Түркістан облысында әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты – әрбір азаматтың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік саясатқа қатысты бір сөзінде:
«Халыққа көмек көрсету – біздің басты міндетіміз. Әлеуметтік әділеттілік – ел дамуының негізгі кепілі,» – деп атап өткен еді. Түркістан облысы осы міндетті орындауда жүйелі қадамдар жасап, халықты әлеуметтік қорғауда ауқымды жұмыстар атқаруда.
2025 жылы әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін ел бюджетінен 6 трлн теңге бөлінеді. Бұл қаржы Қазақстанның әр түкпіріндегі халықтың әл-ауқатын жақсартуға, әсіресе, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға бағытталған. Оның ішінде Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары, әлеуеті зор өңір ретінде ерекше назарда.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, 2024 жылы 216 мыңнан астам адамды түрлі әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге 12,2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, 46,7 мың бала қосымша әлеуметтік төлемдермен қамтылды. Осылайша, аз қамтылған азаматтардың үлесі аймақ халқының 4,4%-ына дейін төмендетілді. Бұл көрсеткіштер – тек сандар ғана емес, мыңдаған отбасының жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуі, балалардың болашағына деген сенімінің артуы.
2024 жылы 15,8 мың отбасыға (94,8 мың адамға) 6,8 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Осы бағдарламаның арқасында көптеген жанұялар өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік алды. 2025 жылға арналған жоспарлар да ауқымды: 76,2 мың адамды АӘК-пен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 10,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл шаралар арқылы аз қамтылған отбасылардың санын 20%-ға азайту, ал өңірдегі кедейлік деңгейін 3,5%-ға төмендету көзделуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Әрбір адам еңбек ету мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Бұл тек жеке азамат үшін ғана емес, бүкіл елдің тұрақтылығы үшін маңызды,» – деп атап өткен еді. Түркістан облысы бұл бағытта да алда келеді. 2025 жылға дейін «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 125 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 40%-ы тұрақты жұмыс орындары болады. Осы бастамалардың арқасында жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Бұл жұмыстарға 32 млрд теңге бөлінді. Еңбекке қабілетті азаматтарға жағдай жасау – тек экономикалық дамудың емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да кепілі.
Түркістан облысында 99 800 мүгедектігі бар азамат бар, бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы азаматтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету үшін 2024 жылы 17,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы 67 мыңнан астам оңалту құралдары мен қызметтерге жұмсалды. 2025 жылы бұл бағытта тағы 13 млрд теңге қарастырылып, қажеттіліктер толығымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Өңірде 220 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Әр жыл сайын олардың 8 мыңдайы сауықтыру орындарында демалу мүмкіндігіне ие болуда. Бұл қарттардың өмір сүру сапасын жақсарту мен оларды қолдау бағытындағы маңызды қадам.
Түркістан облысында әлеуметтік әділеттілік қағидаттары негізінде үлкен жұмыстар атқарылуда. Ел Президентінің саясатына сәйкес, облыста әрбір адамның әл-ауқатын жақсарту, жұмыссыздықты азайту және аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсету – басты міндет. Бұл шаралар арқылы өңірдегі әрбір тұрғынның жарқын болашағына сенімі арта түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың:
«Әлеуметтік қолдау – бұл құр уәде емес, нақты нәтиже беретін маңызды жұмыс,» – деген сөзі Түркістан облысындағы өзгерістердің негізгі бағыты болып қала береді.