ХҚТУ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын бірқатар маңызды ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Түркістанның қасиетті топырағында жаңашыл идеялардың жүзеге асып, ғылыми ізденістердің кең өріс алуы – еліміздің ғылым саласындағы ілгерілеуінің айқын көрінісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Ғылымды дамыту – мемлекет тұрақтылығының кепілі және болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалған ең маңызды қадамдардың бірі».

Университет қабырғасында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың әрқайсысы қоғам үшін маңызды мәселелерді қамтиды. Соның бірі – «Мектеп-Университет-Өнеркәсіп» серіктестігі жағдайында пәнаралық STEM білім беру моделінің сабақтастығын іске асыру жобасы. Бұл бастама білім беру процесінде ғылым мен технологияны біріктіру арқылы оқушылардың инженерлік және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағытталған. Президенттің білім саласындағы әрбір бастаманы қолдауы – жастарды ғылымға баулуға жасалған үлкен мүмкіндік.

Тағы бір ерекше жоба – мақта тазалау машиналарының ара дискілері үшін наноқұрылымдық қорғаныш жабынды алу технологиясын әзірлеу. Бұл зерттеу тек Түркістан облысының ғана емес, еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдердің алғышарты болмақ. Жаңа технологиялар өндіріс тиімділігін арттырып, еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға үлес қосады.

Сонымен қатар, «Болашақ физика мұғалімдері үшін физикалық эксперименттерді виртуалды шындық (VR) технологиясы арқылы ұйымдастырудың әдістемесін дамыту» жобасы болашақ ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруды көздейді. Бұл – цифрлық дәуірдің заманауи талаптарына сай жасалған тың идеялардың бірі. Президент Тоқаевтың «Біз тек жаңа технологияларды енгізіп қана қоймай, оларды пайдаланатын кәсіби мамандарды даярлауымыз керек» деген сөздері осы жобаның маңыздылығын айқындай түседі.

Мектеп жасына дейінгі балалардың даму мониторингі мен оларға скрининг жасаудың қазақстандық стандарты туралы жоба да ерекше назар аударарлық. Бұл зерттеу – жас ұрпақтың денсаулығы мен дамуына бағытталған маңызды қадам. Түркістанның медициналық әлеуетін арттыруға арналған тағы бір ірі жоба – дәріге төзімді эпилепсиямен ауыратын науқастардың генетикалық профилін зерттеу. Бұл жұмыс еліміздің медициналық генетика саласындағы жаңа жетістіктерге жол ашпақ.

Күн энергетикасы саласындағы STEM жобалар арқылы студенттердің инженерлік және зерттеушілік қабілеттерін дамыту да Түркістанның инновациялық бағыттағы әлеуетін көрсетеді. Энергетика саласы – Қазақстанның стратегиялық маңызды салаларының бірі. Бұл жоба студенттерге ғылым мен өндірісті ұштастырудың нақты жолдарын меңгеруге мүмкіндік береді.

Түркістандағы ғылым мен білімнің ұштасуы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Президенттің: «Ғылым мен инновация – біздің экономиканың қозғаушы күшіне айналуы тиіс» деген сөзі бүгінгі таңда осы жобалардың басты бағытына айналды. Университет қабырғасынан шыққан әрбір ғылыми жоба – Түркістанның ғылыми орталық ретіндегі рөлін күшейтетін маңызды қадам.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет тек білім ордасы ғана емес, ғылым мен жаңашылдықтың тоғысқан мекеніне айналып келеді. Бұл бастамалар тек Түркістанның емес, бүкіл Қазақстанның интеллектуалды дамуының негізін қалау жолындағы айқын әрі маңызды қадамдар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *