Қазақстан ғылымы жаңа биіктерді бағындыруда. Халықаралық туризм және меймандостық университетінің үш оқытушысы 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша жарияланған гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы атанып, ел ғылымына жаңа серпін беруде. Бұл жеңіс тек жеке табыс емес, еліміздің ғылымына және қоғамның дамуына қосылған зор үлес.
Жобалардың әрқайсысы өзекті мәселелерді қамтып, инновациялық идеяларды жүзеге асыруға бағытталған. Мәселен, PhD, қауымдастырылған профессор Гульнара Абдумажитовна Ризаходжаеваның «Шетел тілін оқытуда геймификация мен арт-терапияны қолданып туризм мамандарының лингвокоммуникативтік шығармашылығын дамыту» жобасы 74 миллионнан астам теңгеге қаржыландырылды. Бұл жоба шетел тілдерін оқытудың жаңа әдістерін ұсына отырып, болашақ туризм мамандарының шығармашылық әлеуетін ашуды мақсат етеді. Мұндай бастамалар білім беру саласын жаңғыртуда ерекше маңызға ие.
Екінші жеңімпаз – философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ақмарал Жұмағұлқызы Малдыбек. Оның жетекшілігіндегі «Түркістан облысында діни туризм нысандарының ақпараттық әлеуетін зерделеу: 4 тілде мультимедиялық интерактивті атлас әзірлеу» жобасы 87 миллион теңгеге жуық қаржыландыруға ие болды. Бұл жоба діни туризмді насихаттап, Қазақстанның бай мәдени және рухани мұрасын әлемге танытуға бағытталған. Түркістан облысының туристік әлеуетін заманауи технологиялар арқылы арттыру еліміздің туризм саласындағы жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Үшінші жеңімпаз – техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Рустам Бахтиёрулы Абдрахманов. Оның «Жасанды интеллектті қолдана отырып, әлеуметтік желілерде жастар арасында кибербуллингті автоматты түрде анықтау» жобасы 59 миллион теңгеден астам қаржыға ие болды. Жасанды интеллектті қолдану арқылы кибербуллингті анықтау – заманауи қоғамның маңызды мәселелерінің бірі. Бұл жоба жастардың қауіпсіз цифрлық ортада өмір сүруіне ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылым – бұл елдің болашағына салынған инвестиция. Біз қазақстандық ғалымдардың еңбегін бағалап, олардың жаңа идеяларын жүзеге асыруына барынша қолдау көрсетуіміз қажет» деген болатын. Университет ғалымдарының табысы – осы сөздердің шынайы көрінісі.
Бұл жеңістер Түркістанның ғылым және білім беру саласындағы орталық ретіндегі мәртебесін айшықтай түседі. Халықаралық туризм және меймандостық университеті Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуда белсенділік танытып қана қоймай, өз қызметкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Университеттің зерттеу бағытындағы бұл жетістіктері ел жастарының ғылымға деген қызығушылығын арттырып, жаңа буын ғалымдарының қалыптасуына ықпал етеді.
Ғылым – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі таңда Түркістан ғалымдарының қол жеткізген табыстары тек олардың жеке жетістігі ғана емес, бұл Қазақстан ғылымының жаңа белеске көтерілуінің айғағы. Ғылыми ізденістеріңіз жемісті болып, болашақта жаңа жаңалықтармен қуанта беруіңізге тілектеспіз.