ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ

 

Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және қонақ үй менеджменті университетінде «Development of Tourism in Kazakhstan» атты студенттік ғылыми жобалар байқауы өтті. Бұл шара Қазақстанның туризм саласын дамыту мақсатында ұйымдастырылған ауқымды оқиғалардың бірі болды. Байқау «Ғылым апталығы» аясында өткізіліп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен және Түркістан облысынан 17 студенттік жоба ұсынылды.

Туризм мен қонақжайлылық индустриясын дамытуға арналған жобалар түрлі бағыттар мен тақырыптарды қамтыды. Бұл жобалар Қазақстанның туризм саласының болашағына қатысты тың ойлар мен инновациялық шешімдер ұсынды. Байқауда ұсынылған ең үздік жобалар туризм индустриясындағы жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияларды зерттеу, маркетингтік стратегиялар мен қонақ үй бизнесін басқару мәселелерін шешуге бағытталған. Жобалар арасында, әсіресе, Түркістан облысындағы туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар айтарлықтай қызығушылық туғызды. Байқауға қатысқан жобалар әртүрлі бағыттарда ұсынылды. Мысалы, «Туризм және қонақжайлылық индустриясын басқарудағы инновациялық технологиялар» тақырыбындағы жоба, қонақ үй бизнесінде В2В нарығындағы маркетингтік коммуникациялардың ерекшеліктері мен мәселелерін зерттеген жоба, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай мәдениетінің туристік әлеуетін нығайтуға арналған жоба ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Түркістанды туристер үшін тартымды ету жолындағы әлеуметтік желілердегі маркетингтік стратегияларды зерттеу де маңызды тақырып болды.

Студенттер сондай-ақ туризмді дамытуда технологиялық инновациялар мен цифрлық құралдарды қолдану мүмкіндіктеріне баса назар аударды. «IUTH Students Map» жобасы мен «Этно-қонақ үй – өткенді жақсарту» секілді жобалар ауылдық туризм мен этникалық құндылықтарды насихаттауға бағытталған тың идеялар ұсынды. Бұл жобалар Қазақстанның туризм саласына жаңа бағыттар мен жаңашылдықтар енгізуге негіз болады. Байқау нәтижесі бойынша ең үздік жоба ретінде «Sayahat Times: ауыл тұрғындарымен бірге ішкі туризмді дамыту жобасы» жеңімпаз атанды. Бұл жоба туризмнің жергілікті тұрғындармен ынтымақтастықта дамуының маңыздылығын көрсетіп, ішкі туризмді дамытуға арналған жаңа тәсілдер ұсынды. Жобаның жетекшісі, Туризм мектебінің аға оқытушысы Н.М. Әбдіразақовтың жетекшілігімен дайындалған жоба ерекше қызығушылық тудырды. Жобада ауыл тұрғындарының туризм саласындағы рөлі мен олардың экономикалық тұрғыдан игіліктерін арттыру жолдары қарастырылған.

Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табыс етілді: бірінші орын иегеріне планшет, екінші орын алған қатысушыға смарт сағат, ал үшінші орын алған студентке смарт динамик сыйға берілді. Сонымен қатар, байқауда «Жас ғалым» номинациясы бойынша екі білім алушы М.Әуезовтің «Абай жолы» романын сыйлыққа алды.  «Development of Tourism in Kazakhstan» байқауы Қазақстандағы туризмді дамыту үшін студенттердің жаңа көзқарастарын, шығармашылық шешімдерін және ғылыми зерттеулерін ұсынып қана қоймай, жас ғалымдардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді. Студенттер өздерінің ғылыми жобаларын ұсынып, туризм саласындағы қазіргі заманғы мәселелер мен шешімдерге қатысты тың идеялармен бөлісті. Бұл байқау туризм саласында білім алушылардың теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға, сондай-ақ болашақта Қазақстанның туризм индустриясында маңызды рөл атқаратын мамандарды даярлауға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды. «Development of Tourism in Kazakhstan» байқауы студенттердің ғылым мен туризмді дамыту жолындағы еңбектерін таныстыруға арналған ерекше алаң болды. Бұл байқау Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру мен оның әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған көптеген жаңа идеялардың іске асуына ықпал етті. Жастардың білім мен ғылымға деген қызығушылығы, сондай-ақ өз өлкелерінің мәдениеті мен табиғаты туралы терең ойлау қабілеттері еліміздің туризм саласының болашағына зор үміт береді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *