Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойылды. Бұл меморандумның негізгі мақсаты – білім алушыларды білім мен тәжірибе алмасу арқылы шабыттандыру және бизнес қауымдастығын құру, дамыту.Аталмыш келісім шартқа университет Ғылым және стратегиялық даму вице ректоры Айнаш Ошибаева мен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қол қойды.
Жиын барысында Коммерцияландыру офисінің директоры Азат Исаков «Yasawi» инкубациялық бағдарламасы туралы ақпараттармен бөлісті. Тек ол ғана емес, жалпы коммерцияландыру офисінің бүгінге дейін атқарған жобалары мен болашақ кәсіпкер студенттерге арналған мүмкіндіктері, серіктестіктер мен жаңа жобалары туралы баяндады.Азат Исаков меморандумның мәні – білім мен кәсіпкерлік серіктестігін қалыптастыру, «Yasawi» инкубациялық бағдарламасының түлектерінің кәсіби дағдыларын дамытуға және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу екенін баса айтты. Сонымен қатар, инновацияларды генерациялай алатын, кез келген қиындықтардан жаңа мүмкіндіктерді көре алатын, өмірді жақсарту үшін бизнес қағидаттарын пайдалана алатын көшбасшы кәсіпкерлердің жаңа буынын даярлау, тәрбиелеу мақсатында ынтымақтастық орнатудың маңызын атады.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев оқу орданың бизнеске қызығатын жастарға назар аударып, қолға алған жобаларын тыңдап, ынтымақтастық нәтижесінде жастарға кәсіпкерлер палатасының ұсынатын мүмкіндіктері жайлы сөз қозғады.
«Сіздер ұсынған жобаларды толықтай қолдаймыз. Меморандумнан бөлек, әр студенттің жобаларын сүйемелдеп, қолдауға тырысамыз. Мемлекеттік қосымша қолдауларға ие болу үшін, бірлесіп, өңірлік бағдарламалар жасауға болады. Жастардың стартап жобаларымен қоса, өңірімізде қай саланы дамыту қажеттігі жөнінде де сарапта жүргіземіз»,- деді Асылан Ибадуллаев.
Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты дамытуға үлес қосатын ғылыми, инновациялық, республикалық, өңірлік деңгейдегі іс-шараларды қамтуды қолға алып, болашақ кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ортақ жобаларды іске асыратын болады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ жоғары білімді, өңірлік университеттерді дамыту және ғылым саласындағы университетаралық ынтымақтастықты нығайтуда жетекші оқу орнына айналды. Сөзіміз жалаң болмасын үшін оқу орнында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасына тоқталып өтсек дейміз.
Жуырда университет пен Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті арасында өзара ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойылды. Басты мақсат – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, ғылым, мәдениет және өнер, ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту және тараптар арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайту. Айтулы келісімге университет ректоры Жанар Темірбекова мен Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Абдугаппор Киргизбаев қол қойды.
Қос университеттің басшылары бұл құжат білім ордалардың өзара қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, екі ел арасындағы бауырластық пен сыйластықтың одан әрі арта түсуіне сеп болуына тілектес екендерін жеткізді.Тараптар аталған келісім шарт аясында: Бакалаврлар, магистранттар, PhD докторанттармен алмасу, Қысқа және ұзақ мерзімді тағылымдамадан өту үшін профессорлық-оқытушылық құрам мен ғылыми қызметкерлермен алмасу, Профессор-оқытушылар құрамын тарта отырып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, дәрістер оқуға тараптардың өкілдерін шақыру сияқты т.б маңызды істерді атқаруға келісті. Сонымен қатар, жыл басында Ахмет Ясауи университеті мен Алматыда Университетіміз Ядролық физика институты арасында ынтымақтастық келісімге қол қойылып, өзара бірлікте жұмыс жасау қолға алынған болатын.
