Түркістандық бағбан қаланы жасыл желекке айналдыруда өз үлесін қосуда

Облыс орталығы Түркістан қаласын гүлдендіру, жасыл желекке айналдыру, оны күтіп-баптау міндетін бірнеше мекеме өз мойындарына алған. Сондай мекемелердің бірі – «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Мұнда 200-ге жуық жұмысшы шаһардың жасыл желегін күтіп-баптау үшін тер төгеді.

Қалалы жерде тұратын әрбіріміз арнайы киім киген көше сыпырушыларды, бағбандарды көріп қалып жатамыз. Жайлы, таза ортаны қалыптастыруда еңбегі орасан осындай азаматтардың жұмысы көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз Марат Сұлтанбеков біраз жылдан бері Түркістан қаласының жасыл желегін күтіп-баптауда еселі еңбектің үлгісін танытып келеді.

– «Жасыл Түркістан» мекемесіне жұмысқа кіргеніме 2 жылдан асты. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи мешітінің аумағында бағбанмын. Осы айналадағы талдарға, гүлдерге, жасыл желекке күтім жасаймыз. Сонымен қатар осы маңдағы тазалық жұмыстары да бізге жүктелген. Қазіргі таңда кесенеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қолымыз босаған уақытта Алланың разылығы үшін ол жұмыстарға да араласамыз, – дейді Марат аға.

Оның айтуынша, жұмыстың ең қиын кезеңі шілденің аптап ыстығы мен көктемнің басына тура келеді екен. Себебі, шілдеде күн қатты ысып, шымды күйдіріп жібереді. Ал, ол уақытта шымды суаруға болмайды екен. Қатты ысып тұрған шымды суарса, ол бірден сарғайып кетеді. Сосын қыстан шыққан өсімдікті суарудың да өзіндік тәртібі бар көрінеді.

– Күзгі уақытта ағаштарға көбірек су береміз. Себебі, қар түскенде берген суымыз ағаш тамырына мұз боп қатып, қыс бойы ылғалданып тұрады. Бұл талдардың қыстан аман шығуына сеп болады. Қазіргі таңда қураған талдарды кесіп, түптерін қопсытып жатырмыз. Қысқа дайындық қазірден басталып кетті, – дейді бағбан.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы мешіттің айналасында алма ағаштары көптеп өсірілуде. Одан бөлек сәндік талдар да бар. Марат Сұлтанбековтен бөлек тағы 5 адам осы аумақтағы көгалдандыру жұмыстарына жауапты.

Жалпы, «Жасыл Түркістан» мекемесінде қала аумағына жауапты 6 бригада жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында 5-10 жұмысшыдан бар. Әр бригада өзіне міндеттелген аумақтағы көгалдандыру, тазалық ісіне жауап береді.

– Соңғы уақыттары қаламызда көркіне көз тоймайтын зәулім ғимараттар бой көтерді. Осыған қарап түркістандықтар арасында қала мәдениеті де қалыптасып келе жатыр. Десек те, көпшілік орындарда тазалық сақтауды білмейтін азаматтар әлі де аз емес. Әрине, бұл жерде біріншіден нәпақа табу, отбасын асырау мақсатында жұмыс істеп жүрміз. Алайда, таң азаннан қара кешке дейінгі төккен тердің, еңбектің бағаланғанын қалаймыз. Қаланы таза ұстау жалғыз біздің міндетіміз емес қой. Осыны түсінбейтіндер де бар, – дейді Марат Сұлтанбеков.

Расында да қаланы, қоршаған ортаны таза ұстау жалғыз «Жасыл Түркістанның» немесе осы тектес тазалық мекемелерінің міндеті емес. Сол ортада өмір сүріп жатқан әрбір тұрғынның айнымас борышы болуы керек. Сонда тазалық мәдениеті деген тақырыпқа қайта оралмайтын да шығармыз?!

Түркістан қаласы облыс орталығына айналғаннан бері шаһарды абаттандыру жұмыстарына мықтап көңіл бөлінуде. Жасыл желекке оранған саябақтар мен аллеялар, көше бойы тізілген ағаштардың тұрғындар үшін жайлы атмосфера сыйлары айдан анық. Көне шаһардағы саябақтарды абаттандыру жұмыстарымен және оларды күтіп-баптау, суғарумен бірнеше мекеме айналысуда. Соның бірі — «Жасыл Түркістан» КММ ұжымы.Қазіргі уақытта «Жасыл Түркістан» мекемесі тарапынан қаланы абаттандыру жұмыстары үздіксіз атқарылуда. Мекеме қызметкерлері рухани шаһардың гүлдене түсуі үшін жүйелі жұмыстарды жалғастыруға дайын.

«Жалпы «Жасыл Түркістан» мекемесіне қала аумағындағы 495 гектар күтіп-баптау аймағы бекітілген. Соның 190 гектарына біздің мекеменің мамандары қызмет көрсетсе, қалған аумақтарға бірнеше мердігер компаниялар жауапты. Қазіргі таңда мекеме қарамағында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Мекеме қызметкерлері саябақтар мен гүлзарларға көшет отырғызудан бөлек, көгалдарды тырмалау, арамшөптерін шабу, алаңқайларды қоқыстан, қураған жапырақтардан тазалаумен, қала аумағындағы сәулет мүсіндерін тазалап, сырлаумен айналысады»,- деді мекеме директоры Көркемжан Тұрсынбайұлы.

Айта кетерлігі, өткен жылы мекеме тарапынан 200 мыңнан астам ағаш, 140 мың дана сәндік гүл егілсе, шаһардың 95 мың шаршы метр аумағы көгалдандырылды. Ал, жыл басынан бері 12 гектар жерге 15 046 ағаш көшеті егіліп, 9 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылған. Оған қоса, гүлдерге арналған аумақтарға 110 мың түп көпжылдық, 90 мың түп біржылдық гүлдер егілді. Олардың қатарында астар, хризантема, сальвия, шафран, петуния және раушан гүлдері бар.

Көшеттердің әрмен қарай тамыр алып, өніп кетуі үшін суғару жүйесінің алатын орыны айрықша. Осы мақсатта қаладағы саябақтар мен гүлбақтарда, көшелерде автоматтандырылған суғару жүйесі енгізілген. Суғару жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Қаладағы суғару жүйесі жүргізілмеген кейбір тараптарға арнайы 10 көлік қарастырылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *