Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Yasawi winter school» жобасы аясында дәстүрлі Ғылым апталығының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Жиынның басты мақсаты – университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытын Тұрақты даму мақсаттары аясында айқындау, ғылыми этикалық мәселелерді талқылау және ғылыми жобалар әзірлеу әдістемесін таныстыру болып табылады.
Апталықтың ашылуы Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаеваның баяндамасымен басталды. Ол өз сөзінде «Ғылым апталығының мақсаты – университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру, ғылыми құзыреттерді дамыту, алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу тәжірибелерімен танысу арқылы оқытушылар мен ғылыми қызметкерлердің ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіру» деп атап өтті. Сонымен қатар, ғылыми этикалық мәселелердің өзектілігі, ғылыми жобаларды әзірлеудің маңызды аспектілері, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарына байланысты зерттеулердің орындылығы сөз болды.
Ғылым апталығының ашылуында университет ректоры Жанар Темірбекова да сөз сөйлеп, бұл апталықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетілдірілуіне қосар үлесі зор екенін атап өтті. Ректор университеттің ғылыми зерттеу бағытына кеңінен тоқталып, «Бүгін бастау алған Ғылым апталығы өте қызықты әрі маңызды өтеді деп сенеміз. Осы бағытта дайындалған бағдарлама әріптестеріміздің қызығушылығын оятты. Біз білім мен ғылым саласындағы жетістіктерімізді арттыра отырып, университетімізді ғылым орталығына айналдыруды мақсат тұтып отырмыз. Жыл сайын ұйымдастырылатын қысқы мектептің мақсаты – академиялық-ғылыми зерттеу мәдениетін қалыптастыру, оны ары қарай дамыту және университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру. Қазіргі уақытта оқу ордамызда жалпы құны 7 миллиард теңгеден асатын 40-қа жуық ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңа жобаларға 30-ға жуық өтінім түскенін ескерсек, біздің ғылыми әлеуетіміз жыл өткен сайын артып келеді» деп мәлімдеді.
Ректор өз сөзінде ғылыми зерттеулер жүргізу үшін қажетті ресурстар мен қаржылық қолдаудың маңыздылығын да атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау университеттің ғылыми жұмыстарының сапасын арттыруға ықпал етуде. Сонымен қатар, Ғылым апталығының жүргізіліп жатқан ғылыми жобалардың дамуына зор әсері бар екенін және бұл іс-шаралар арқылы ғылыми-зерттеу құзыреттіліктері артатынын баса айтты.
Ғылым апталығының алғашқы баяндамасын университет ректорының өкілі оқыды. Ол «Мақала әзірлеу техникалары» мен «Халықаралық деректер базасын тиімді пайдалану» тақырыптарын қозғап, тыңдаушыларға пайдалы ақпараттар ұсынды. Әсіресе ғылыми мақалаларды жазу әдіс-тәсілдері мен халықаралық ғылыми деректер базаларының тиімді қолданылуы бойынша баяндамалар тыңдалып, тыңдаушыларды қызықтырып, білімдеріне жаңалық қосты.
Нархоз университетінің Экономика және менеджмент мектебінің профессоры, PhD доктор Есенғали Өскенбаев «Рандомизацияланған бақыланатын сынақтар» және «Matching» тақырыптары бойынша баяндамалар жасады. Оның баяндамалары ғылыми зерттеу әдістерін тереңірек түсіну және дұрыс таңдау жасау үшін өте маңызды болды.
Ғылым апталығы бес модульден тұрады. Олар:
- Зерттеу әдістері және ғылыми мақала әзірлеу
- Зерттеу және академиялық артықшылық
- Ғылыми зерттеулердегі статистикалық әдістер (I модуль)
- Ғылыми зерттеулердегі статистикалық әдістер (II модуль)
- Ғылымдағы идеядан нәтижеге дейін
Әрбір модульде ғылыми-зерттеу жұмыстарының әр қыры қамтылып, қатысушыларға нақты бағыттар бойынша дәрістер мен семинарлар өткізілетін болады. Ғылыми зерттеу жұмыстарын тиімді жүргізу, этикалық мәселелерді шешу, ғылыми жобаларды жазу, сондай-ақ зерттеу әдістерін қолдану бойынша кеңес берілетін мастер-класстар жоспарланған.
Апталықтың аясында ғалымдар мен зерттеушілерге ғылыми-зерттеу жобасын жазу, оларды басқару, ғылыми мақалаларды әзірлеу және коммерцияландыру жобаларын басқару мәселелерін талқылауға арналған интерактивті сабақтар өтеді. Сонымен қатар, тұрақты даму мақсаттары мен ғылымды коммерцияландырудың мүмкіндіктері туралы кеңінен пікір алмасылады.
Бұл бастамалар университеттің ғылыми әлеуетін көтеріп, Қазақстандағы ғылыми ортада жаңа серпіліс жасайтыны сөзсіз. Жыл сайын ұйымдастырылатын осындай ғылыми шаралар білім беру мен ғылым саласындағы үлкен өзгерістер мен жетістіктерге жол ашады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұйымдастырылған Ғылым апталығы ғылымды дамыту мен ғылыми зерттеулердің жаңа деңгейге көтерілуіне зор ықпал етуде. Университеттің осы бағытта қолға алған бастамалары мен жүзеге асырып жатқан жобалары Қазақстанның білім және ғылым саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.