ТҮРКІСТАН: ӨҢІР ӨРКЕНДЕУІ ҚУАТТЫ ЗАҢҒА БАЙЛАНЫСТЫ — 2

 

2021 жылдың 12 наурызында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, ғылыми-құқықтық сараптама өткізудің жаңа моделі енгізіліп, бұл жауапты жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізу біздің институтқа жүктелді. Соған байланысты, өткен жылдың шілде айынан іске кірістік. Ең ауқымды жұмыс құқық салалары бойынша ғылыми сарапшылардың Тізілімін қалыптастыру болды. Тізілімді қалыптастыру жөніндегі арнайы құрылған комиссияның отырыстарында ғалымдардан түскен құжаттар қаралып, 130-ға жуық сарапшы Тізілімге енгізіліп, олармен келісімшарт жасалды. Олардың басым көпшілігі отандық және оннан астамы шетелдік сарапшылар. Ерекше айта кететін жағдай, ұлттық сарапшылардың қатарында Ресей, Германия, Швейцария, Беларусь, Украина, Қырғызстан және тағы басқа елдерде қызмет атқарып жүрген тәжірибелі заңгер отандастарымыз да бар.
Жаңалықты енгізудегі негізгі мақсат – заң жобаларына жүргізілетін ғылыми сараптама қорытындысының сапасын жақсарту. Бұл жолдың тиімділігін ғылыми қауым да қолдап отыр. Себебі, бұған дейінгі тәртіп бойынша бір жылға ғана жарияланатын конкурсты ұтып алған ғылыми ұйым тек өзінің ғалымдары мен мамандарын қатыстыру арқылы өткізу мәселесі, елдегі басқа ғалымдар мен тә­жірибелі мамандардың орынды наразы­лығын туғызды. Ұлттық заңнаманың түпнұсқасын мемлекеттік тілде жазу мәселесінің көптен бері айтылғанымен, нақты іске аспай отырғаны жасырын емес. Парламент Сенатының депутаттары бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Заң саласының тәжірибелі маманы ретінде мұның екі-үш негізгі аспектісіне ғана назар аударғым келеді.
Біріншіден, заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу күрделі әрі кешенді мәселе. Екіншісі – бұл жұмысты ұйымдастыру мәселесімен байланысты. Заң жобасын әзірлеудің құқықтық негізі баршылық. Оған қоса оларды әзірлеушілерде нақтылық, мұқияттылық және ерекше жауапкершілік сияқты қасиет болуы тиіс. Осы талаптарға сай болу түрлі ұйымдастыру шараларын қажет етеді. Біздің институтымыз құқықтық-лингвистикалық сараптама өткізумен қатар, заңнаманы мемлекеттік тілде әзірлеу бағытында бірқатар жұмыс атқарып келеді. Мысалы, Әділет министрінің қатысуымен Сенат депутаттары, тіл саласының белгілі ғалымдары мен мамандарын біріктіріп, заң жобаларының мемлекеттік тілде әзірленуіне арналған кеңейтілген дөңгелек үстел өткіздік. Онда қолданыстағы заңнамада орын алған кемшіліктер, мемлекет пен қоғам алдындағы бірқатар мәселелер талқыланып, нәтижесінде арнайы жинақ шығарылды. Институтта бірнеше жыл қатарынан заңнама лексикасын, салалық терминдер сөздігін қалыптастыру бо­йынша іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Олардың нәтижесі ретінде түрлі сөздіктер қалыптастырылып, мемлекеттік органдарға таратылды.
Заң жобасын мемлекеттік тілде әзір­леудің ерекшелігі оның мүдделі мемлекеттік органдармен келісу, оған сараптаманың бірнеше түрін жүргізу, жария талқылау кезеңдерінен де көрінеді. Заң мемлекеттік тілде жазылатын болса, барлық келісу кезеңдері осы тілдегі нұсқасы бойынша өтеді. Осы жерде оны кім, қалай жүргізбек деген сұрақ туындайды, өйткені, онымен келісетін, сараптама жүргізетін мамандардың барлығы дерлік мемлекеттік тілді бірдей деңгейде біле бермейтіні белгілі. Сонымен қатар, заңда техника, экономика, медицина, авиация және тағы басқа салалардағы қоғамдық қатынастар реттелетіні белгілі. Сондықтан салалық терминдер мен тіркестердің мемлекеттік тілдегі дәлме-дәл мағынасын ашып жазу, оны түсіндіре білу де кез келген заң және қазақ тілі маманының қолынан келе бермейді. Осылайша заң жобасын мемлекеттік тілде жазу үлкен ұйымдастыруды керек етеді.
Аталған мәселенің үшінші аспектісі – заң шығару процесіне қатысатын мамандарға қатысты. Заң жобасын мемлекеттік тілде әзірлеу филологтардың ғана деңгейінде шешілетін мәселе емес. Заң жобасын мемлекеттік тілде жазу үшін қазақ тілін жетік меңгерген, онда реттелетін қоғамдық қатынастардың қыр-сырын жақсы түсінетін, әртүрлі салаларда қолданылатын терминдер мен тіркестердің мән-мағынасын барынша түсіндіріп, қазақ тілінің грамматикалық ережелеріне сәйкес жаза алатын, құқықтық нормалардың мағыналық сипатын аша білетін, сондай-ақ, жалпы заң саласы мен оның өз салаларының ерекшелігін де жақсы игерген білікті заңгер болуы қажет. Мәселенің кешенділігі мемлекеттік аппараттағы мамандардың тұрақтылығынан да көрінеді.
Бәрімізге мәлім, мемлекеттік қызметшілердің көбі сауатты жастар. Қазақ тілінде оқығандар да баршылық, бірақ дені орыс тілінде білім алғандар. Олар мемлекет тарапынан қойылатын тілдік талаптарға толық жауап бере алады деу қиын. Сондықтан оларды іріктеп, оқытып, дағдыларын қалыптастыру, әсіресе, заң жобаларын әзірлеуге қатыса алатын, яғни заң лексикасын толық меңгерген маманды қалыптастыру көпжылдық жұмысты қажет етеді. Өз кезегінде, жас мамандардың заман талабына сай әлеуметтік, қаржылық және басқа да сұраныстары мен құндылықтарын ескеруді де естен шығармағанымыз дұрыс.
Қоғам мен мемлекетте осы аталған талаптарға сәйкес келетін ұйымдасқан орта мен мамандар болған жағдайда заң жобасын мемлекеттік тілде әзірлеуге толық мүмкіндік туады. Әзірге бұл – үлкен мәселе. Қалай болғанда да қазіргі уақытта мемлекеттің бұл мәселені шешуге әлеуеті жеткілікті. Сондай-ақ, қазақ тілінде заң жобасын әзірлеу мемлекетпен қатар әрбір азаматтың, бүкіл қоғамның қатысуын қажет ететін іс деп түсінген абзал. Тарихқа шегінер болсақ, екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған, маңызды шешімдер (заңдар, жарғылар) қабылданған Түркістан күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Бұл өңір бүгінде қасиеттілігімен қоса көз тартар сәулетті ғимараттарымен әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшыларды тәнті етуде. Жылдан жылға саяхатшылар ағылып келуде. Ендеше, алдағы уақытта Түркістан облысы жоғарыда аталған маңызды шешімдер қабылдайтын мекенге айналса, нұр үстіне нұр болар еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *