Келесі бір түйткілді мәселе мал ұрлығына тосқауыл қою, үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік апаттарын болдырмау мәселесі полиция назарынан тыс қалған емес. Яғни, «Ауылшаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» деректер базасын өзектендіру, тасымалданатын малға ветеринариялық құжатты тапсыру тәртібі, стационарлық ветеринариялық бекеттерді құру мәселесін қарау, сонымен қатар «ҚР ІІМ-нің ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасының Түркістан аумағында іске асырылу бойынша жұмыстар кең көлемде атқарылады.
2024 жылы облыста 72 (2021 жылы 130) мал ұрлығы тіркеліп, қылмыстың тіркелуі 44,6 пайызға төмендеді. Ал, 72 мал ұрлығының 27-сі қора-жайдан болса, 45 дерегі жайылымнан ұрланған. Жалпы, алғанда тұрғындардың 360 бас малы ұрының қолына түскен. Осы жылда 1700-ден астам мал тиелген жүк көліктері тексерілді. Соның нәтижесінде 336 үй жануары құжаттары болмағаны және сырғаланбағаны бойынша анықталып, бұл жәйт ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабымен тіркелді. Бүгінде жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдану үшін ветеринария инспекциясына жолданды. Осы тұста мал ұрлығын азайту мен болдырмаудағы ұсыныстарды айта кеткен оң болмақ. Нақтылап айтқанда мал ұрлықтарын ашуға септігін тигізетін техникалар (бейнебақылау) санын арттыру, малдардың қараусыз жайылу мәселесін бірлесіп шешу. Халықпен кездесулерде айтылған сын-ескертпелер бойынша жұмыс жасау, «үшжақты келісім-шарт» жобасын одан ары жандандырып, жалғастыру, мал тасымалдаушы, сатушы басқа да осы іске қатысы бар тұлғалардың тасымалдау тәртібінің талаптарының орындалуын тексеру. Осы сынды қауіпсіздік шараларын күшейтуіміз керек. Осы талаптар толықтай орындалған жағдайда, мал ұрлығының азайған үстіне азаятыны өтірік емес.
Сонымен бірге Түркістан облысының барлық аумағында орнатылған жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары тәртіп сақшыларына қылмыстарды ашуға және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Бүгінгі күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысында 1333 бейнебақылау камералары орнатылған. Оның 952-сі жедел басқару орталығына қосылған. Ал, Түркістан қаласында 836 бейнебақылау камералары бар. Оның 500-ден астамы «Сергек» камералары.
Атаулы бейнебақылау камералары жедел жағдайды жақсартып қана қоймай, ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртібін, заңдылығын және жұмыс сапасын нығайтты деп толықтай атап айта кеткен жөн. Бұл өз кезегінде полиция қызметкерлерінің тікелей қатысуынсыз да қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға өз септігін тигізуде.
