Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн», — деген болатын. Міне, бұл ел өміріне үлкен өзгерістер әкелетін ұлттық бағдарламамызға Президенттің назар аударып отырғаны бізді ұлы істерге қанаттандырады.
Мәселен, Оранғай ауыл округіне инвестициялар тарту жұмыстары өте сәтті әрі зор қарқынмен жүргізілуде. Мәселен, Оранғай ауылында балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойма бой көтерді. Бас мердігері «Балмұздақ» ЖШС-і. Жоба құны 2,3 млрд теңге, жоба қуаттылығы жылына 150 000 тоннаны құрайтын болады. Құрылыс аяқталған соң 100 азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Оранғай ауыл округінен демалыс аймағы және қонақ үй бой көтеруде. Бас мердігер «Ныш-Ер» ЖШС-і. Жоба құны 2,0 млрд теңге, жоба қуаттылығы тәулігіне 100 адамды құрайтын болады. Құрылыс аяқталған соң 20 азамат тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Сондай-ақ, Оранғай ауылдық округі аумағынан заманауи демалыс орны салынып жатыр. Бас мердігер «Болашақ Құрылыс — 2020» ЖШС-і. Бірінші кезеңде 500 млн. теңге қаржыға жайлы және түрлі бағыттағы демалыс аймағын ашпақ. Сонымен қатар, 200 адамға арналған қонақ үйлер, глемпинг, монша, 150 адамдық мейрамхана, бассейн, ашық демалыс орындары салынбақ. Жобаның жалпы құны — 1,2 млрд. теңге болады. Демалыс аумағы 1,2 гектар жерде орналасқан, жоба аяқталған соң 60 азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Оранғай ауылдық округінде «Жасыл аймақтар» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Бұл алаңда жылына 4000 тонна ет дайындау көзделуде. Мал бордақылау алаңы 2,4 гектарға орналасқан. Мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны 4,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда асыл тұқымды мал санын арттыру және олардың өнімділігін көбейту мақсатында шетелден 500 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынды. Алдағы уақытта ірі-қара санын 5 мың басқа дейін көбейту жоспарлануда.
Сонымен бірге, Оранғай ауыл округінде, «БНК АГРО КЗ» ЖШС – 400 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу құрылысы басталуда.
Жобаның құны 2,1 млрд теңгені құрайды. Мақұлданған қаражатқа сүт-тауарлы фермасының жабдықтары Түркиядан әкелінуде. Ал Даниядан ірі қара мал сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, сүт-тауар фермасын жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын 1 322 га суармалы егістік алқабына жоңышқа, жүгері, бидай дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Жоба аяқталған соң 35 азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
«Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің күндігіне 30 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цехы ашылды. Қажетті құрал жабдықтарды Қытай Халық Республикасынан алып келген. Бүгінгі таңда цехта 25-30 адам тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жалпы цехтың көлемі 1 гектарды құрайды. Қазіргі таңда онда 12 түрлі құрғақ құрылыс қоспалары дайындалып, нарыққа шығарылуда. Ондағы артықшылық нарық бағасынан әлдеқайда төмен, сапасы жоғары. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттыруда. Алдағы уақытта өнім көлемін 2 есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Оранғай ауылдық округінде демалыс орындарына арналған үстел, орындық және темір есіктер дайындайтын цех іске қосылды. Жеке кәсіпкер Бабыр Насыров «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5 млн.теңге несие алып, кәсібін бастаған. Бүгінде өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталған. Сондай-ақ, цех жылына 3000-нан астам темір есік пен үстел дайындауға қауқарлы. Бүгінде кәсіпкер 12 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың жалақысы 250-300 мың теңге аралығында.
Оранғай ауылдық округінде үй жиһазын дайындайтын цех іске қосылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 20 мыңнан астам үй жиһаздарын шығаруға қауқарлы. Аталған цехтің өнімдері бүгінде Орал, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан қалаларында сұранысқа ие. Бүгінде кәсіпкер 56 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
ТАҢДАУЛЫҒА – ТОҒЫЗ ТАЛАП
Сауран ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы Сәкен Оразбаевтың айтуынша, қанатқақты жоба бойынша мүдделі ауылдық округтер мен тұрғындарына, жеке кәсіпкерлеріне тоғыз талап қойылады. Алдымен несие алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде мүшелікте болуы, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы.
Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы керек. Несие алушының жасы зейнет жасынан аспауы тиіс. Несиені кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі сараланады. Несиені алу үшін қойылған кепіл нысанын сақтандыру қажет екендігі қарастырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, мал қора секілді қолайлы аса қажетті жағдайлардың болуы шарт. Одан кейін қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу немесе өзі қалаған жағына өткізу жолдарын ұсыну көзделеді.
«Жасыратыны жоқ, біздегі шағын кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары ісін дөңгелетіп кете алмай отыр. Себебі, жем-судың да бағасы, жанар-жағар май, техникалық қызмет түрлерінің, тыңайтқыштардың да бағасы аспандап кеткені рас. Сондықтан біз алдағы жылдары шаруашылықтарды өз салаларына орай, біріктіруді, ірілендірудің жолын ұсынып отырмыз. Мәселен, несиенің ең жоғарғы сомасы — кооперацияны дамыту үшін 27 600 000 теңгеге дейін болса, жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін — 8 625 000 теңгеге дейін қаржы қарастырылып отыр. Екі ортадағы айырмашылық үш есеге дейін барып қалады. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай болса, ең ұзақ мерзімі – 84 айға дейін жалғасады.
Негізгі борышты өтеу шаруаның ыңғайына қарай ай сайын тоқсан сайын, немесе жарты жылда бір рет, жылына бір рет берілген есебіне қарай ыңғайланады.
Сыйақыны өтеу де, шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет қарастырылып отырады. Негізгі кепілге жылжымайтын мүлік, қосымша кепілге жер телімдері мен көлікті қоюға болады. Шаруаларға да кооперативке де борышты өтеу бойынша бір жылға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған», — дейді сала басшысы.
Оның айтуынша, ірі шаруашылықтардың қадамы да қарымды. Барлық қаржылық, техникалық және ұйымдастыру мәселелерін кооператив мүшелері ақылдасып шешеді. Мұндайда қазақ «келісіп пішкен тон келте болмас» дейді.
Сауран аудандық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшесі, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевқа жолығып, шаруалар кооперативтерге бірігуден не ұтады деген нақты сұрақ қойдық.
— Қазір шаруа қожалықтарының әрқайсысының жеке жері бар. Жұмысын істеп жатыр. Олар «ортақ өгізден, оңаша бұзау» деген тәртіпті жақсы көреді. Кооперативтерге бірігудің мәселесі бірлесіп қызмет жасаудан туындап отыр. Яғни, техниканы бірлесіп пайдалану, минералды тыңайтқышты, жанар-жағармайды бір жерден алу жүзеге асырылады. Одан кейін өнімді жинау, өткізу мәселесі де бірге атқарылады. Бұған барлық техника жұмылдырылады. Бұл жерде айта кететін нәрсе. Бірігудегі мақсат – кооперативті заманауи үлгідегі жаңа техникамен жарақтандырудың қажеттілігі. Мұны Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қадап тұрып түсіндірді.
«Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілері мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал».
Бұл өте қиын мәселе. Жеке-дара жүрсе, шаруалар техникаларын жаңалай алмайды. Себебі, жаңа техникалардың бағасы шарықтап кетті. Мәселен, 2010 жылдары бес миллион теңге тұратын трактор қазір он миллион теңге тұрады. Бағасы екі есеге өскен. Оны шаруалардың алуға шамасы жоқ. Сондықтан, кооперативтерге бірігіп, оларды техникамен қамтамасыз ету керек. Біздегі майда, ұсақ шаруашылықтарды біріктірудің ең негізгі тетігі осы. Мемлекет техниканы кооперативтерге 50 пайыздық субсидиямен (қайтарымсыз қаржы) береді. Қазіргі кезде кооперативтерге 28 миллион теңге шамасында қаржы береді. Ол жаңа бір техника, ал пайдаланылғаны болса, асып кетсе екі техникаға ғана жетеді. Жаңадан құрылатын кооператив бір-екі техникамен алысқа ұзай алмайды. Алдымен Сауран ауданындағы жетекші бір ауылда қанатқақты жоба ретінде үлгі-тәжірибе жүзінде осындай үлкен кооператив құру керек. Ол бұрынғы МТС яғни машина-трактор паркі секілді техникалық жарақтанған болуы тиіс. Соның жанынан минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай қоймалары ашылуы керек. Барлығы бір орталықтан жасалса, берекесі болады. Сұраныс, талап та кооператив басшылығына қойылады.
Жыл сайын «Ауыл аманаты» жобасына берілетін қаржыны көбейтейін деп жатыр. Сол кезде осы бастаманы өндіріске батыл енгізу қажет деп ойлаймын. Мұны шаруа қожалықтары мен «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдаудың ұлттық палатасының өңірлердегі филиалдары да қадағалағаны жөн.
АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР АУЫЛДАСТАРДЫ АУҚАТТАНДЫРАДЫ
Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандықтың баяндауынша, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. 2023 жылдың 5 айы бойынша 36 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, 2024 жылдың 5 айында 32 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ауыл округі бойынша 2023 жылдың 5 айымен салыстырғанда 2024 жылдың 5 айында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 4 отбасыға қысқарды. Себебі, 2 отбасының табысы кедейлік шегінен асып, екі отбасы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып өз кәсіптерін бастады. Қамқорлық бағдарламасы аясында Оранғай ауылдық округі бойынша тұрмысы төмен және көп балалы 2 отбасыға 650 мың теңге көлемінде азық-түліктей және материалдық (қатты отын, есік, терезе киім және т.б) көмек берілді және уақытша ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.
Жергілікті бюджеттің салық төлеу базасын құрайтын барлық субьектілерді қайта түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 34 нысан, 101 жеке кәсіпкер және 169 шаруа қожалық жұмыс жасауда. Оранғай ауылы, Қосқорған елді мекені, Қалдарбұлақ көшесіне 2, Достық көшесіне 1 трансформатор орнату жұмыстары жүргізілді. Бостандық елді мекенінің кіре берістегі қақпасы сырланып, Бостандық ауылы деген жазуы қайта ауыстырылды және сол маңдағы көпірге қоршау жасалды. Бостандық елді мекенінің жарамсыз күйдегі 11 электр бағанасы және 160 метр болатын сымы ауыстырылып, ауыз су кірмеген тұрғын үйлерге 2400 метр су құбыры тартылды. Оранғай ауыл округі аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ғимараттар алдын тазалау, ауыл аумақтарын абаттандыру, жаяу жүргінші жолдары және талдарды әктеу, аялдама аумақтарын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Оранғай–Қосқорған автокөлік жол бойындағы дала өртінің алдын алу мақсатында жұмыстар атқарылды. Түркістан-Кентау жол бойындағы көше жарықшамдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Оранғай ауыл округі аумағында 365 га жерге арнайы экономикалық аймақ құру бастау алды. Бұл 2018 жылғы 29 қазанда «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 693 Қаулысы негізінде құрылды. Негізгі мақсат -Түркістан қаласын жеделдете дамыту және Түркістан қаласының инвестициялық әлеуетін жоғарылату болып табылады. Бұл жоба іске асырылған жағдайда 47 жоба іске қосылып, 3 580 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Ауыл тұрғындарымен кездесуде айтылғандай, алда да атқарылар істер ауқымды. Мәселен, Қосқорған елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысына жобалық сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуі керек. Бостандық елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысына ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Бостандық елді мекеніндегі Қазыбеков көшесін жарықтандыру, воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнату керек. Оранғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекеме салынуда. Оранғай елді мекенін сапалы электр желісімен қамтамасыз етудің екінші кезеңі жүзеге асырылады. Оранғай елді мекеніндегі ішкі газ құбыры құрылысын бастау да кезек күттірмейді.
Оранғай — Қосқорған автомобиль жолының 12 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бостандық, Қосқорған елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз ету құрылысын бастаймыз. Сонымен қатар Алибастр көпіріне және Бостандық елді мекеніндегі көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Мұндай елдің әлеуметтік тұрмысын жақсартатын жобалар жүзеге асырылған жағдайда, халықтың жүріп-тұруына жайлы болады.
Ескендір ЕРТАЙ.