Бұл әлбетте, оқу ордасының білімгерлеріне жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып жатқанының көрінісі. Университет бұдан былай Ядролық физика институтының базасында Атом электр станциясына кадрлар даярлау процесіне белсенді қатысатын болады. Осы мақсатта, Ахмет Ясауи университеті мен Ядролық физика институты АЭС үшін кадрларды бірлесіп даярлау туралы келісімге қол қойды. Үш сатылы білім беру бағдарламасын дайындау – «Ядролық физика және технологиялар», «Ядролық энергетика», «Ядролық реакторлар мен материалдар» және «Ядролық инженерия» сияқты атом электр станциялары үшін қажетті мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
Маңызды келісімге Ғылым және жоғары білім вице–министрі Дархан Ахмед-Заки, институттың бас директоры Саябек Сахиев және университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова қол қойып, бекітті. Айта кету парыз, Ядролық физика институтымен ортақ келісімге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеттері де қол қойды. Сонымен қатар, жиында оқу орнымыз бен Ядролық физика институты арасындағы перспективалық ғылыми жобаларды өткізу үшін көпжақты талқылаулар өтті. Бұл талқылауларға Ахмет Ясауи университетінің шақыруымен арнайы Түркия елінен келген делегация, атап айтар болсақ, «Түрік ядролық энергиясы» АҚ басшысы Неджати Ямач, Энергетика министрлігінің Атом энергиясы және инфрақұрылым департаментінің директоры Салих Сары, танымал профессор Білге Деміркөз (MIT, Кэмбридж, Оксфорд университеттерінде білім алып, ең маңызды ұйымдарда жұмыс істеп жүрген, 300 астам мақаласы, 98 мыңнан астам сілтемесі жарияланған, Хирш индексі 115-ке бағаланған ғалым) қатысты.
Ғалымдар институтпен бірлесе отырып, Ахмет Ясауи университетінің базасында екі ел үшін қандай маңызды жобаларды атқара алатынын талқылады. Саланы жан-жақты дамытуға бағытталған жұмыстарды саралады. Кездесу барысында университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі Пейами Баттал және Түркиядан келген делегация өкілдері институтқа экскурсия жасап, жетістіктерімен танысты. Түркиялық мамандар институттың жұмысына жоғары баға берді. Қожа Ахмет Ясауи университеті мамандарына сұраныс жылдан жылға артып келеді. Ынтымақтстық пен өзара ықпалдастықта жұмыс жасау заман талабы. Осы ретте университет бірақтар мекемелермен де меморандум түзіп,бірлесе мамандар даярлау, сапалы кадр даярлауды басым бағыттарының бірі саналады. Сондай бір маңызды құжаттардың қатарында, Жамбыл облысы мен Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өзара ынтымақтастық бойынша меморандумға қол қойғанын айту парыз.
Меморандумның мақсаты – Теология факультетінің бітіруші түлектерін Қылмыстық-атқару жүйесінде қызметпен қамтамасыз ету.Аталмыш келісім шартқа Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік психология жұмыс тобының бас маманы, әділет подполковнигі Айгүл Таношова мен Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік психология жұмыс тобының бас маманы, аға инспектор, майор Бақдаулет Әбілқайыров пен университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова қол қойды.Келесі кезекте, қонақтар Теология факультетінің студенттері және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Басқосудың негізгі мақсаты –Теология факультетінде дайындалатын мамандарды (дінтанушы, теолог, исламтанушы, психолог-дінтанушы, философ-дінтанушы) болашақта қызметпен қамтамасыз ету.
Жиын барысында әділет подполковнигі Айгүл Таношова мен аға инспектор, майор Бақдаулет Әбілқайыров Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің ерекшеліктерімен білім алушыларды таныстырды. Аталған департаментте сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыстармен айналысатын жұмыс топтарына дінтанушы, теолог, исламтанушы, психолог-дінтанушы, философ-дінтанушы мамандардың қажет екеніне кеңінен тоқталды. Білім алушыларды маман ретінде Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет етуге шақырды.