Киелі өңірдің өсіп-өркендеуімен гүлденуі жолында орасан зор еңбек етіп, ел есінде іскер әкім ретінде аты қалған абзал жан, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Әліпбек Өсербаевты еске алуға арналған ересектер арасындағы волейбол және кіші футболдан Түркістан қаласының ашық біріншілігінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
«Түркістан арена» стадионында басталған арда азаматты еске алуға арналған аламан бәйгенің ашылуына Әліпбек Шәріпбекұлымен кезінде бірге қызметтес, әріптес болған азаматтар, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, қала тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Ашық біріншіліктің салтанатты шарасында сөз алған Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, Әліпбек Шәріпбекұлының асыл жары Сапура апай, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтар Түркістан қаласының дамуына елеулі үлес қосқан, саналы ғұмырын шаһардың экономикасы мен әлеуметтік дамуына арнаған біртуар тұлғаның жарқын бейнесін тілге тиек етіп, жылы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ өмір жолында әр қызметті, соның ішінде әкімдік лауазымды абырой ретінде емес, халықтың ауыр жүгі, жауапкершілігі ретінде қарап, өзінің білімі, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен халқының жүрегінен мызғымас орын алған азамат болғандығын сағынышпен еске алды.
Түркістан қаласы әкімдігі және қалалық мәслихат депутаттарының тікелей демеуімен ұйымдастырылған кіші футбол жарысында облысымыздың қала, аудандарынан 32 команда жасыл алаңда бақтарын сынаса, волейболдан 10 команда жарыс жолына шықты. Спорт күні қарсаңында ұйымдастырылған жарыстың үздіктері ертең анықталатын болады.
Райымжан ӘЛІБАЕВ.