Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев бүгінгі таңда еліміздің ғылым мен білім саласында өзіне лайықты орнын алған тұлға. Ардақты ғалым, түркология саласындағы әлемдік деңгейдегі зерттеуші, түркітанудың жарық жұлдызы Шәкір Ибраев мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Ақордада өткен салтанатты жиында «Парасат» орденімен марапатталды.
Бұл марапатты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырды. Ғалымның ғылым саласындағы ерекше еңбегі, әсіресе түркітанудағы зор үлесі мен халқына деген адалдығы жоғары бағаланып отыр. Шәкір Ибраевтың кәсіби жолы даңғыл, оның ғылымға қосқан үлесі ешқашан ұмытылмайды. Ғалымның түркі мәдениетінің терең тарихы мен бай фольклорын зерттеуде жасаған еңбегі көпке мәлім.
Шәкір Ибраев – классикалық академиялық мектептен өткен, халқының ізгі қасиеттерін бойына сіңірген ұлт зиялысы. Оның ғылымдағы жолы жарқын әрі табысты болды. Ғалымның жан-жақты зерттеулері мен ғылыми еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, Түркия мен Еуропа елдерінде де кеңінен танымал. Оның түркі тілдері мен әдебиетіне қатысты терең зерттеулері әлемдік деңгейде жоғары бағаланып келеді. Бұл марапат ғалымның тек ғылыми жетістіктерін ғана емес, сондай-ақ ұлттық мәдениетке қосқан ерен үлесін де ескере отырып берілді.
Шәкір Ибраев – әр салада үлгі боларлық тұлға. Ол университеттің ректоры, проректоры, халықаралық ұйымның президенті секілді жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Ғылымдағы жолы жоғары бағаланып, оған бірнеше мәрте сыйлықтар мен ордендер табысталды. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болған ғалым, 2006 жылы Түркияның «Түрік дүниесі қызмет сыйлығын» алды, 2008 жылы Оксфордта «Іскерлік, ғылым және өнер» еуропалық ассамблеясының «Объединенная Европа» халықаралық сыйлығын жеңіп шықты. Сонымен қатар, 2007 жылы Англияда «Европалық сапа мен ғылымға қосқан үлесі үшін» алтын медалімен, ал 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.
Ғалымның ғылыми еңбектері, әсіресе қазақ фольклоры мен түркологияның терең тұстарын зерттеген зерттеулері өте құнды. Оның «Эпос әлемі» (1993), «Поэтика огузского героического эпоса» (1997), «Бастау» (2009), «Жаназық» (2010), «От фольклористики до тюркологии» (2010), «Қазақтың ғұрыптық фольклоры» (2021ж.) атты ғылыми-зерттеу еңбектерінде қазақ фольклорының тарихы, дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жан-жақты зерттелген. Оның еңбектері фольклортану мен түркология ғылымдарының жетістіктерін бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып, қазақ халқының рухани байлығы мен мәдени мұрасын әлемге танытуда маңызды рөл атқарады.
Шәкір Ибраевтің «Абай феномені» (2020), «Абайдың ақындық бейнесі» (2023) атты еңбектері ұлы Абайдың ақындық тұлғасы мен шығармашылығын әлемдік әдебиеттану ғылымының тұрғысынан талдай отырып, оның шығармашылығын жаңаша зерделеуге зор ықпал етті. Ғалымның бұл еңбектері қазіргі қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған Абайды терең түсініп, жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді.
Шәкір Ибраевтың ғылыми еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, Түркі әлемінде де кеңінен танымал. Оның 200-ге жуық ғылыми мақалалары мен зерттеу еңбектері түрлі халықаралық басылымдарда жарияланып, түрік дүниесінде үлкен сұранысқа ие. 20-дан астам ғылыми мақалалары мен «Эпос поэтикасы» атты еңбегі Түркияда жарық көріп, түркология ғылымы мен әдебиеттану саласындағы жаңа көзқарастарды қалыптастыруға ықпал етті.
Шәкір Ибраевтің ғылыми зерттеулері қазақтың эпостану ғылымын кәсіби биікке көтерді. Оның батырлық жырлардың жанрлық, поэтикалық, типологиялық белгілерін ғылыми тұрғыдан айқындаған еңбектері қазақ фольклорын зерттеушілер үшін үлкен құнды мұра болып табылады. Бұл зерттеулер тәуелсіз Қазақстанның рухани қажеттіліктерін өтеп, ұлттық сана мен рухты көтеру міндеттерін атқаруға септігін тигізуде.