Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында аймақтарға қатысты саясатта бірқатар өзгерістерді атап өтті.
«Аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде әкімдерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкімшілік реформа қолға алынды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек. Корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті», — дейді Мемлекет басшысы.
Әкімдер жергілікті бюджетті жоспарлаған кезде мәслихаттармен ақылдаса отырып, аса қажетті тұрғындардың тұрмысын көтеретін, инфрақұрылымдық нысандардың үзілісіз әрі сапалы қызметін үйлестіре білгені жөн. Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. «Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру. Кезең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс (қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жуық)»,-дейді Президент.
Бұл қадам өңірлерді бірте-бірте орталыққа алақан жаюдан, әсіресе, масылдық пиғылдан құтқарып, орта және шағын бизнесті ынталандыра отырып, жергілікті түсімдердің артуына қызмет етеді. Бұған қазіргі күнде әкімдердің қызметі өңірге инвестиция тартуымен бағаланатындығы демеу болып отыр.
Мемлекет басшысы осы орайда әкімдерге жергілікті бюджетті басқару құқығын беруді ұсынды. «Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл — ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті, барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек», — деді Президент.
Бұл әкімдер үшін өзін-өзі басқару жүйесінде мүмкіндік беретін маңызды қадам. Әкімдерге аудан қаражатын жұмсағанда орталық органдардың сан келісімін күтуден арылтады. Оның үстіне, әкім жергілікті мәселелермен жақсы таныс. Мектеп салу керек пе, емхана салу керек пе?.. Ондай шешімдерді қабылдағанда ұзын-сонар келісім жасау тиімсіз. Қаржыны басқаруға келгенде орталықтандырылған жүйеге тәуелді болмайды.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ел тұрғындарының үлкенді кішілі қаржылық ұйымдардан несие алып, оны қайтаруға қауқарсыз болып қалуы жиі кездесуде. Соған орай, «Банкроттық туралы» заң да жарық көрді. Бұл мәселеге білек сыбана кіріскен «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» бастамасын Мемлекет басшысы қолдап отыр.
«Бұл ретте «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – он және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет»,-дейді Мемлекет басшысы.
Бұл орайда, қала әкімдігі мен мәслихат депутаттары «балық берме, қармақ бер» тәртібімен тұрғындарды жұмыспен қамтудың кешенді жобаларын жүзеге асырғанымыз жөн болады. Киелі шаһарымызда қала әкімі жергілікті тұрғындармен үш ай сайын кездесіп, халықтың арыз, шағымдарына сәйкес, инфрақұрылымдық нысандарды қайта жаңғыртудан өткізіп, елдің өскелең талабын қанағаттандыруда. Мәслихат депутаттары да өздері сайланған алты сектор тұрғындарымен кездесулер өткізіп, кезекті сессиялардың отырыстарына маңызды мәселелерді шығарып, шешу жолдарын қарастыруда.
Жолдаудың басты мақсаты – халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын барынша көтерудің тиімді жолдарын көрсету. Сондықтан да қазіргі таңда түркістандықтар Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тың тапсырмаларды жүзеге асыруға белсенді түрде кірісіп те кетті.
Ғаппар Сәрсенбаев,
Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы