Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің оқытушы-профессорлары Түркістан облысындағы ауылдық жердегі туризм бағытын дамыту туралы ғылыми зерттеу жасады. Онда Түркістан облысында ауылдық туризмді дамыту механизмдері қарастырылады. Ауылдық туризмнің тұрақты өсуіне ықпал ететін негізгі факторлар мен аймақтың географиялық, мәдени және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері талданады. Түркістанның табиғи сұлулығы, тарихи және этномәдени мұрасы, ауыл шаруашылығы саласының дәстүрлері негізінде экотуризм, агротуризм және этнографиялық туризм секілді түрлі бағыттарды дамыту мүмкіндіктері қарастырылады. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық және институционалдық аспектілер, көлік қатынасы, қонақүй инфрақұрылымы, ауылдарды дамыту және мәдени мұраны сақтау мәселелері зерттеледі. Зерттеу нәтижесінде аймақтық туризмді дамыту мен жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған ұсыныстар жасалады.
«Түркістан облысындағы ауылдық туризм әлі де толық дамымаған. Жалпы туристер санының ішінде ауылдық аймақтарға келетін туристердің үлесі өте төмен (шамамен 12%). Бұл көрсеткіштің өсуі үшін аймақтың инфрақұрылымын жақсарту, жаңа туристік өнімдер мен қызметтерді енгізу, сондай-ақ жергілікті халықтың туризм саласындағы біліктілігін арттыру қажет. Сонымен қатар, табиғи ресурстар мен мәдени мұраларды сақтау арқылы тұрақты даму принциптеріне негізделген туристік бағыттарды дамыту қажеттілігі туындап отыр» — делінген мақалада.
Түркістан облысындағы ауылдық туризмнің дамуына қатысты оң динамика байқалады. 2024 жылдың алғашқы он айында 19 мың шетелдік турист келген, ал аймақтық туристік индустрияға 63 миллиард теңге инвестиция тартылған. Аймақта жаңа туристік өнімдер мен бағдарламалар іске қосылып, Түркістан қаласындағы қолөнершілер қаласы мен ипподром құрылысы сияқты ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар ауылдық туризмді дамытуға және туристер ағынын көбейтуге ықпал етуде. Алайда, аймақтың ауылдық аймақтары әлі де толықтай игерілмеген.
SWOT талдау
Зерттеу нәтижесінің тағы бір ерекшелігі — Түркістан облысындағы ауылдық туризмнің даму мүмкіндіктерін SWOT-талдау арқылы қарастыруға болады. Талдау нәтижесінде аймақтың ауылдық жерлерінің табиғи сұлулығы, этномәдени дәстүрлерінің сақталуы, ауыл шаруашылығына негізделген агротуризм мен экотуризмнің әлеуеті анықталды. Алайда, аймақтың ауылдық аймақтарында әлі де толық пайдаланылмаған әлеует бар, бұл өз кезегінде ауылдық туризмнің дамуында басты кедергілердің бірі болып табылады дейді сала мамандары.
Ғалымдар ұсынып отырған нақты бағыттар:
- Инфрақұрылымды жақсарту:
Жолдардың жағдайын жақсарту, қонақүй қызметтерінің сапасын арттыру және мәдени нысандарды қалпына келтіру аймақтың туристік әлеуетін арттырады. Мемлекеттік және жеке сектор арасындағы белсенді ынтымақтастық туризм индустриясын дамытудың негізгі құралы болуы тиіс.
- Жергілікті тұрғындарды тарту:
Ауылдық туризмнің дамуына жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерді тарту маңызды. Жергілікті халыққа туризм саласындағы білім мен дағдыларды үйрету, тұрақты туристік өнімдер жасау және ауыл тұрғындарын қосымша табыс көздерімен қамтамасыз ету маңызды қадамдар болып табылады.
- Экологиялық және мәдени дәстүрлерді сақтау:
Ауылдық туризмнің ұзақ мерзімді дамуы үшін экологиялық және мәдени дәстүрлерді сақтау қажет. Бұл табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және ауылдық мәдениеттің сақталуы арқылы жүзеге асады.
- Жаңа туристік маршруттар мен бағыттар құру:
Ауылдық аймақтардағы экотуризм мен агротуризм бағыттары белсенді дамып келеді. Бұл бағыттарды жаңа туристік маршруттармен кеңейту және жаңарту қажеттілігі туындайды. Мысалы, ауылдардағы экологиялық туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау мен өңдеуге байланысты іс-шараларды туристік бағдарламаға қосу мүмкіндіктері бар.
Түркістан облысы ауылдық туризмді дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Бірақ бұл үшін аймақтың инфрақұрылымын жақсарту, жаңа туристік өнімдер мен қызметтерді енгізу, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерді тарту, сондай-ақ экологиялық және мәдени дәстүрлерді сақтау бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Түркістан облысында ауылдық туризмнің тұрақты дамуы үшін осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, экологиялық туризм мен агротуризмді қолдауға мүмкіндік береді. Бүгінгі ғалымдар ұсынған нақты қадамдар осының нәтижесін көрсетеді.