ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫНА АЙНАЛҒАН ПУБЛИЦИСТ-ҒАЛЫМ

Қолыңа қалам алып  әлде бір тұлға туралы сыр шертуге оқталған сәтте қорқыныш атаулының болатыны бар-ды. Ол қорқыныштың мазмұны сан салалы болып келеді. Басты орында тұратыны ол кісі жайлы жақсы дүние жаза аламын ба, әлде айтпақ дүнием дұрыс жетпей қалады ма деген сыңайда болып келеді. Неде болса да сенімнің тереңіне бойлап айтар ойды шамаша тарқатуға тура келеді. Біздің тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз Түркістан шаһарының қаймақтарының бірі, үздіктерінің бірегейі десек қателеспеген боламыз.

Ұзақ жылдар бойы қаламды серік етіп сол жолда табан ет, маңдай терін бір кісідей төгіп келе жатқан жан. Ширек ғасырға жуық уақыт қаламыздың белді оқу орнында ұстаздық етіп жүрген өз мамандығының білгірі. Ғұмырының алаулап атқан таңы мен манаурап батқан кеші жазусыз өтуі мүмкін емес қаламгер. Бойында даралық пен адамгершілік аңқып тұрған ұлтжанды азамат.  Бір басының асыл қасиеттерін, даралығын тізбектей берсең осылай жалғаса береді. Өнегелі ісінің өрілген қырлары мың бояулы болып кете барады. Белгілі журналист-публицист, ғалым-ұстаз Сейдулла Садықов осындай жан.

Ширек ғасырға жуық осы киелі шаһардағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұстаздық етіп келе жатқан ғалым. Әсіресе, атаулы оқу орнының «журналистика» мамандығын Секеңсіз елестету мүмкін емес. Жоқтан бар жасап, үміт оты аз дүниені маздатып, ел ішіндегі іргелі оқу ордаларының атаулы мамандығымен иық тіресетін жағдайға жеткізу Секең бастаған ұстаздар қауымының жеңісті жемісі.

Филология ғылымдарының докторы, университет профессоры Сейдулла Садықов есімі ойлы оқырманға жақсы таныс. 1977 жылы журналистика мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінде он жылдан астам уақыт қызмет етті. 1987 жылы өзі білім алған қарашаңыраққа оқытушы болды. 1994 жылы қасиетті Түркістанға ат басын бұрып журналистика бөлімін ашуға басшылық жасады. Көп жылдар бойы төгілген терінің, еткен еңбегінің арқасында республика бойынша «ЖОО үзік оқытушысы» атағын да жеңіп алды. Ал басылым беттерінде әр жылдар бойында жарық көріп келе жатқан өткір материалдарының негізінде Қазақстан Журналистер одағы сыйлығын қанжығасына байлағанын да айта кеткен жөн.

Енді бір өнімді еңбек еткен саласының бірі ғалым ретінде де шама-шарқынша еңбектенгенін айту ләзім. Осы уақытқа дейін терең зерттеулер мен шынайы, шымыр еңбектер беріп келеді. Мәселен, кандидаттық диссертациясын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде «Аграрные преобразование в Казахстане и печать» деген тақырыпта журналистика мамандығы бойынша қорғаса, докторлық диссертацияны Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің филология факультетінде журналистика мамандығы бойынша «Проблемы национальной идентификации и национальной идентичности в печатной прессе Казахстана (историко-филологические и методологические аспекты)» атты тақырыпта өте сәтті қорғап шығыпты. Сонымен бірге журналистика мамандығына арналған 15-ке тарта оқулық, монография, оқу құралдары әртүрлі баспалар арқылы жарық көрген. Бүгінде қаншама студенттердің білімін толықтауына, кемелденуіне қазық болып отыр. Бір ғалым үшін әлде бір мамандық үшін осынша еңбек жазу шексіз білімнің, қыруар еңбектің нәтижесі болып табылады. Ал ғылыми-зерттеу мақалаларының өзі жүз оннан асып жығылатынын мақтанышпен айтқан дұрыс болмақ. Енді бір айтпаса болмайтын дүние Германияның академиялық баспасы көлемі 32 баспатабақтан тұратын ғалымның монографиялық еңбегін тегін жарыққа шығаруы болып табылады. Бұл дегеніміз ғылымға шекара жоқ заманда жазған дүниенің мықтылығы арқылы мойындалып, ондағы тың зерттеулерге сұраныс болғандығы үшін енді бір елде жарыққа шығуға алып баратындығы. Демек, осының өзі Сейдулла ағайдың қабырғалы да білікті ғалым екенін анықтай түседі.

Секең туралы айтылатын сөз көп. Ұлтына қызмет етуге жаралған үлкен азамат екені, Абайдың тілімен айтқанда әкенің емес, халқының ұлы болуға қызмет еткендей. Бүгінге дейін қалам тербеп келген еңбектерінің ішінде 2019 жылы «Тұран» баспасынан жарық көрген «Журналистика – тағдырым» атты мемуар-романын ерекше атауға тура келеді. Атаулы еңбегі ғалымның журналистика саласына арнаған өмірінің текке өтпегенін айшықтап көрсетіп бергендей. Олай болатыны әдетте өмір жолын арқау ете отырып, сол арқылы замана шындығын сөз ететін романдардың көркем әдебиетте көбірек кездесетіні белгілі. Солардың бірнешеуін алып айтар болсақ, Мұхтар Мағауинның «Мені», Қабдеш Жұмаділовтың «Таңғажайып дүниесі», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы», Ғаббас Қабышұлының «Көңіл көгіндесі» т.б болып кете береді. Ал журналистикада бұрын-соңды өмір жүлгесі жайлы романды естімеппіз. Бұл жайында белгілі журналист-ұстаз Бекжігіт Сердәлі «композициясы Садықовтың жеке өміріне шебер құрылған бұл толымды еңбек кез-келген оқырманын қызықтырып, терең ойларға жетелері даусыз. Қазіргі қазақ журналистикасы әлемінде мұндай мемуар-роман әлі жазылған жоқ» деген бағасын айтады. Біз одан асырып ештеңе айта алмасымыз белгілі. Оқырман тарабы болса өздері ұнатып оқитын шебер журналистінің тағы бір үздік еңбегі хақында әділ сөйлері ақиқат. Бұған дейін жұрт көңілінен шығып келген қаламгер үшін ол жолды тіпті де кемелдендіре түсуден артық бақыт болмасы тағы бар.

Сейдулла ағайымыз туралы тағы да айта беруге болар еді. Ол кісінің Елбасы Жолдауларының үздік насихатшысы бола білетін асыл қасиеті жайлы бір кітап жазуға да болатындай. Ол кісі қай салада болсын үлкен жауапкершілікпен, кіршіксіз пейілмен жұмыс атқаратын асыл адам. Ұстаз ретінде жолы мен өнегесін дәріптеп, тіпті жалғап жүрген мыңдаған шәкірттері еліміздің БАҚ саласында тер төгуде. Қай жерде болсын ұстаз еңбегінің ұлылығымен, берген телегей білімімен мақтануда. Қаламының қарымы таймаған, балалары да осы салада тер төгіп жүрген журналистер әулетінің ақсақалын, ғалым-ұстазымызды алпыс тоғыз мерейлі жасымен құттықтай отырып, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз. Туған халқына сүбелі де таңғажайып туындыларын бере беруіне, дарынды да дара шәкірттерінің соңынан ере беруіне шынайы тілектеспіз.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *