Түркістан облысының Сауран ауданы Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің ұйымдастыруымен «Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы: экономикалық пайдасы тұрғысынан талдау бойынша дөңгелек үстел» өтті. Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен өткен талқылауда азаматтар атом электр станциясының кешегі мен бүгініне тоқталып, Қазақстан үшін қандай пайдасы боларына тоқталды.
«Атом электр станциясы бізге күнделікті қолданатын электр энергиясын алудың бір жолы. Бүгінге күнге дейін елімізде электр қуаты Жылу электр станциялары мен су электр станцияларынан алып келеді. Біз қолданып жүрген электр қуатының 90 пайызға жуығы жылу электр станциясынан алынған. Елімізде электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 14 пайызы су электр станцияларынан, 10 пайызы газдан және 5 пайызы мұнайдан алынып отыр. Алайда электр энергиясының жеткіліксіздігі қазірдің өзінде байқалады. Сондықтан Қазақстан электр энергиясын көрші елдерден импорттайды. Алдағы уақытта тәуелсіз ел ретінде атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыру үшін біз АЭС салу бойынша референдум өткізуіміз керек. Бұл – тарихи шешім болмақ!» деді Сауран аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ақай Тілес.
Қазақстанда АЭС салу туралы мәселе бірнеше рет көтерілген. Атом электр станциясын салу туралы сөз алғаш рет 1990 жылдары қозғалғанымен, нақты қадамдар жасалмады. Кейінгі жылдары бұл мәселе бірнеше рет талқыланып, соңғы онжылдықта қайтадан күн тәртібіне шықты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында АЭС салудың экономикалық және энергетикалық қажеттілігін атап өтіп, елде тұрақты және экологиялық таза энергия көзі ретінде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтты.
«Атом энергиясы үлкен көлемдегі энергияны үздіксіз өндіре алатындықтан, энергия импортына тәуелділікті азайтады. АЭС көмір немесе табиғи газ сияқты қазбалы отындарды пайдаланбайды, яғни атмосфераға зиянды газдар шығармайды. Бұл парниктік газдарды азайтуға және климаттық өзгерістермен күресуге көмектеседі. АЭС ұзақ мерзімді перспективада экономикалық тиімді. Бір рет салынған станция ондаған жылдар бойы тұрақты түрде энергия өндіре алады. Уранның аз мөлшерімен көп энергия өндіріледі, ал Қазақстан уран қоры бойынша әлемде бірінші орында тұр, бұл отынның қолжетімділігін қамтамасыз етеді», деді -Сейлхан Ахметов
Айта кетейік, Қазақстанда өз атом станциясы болған. Еліміздегі жалғыз АЭС Ақтау қаласында 1973-1999 жылдар аралығында болған. Қазіргі уақытта Қазақстанда атом энергиясын қолданылмайды, әйтсе де МАГАТЭ мәліметінше, еліміздің уран қоры 900 мың тонна деп бағаланып отыр.
Атап өтейік, АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас аз емес. Дегенмен соңғы уақытта қолдаушылар қатары көбейіп келеді. Ал сала мамандары, энергетиктер мен ғалымдар АЭС-ті салу елдегі экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына әкелер еді деген пікірді қашаннан бері айтып әлек. Елдің энергетикалық дамуын арттыру жолында Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізу жобасы қарастырылып, былтыр мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы АЭС салуға лайықты орын деп таңдап алынды.
Сауран ауданы Ауған соғысы ардагерлері
кеңесінің баспасөз қызметі